Табысты іс бастағаннан білінер

Табысты іс бастағаннан білінер

Табысты іс бастағаннан білінер
ашық дереккөзі
«Ерінбеген етікші болады» дейді қазақ. Еңбек етемін, өз кәсібімді бастаймын деген адамның жолында кедергі жоқ. Керісінше жеке шаруасын дөңгелетуге талпынғандарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Солардың бірі – «Бастау бизнес» жобасы. «Бастау бизнес» – бұл мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ҚР «Атамекен» ҰКП-ның əлеуметтік жобасы. Қазіргі таңда жоба еліміздің 14 облысының 80 ауданында жүзеге асырылып жатқан жобаның басты мақсаты – шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықпен күресу. Аталмыш жоба бойынша кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренгісі келетіндер үшін оқу тегін, 16700 теңге көлемінде шәкіртақы да төленеді. Бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысында 626 адам оқып шықты.  Оның 55-і қаржыландырылып, әрқайсысы 2-6 миллион теңге көлемінде несие алып, жұмыстарын жандандыруда. Жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығы бағытында. Ал несиені кәсіпкер тек 1 жылдан соң 6 пайызбен қайтаруға міндетті. 6 аудандағы 6 оқытушы кәсібін ашқысы немесе жандандырғысы келген жандарға бизнес-жоспар жасап, несие алғанға дейін сүйемелдеп, жыл соңына дейін үйретеді. Соның бірі – Жуалы ауданындағы бизнес-тренер Жазира Тоқабаева. – Жыл басынан бері, жоба басталғалы Жуалыда 100-ден астам тыңдаушы білім алды. Нәтижесінде 1-топтан – 26, 2-топтан – 20, 3-топтан – 14 тыңдаушы өз бизнес-жобаларын қорғап, несие алуға жолдама алды. Оның дені мүйізді ірі қара малын сүт бағытында өсіруге, бордақылауға арналған жобалар. Көкөніс өсірумен, қолөнермен, жылыжаймен айналысқысы келген кәсіпкерлер де бар. Бағдарламаның бір ерекшелігі, біз тыңдаушыларға бизнестік ойлау психологиясынан бастап, бизнестік идеяларды қалыптастыру, маркетинг, нарықты зерттеу, салық, құқықтық сауаттылық жөнінде жан-жақты оқытып, үйретеміз. Мұнымен қоса, ауданға, облысқа белгілі кәсіпкерлердің шеберлік сабақтарын да ұйымдастырамыз. Сонда болашақ кәсіпкердің қызығушылығы одан әрмен артып, кәсібін жандандыру жолындағы кез келген қиындықты жеңуге де ерік-жігері мықты болады, – дейді Жазира. «Бастау бизнес» аясында білім алып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған жуалылық кәсіпкер Саят Батырбаев сауын сиыр алып, сатумен айналысып жүрген екен. Несие алуға бірнеше рет талпынады. Алайда бірде кепілге қоятын жылжымайтын мүлікті қабылдамай, енді бірде өзге құжаттар дұрыс болмай, несиеге қол жеткізе алмайды. Газет бетінен «Бастау бизнес» жайлы оқыған Саят жоба аясында оқып көруге бел буады. Нәтижесінде 6 миллион теңге алып қана қоймай, кәсібін нәтижелі жүргізудің  қыр-сырын меңгереді. Тіпті, шәкіртақы алып тұрды. Оның пікірінше, мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қамқорлықты тиімді пайдаланбаудың өзі ақымақтық. ОҚО кәсіпкерлер палатасы да жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсібін дөңгелетуге жәрдемдесу бағытында түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Жуырда Шымкенттегi өңiрлiк коммуникациялар қызметiнде «Бизнестiң барлық шығынын жаппай азайту» тақырыбында өткен жиында ОҚО кәсiпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкiров кәсiпкерлерге көрсетiлiп жатқан жеңiлдiктер мен көмектер туралы баяндады. – Облысымызда 175 мыңдай кәсiпкер бар. Бiздiң мақсатымыз – кәсiпкерлерге қолайлы жағдай жасап, Оңтүстiк Қазақстан облысын елiмiздегi кәсiпкерлер ордасына айналдыру. Сол үшiн кәсiпкерлер палатасы тарапынан тиiстi жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, кәсiпкерлерге арналған «шпаргалка» әзiрледiк. Мұнда мемлекеттiк бағдарламалар, жеке кәсiптi ашу әрi дамыту үшiн қажеттi мағлұматтар берiлген. Сонымен қатар, барлық аудан, қалалардағы филиалдарымыз тұрғындарға қолдан келген көмектерiн ұсынуда. Егер олар кәсiпкердiң сұранысын қанағаттандыра алмаса, Шымкенттегi орталық кеңсемiзге хабарласып, скайп арқылы мағлұмат ала алады. Кәсiпкерлер бiр мәлiмет алу үшiн түрлi ғимараттарды шарлап әуре болмайды. Қалаға сабылудың да керегi жоқ. Қажеттi кеңес пен көмек аудандарда берiлiп жатыр, – дедi ол. Кәсiпкерлер палатасының директоры 2015 жылдан берi 13086 кәсiпкерге тегiн қызмет көрсетiлгенiн, бухгалтерлiк және салық есептерiн жүргiзу бойынша 744 көмек берiлгенiн мәлiмдедi. Биыл 1032 адам кәсiпкерлiк мектепте бiлiм алып, оқу бiтiргендердiң 152 жобасына 178 млн. теңге көлемiнде қаржы берiлген. 