«Мұнайшылар ұстаханасының» мерейлі  тойы

«Мұнайшылар ұстаханасының» мерейлі  тойы

«Мұнайшылар ұстаханасының» мерейлі  тойы
ашық дереккөзі
440
Ембілік мұнайшылар үшін биылғы жыл айтулы оқиғаларға толы болды. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның құрылғанына – 95 жыл!  Компания өзінің торқалы тойын үлкен жетістіктермен қарсы алып  отыр.  Биыл компания ірі жоба – Прорва кен алаңында жаңа зауыт – газды кешенді дайындау қондырғысын іске қосты. Қондырғының ерекшелігі сол, Қазақстанда алғаш рет күкірт алу үшін MERICHEM фирмасының LO-CAT патенттелген технологиясы қолданылды. Аталған технология экологиялық зиянсыз, улағыш химикаттары жоқ және зиянды әсері бар қалдықтарды шығармайды, күкіртсутегін жоюдың тиімділігі жоғарылығын қамтамасыз етеді. Газды дайындаудың барысы толық ароматталған  және өндіріс кезінде апатты жағдайларға қарсы бірнеше қорғаныс түрлерін қарастырады. Компания өндірісті жан-жақты дамыту және жаңа технологияларды енгізу жұмыстарын кешенді іске асыруда. Өндірісті өркендетіп, әлеуметтік саясатын  дәйекті жүргізіп, өңірдің дамуына септігін тигізіп отырған «Ембімұнайгаз» АҚ өзінің 95 жылдық  мерекесіне орай көптеген  игі шараларды өткізді. Ал мұнайшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында өткен  салтанатты жиында «қара алтын» өндірісінің кешегісі мен бүгіні сөз болып, осы салада үлес қосқан қызметкерлер марапатталды. Мерейтойға арналған салтанатты жиынға Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы С.Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ  бас директоры Қ.Есқазиев, «KAZENERGY» Қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұ.Қарабалин, сала ардагерлері  және  Компания қызметкерлері қатысты. Өз құттықтау сөздерінде Атырау облысының әкімі  Н.Ноғаев және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С.Мыңбаев мұнайшылардың ерен еңбегі мен еліміздің дамуына қосып отырған үлестерін айрықша атады. «Алғаш рет осы Ембіде ұлттық кадрлар, мұнайшы инженерлер қалыптасты. «Ембі – мұнайшылар ұстаханасы» деген сөз бекерге айтылған жоқ. Мыңдаған мұнайшы осы мектептен өсіп, қанат қақты. Қаншама даңқты мұнайшы әулеттері қалыптасты. Бүгінгі буын  ардагерлеріміз салып кеткен сара жолды лайықты жалғастырып, өндірісті жаңа технологиялармен дамытуға күш салуда», – деді өз құттықтау сөзінде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Қ.Есқазиев. 1922 жылы «Ембімұнай» тресті болып құрылған уақыттан бері кәсіп­орын талай қиын-қыстау кезеңдерден өтіп, бүгінде ғасырға жуық ғұмыр кешкен алып компанияға айналды. Бүгінгі таңда мекеме өркендеу жолын жалғастырып, білікті, кәсіби, тәжірибелі мамандармен толығып отыр. Саланың майын ішкен бесаспап мұнайшылар кейінгі толқын жас кадрларға білгенін үйретуден жалыққан емес. Ел қазынасына құйылып жатқан қаражаттан бөлек компания әлеуметтік салаға үлесін қосып, мәдениет пен өнердің дамуын да назардан тыс қалдырмай келеді. Республика, қала берді облыс экономикасының қарқын алуына, тұрақтануына қол ұшын берген отандық кәсіпорын осылайша ғасырға жуық уақыт бойы тарих парақтарынан ерекше орын алып келеді. Мерейлі салтанатты жиында құттықтау лебізін білдірген «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков  компанияның даму жолы еліміздің өркендеуімен тығыз байланысты екенін атап айтты. Ә.