547 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бiлiм алған. – Бiзден кеңес алған кәсiпкерлердiң 90 пайызы мал шаруашылығымен айналысады. Кiшкене iзденсе, кәсiптiң сан түрi бар. Олар туралы да айтып бере аламыз. Өкiнiшке қарай, көпшiлiк мемлекет тарапынан ұсынылған жеңiлдiктер мен бағдарламаларды толық бiле бермейдi. Кейбiр азаматтар құжаттармен жұмыс iстеуге қиналады. Осы тұрғындарға көмектесу де негiзгi мақсаттарымыздың бiрi. Кәсiпкер боламын дейтiн тұрғындар кәсiпкерлер палатасына келiп, кеңес сұрасын. Көмектесуге әрқашан дайынбыз. Ең бастысы, бизнес бастауға деген ниет болсын, – дейдi Асқар Әбубәкiров. Сыр өңірінің кәсіпкерлері де мемлекеттік қолдаудан қағылған емес. Қызылордада «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқып, біліктілігін көтерген азаматтардың жобасы қаржыландырылып, жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – Арал ауданының тұрғыны Аманкүл Қожабергенова. Аманкүлдің мамандығы мұғалім болғанымен қазір кәсіппен айналысқысы келетін азаматтар үшін жасалып жатқан мемлекеттің қолдауын көріп, жеке ісімен айналысуға бел буады. Аманкүлдің қуанышына орай, биыл елімізде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы қабылданып, азаматтарды «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту қолға алынды. «Бастау Бизнес» бойынша Арал ауданында да оқуға болатындығы жөнінде естіген Аманкүл курсқа жазылып, бір ай білімін  жетілдіреді. «Оқу барысында Аманкүлмен бірге болашақ кәсібінің моделін әзірледік. Ол үшін Аманкүлдің өзіне жақын, бұрын айналысып көрген істі таңдаған жөн деп шештік. Мал шаруашылығы олардың отбасы үшін таңсық нәрсе емес. Қолдарында жылқы, сиыр, қойлары бар. Аманкүл ойлана келе жылқы басын көбейтіп, сатуды кәсіпке айналдыруға бел буды. Ол үшін Аманкүлді жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, бизнес-жоспарын әзірледік», –  дейді Кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша Арал ауданы бойынша бизнес-тренері Нариман Абдрахманов. 3 бала өсіріп отырған Аманкүлдің мал шаруашылығының ішінде жылқыны таңдауы да тегін емес, себебі оның етіне бүгінде нарықта сұраныс жоғары. Бұл туралы өзі: «Бізде немесе көршілес аудандарда арнайы малды етке даярлаумен ешкім айналысып отырған жоқ. Кім болса да малының ішіндегі жарарын ғана сатуда. Ал малмен айналысып жүргендер өте аз, нарықтың 0,1 пайызын да құрамайды. Соған қарамастан соңғы 5 жылда еттің бағасы 900 теңгеден 1200-1700 теңгеге дейін көтерілген. Етке сойылып жатқан малдың 20-30 % ғана семіз, қалған 70-80 % орташа немесе нашар. Орташа немесе арық малдардың сойылу себебі басқа мал жоқ, ал етке деген сұраныс күннен-күнге артуда», – дейді. Аралдық келіншектің өнімдерін сату жоспары да бар: «Малды өрісте жайып семірткендіктен еті өте дәмді болады. Сондықтан да сату қиынға соқпайды, біз жылқы етін нарық бағасынан әлдеқайда төмен де сата аламыз. Мал даяр болуына қарай жыл он екі ай сатылады. Себебі семіріп, жетілген малды артық ұстаудың қажеті жоқ. Қыс айларында сату жұмыстарын тоқтатпау үшін, қажетті арнайы жем берілуі керек, бұл жылқыны семірту үшін және өзі де семіріп келген малды аздырып алмау үшін қажет. Біз ол жағына да дайынбыз», –  дейді. Бір айлық курста алған біліктілігін бизнес-жоспарға енгізіп, облыстық комиссия алдында жобасын сәтті қорғаған Аманкүлдің бастамасы комиссия мүшелерінің де көңілінен шықты. Нәтижесінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы аралдық келіншектің жобасын өміршең деп тауып, жобасын жүзеге асыруға 6 млн теңге несие берді. Аманкүл – жобасы қаржылық қолдауға ие болған жалғыз аралдық кәсіпкер емес. Арал ауданы бойынша бүгінгі күнге дейін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 92 адам оқытылып, олардың ішінде жалпы құны 75 400 000 теңгені құрайтын 17 азаматтың жобасы қаржыландырылды.