Жақсыбеков Ұлы Отан соғысы жылдарында  «Ембімұнайгаз» қызметін бір минутқа да тоқтатпағанын, бұл кезеңде мұнай 39 пайызға артық өндірілгенін баяндады. Отты жылдардағы қиыншылықтарға төтеп бере отырып, Комсомол-Мақат, Қошқар-Сағыз мұнайқұбырлары салынғанын, Қамыскөлде бутурбиналы электростанция және Гурьев мұнай өңдеу зауыты бой көтергенін атап өткен ол соғыс аяқталғаннан кейін де кәсіпорын қызметінде кідіріс болмағанын алға тартты. – Ембілік геологтар Батыс Қазақстан аумағынан Теңіз, Өзен, Маңғышлақ, Прорва, Кенбай және тағы да басқа көмірсутек шикізаты табылған ірі кен орындарын ашты. Қазақ ССР-ның Ғылым академиясының 1946 жылы құрылған Жайық-Ембі ғылыми-зерттеу базасы кешенді дамуға тың серпін берді. Күні бүгінге дейін мұнай-газ саласы ел экономикасының локомотиві саналады. Компания мұндай жетістіктерге қандай жағдайға да қарамастан мақсаткерлігі мен маңдай тер еңбегінің арқасында кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған бірінші басшылармен қатар қарапайым  мұнайшылардың көмегімен жетіп отыр, – деді ол. Сондай-ақ, ЕМГ басшысы компания тұрақтылығы  – мұнайшылар династиясында екеніне тоқталды. Қазірде «Ембімұнайгазда» жиырмадан астам мұнайшы-еңбекшілер әулеті табысты еңбек етуде. Олардың үш және одан да көп буыны –  саналы ғұмырын мұнайшы мамандығымен байланыстырған жандар. Олардың кейбірінің жалпы еңбек өтілі 20 жылдан асады. Одан әрі баяндамашы компания дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған жандарды атап өтіп, кәсіпорынның болашақ жоспарларымен де бөлісті. – Компанияда тұз үсті және терең тұз асты қабаттарына барлау жүргізу бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынып келеді. Ұңғыманы тереңдетіп бұрғылау 2018 жылға жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қосымша кен орындарын алмақ ойымыз бар, – дейді Ә.Жақсыбеков. Айта кетелік, компания былтыр 2 млн  832 мың тонна мұнай өндірген. Бұл межеленген көрсеткіштен 10 мың тоннаға артық. Кәсіпорын өндіріс шығындарын оңтайландыру және еңбек тиімділігін арттыру мақсатында бірнеше пилоттық жобаларды іске қосқан. Ал мұнай қондырғыларын жаңарту арқылы өндіріс көрсеткішін тұрақтандырып, еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтауға қол жеткізіп отыр. Соңғы төрт жылда кәсіпорын республикалық және жергілікті бюджетке салық түрінде 625 млрд теңгеден астам қаражат, Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға 1,7 млрд  теңге қаржы және осындай соманы демеушілік және қайырымдылық шараларына аударған. «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Серік Әбдиев Уаз кен алаңында интеллектуалды кен алаңы концепциясы іске қосылғанын атап айтты. Ондағы өнім өндіру мен дайындау жұмыстары (ұңғымадан мұнай тапсырғанға дейін) онлайн ережесі бойынша бақылау мен технологиялық басқару кешенді құрылғылармен жабдықталған. Құттықтаулар арасында еліміздің мұнай-газ саласын дамытуға үлесін қосқан компанияның ардагерлері мен бұрынғы басшылары ҚР Энергетика министрлігінің мерекелік медалімен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның және «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ның төсбелгісімен марапатталды. Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты.  ЕМГ мерейтойына орай «Махамбет-Исатай» орталық алаңында атыраулықтар алдында қазақ эстрадасының жұлдыздары өз өнерлерін көрсетті.   Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары