Алаш туы астында

Алаш туы астында

Алаш туы астында
ашық дереккөзі
«Алаш» партиясы және Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай Алматы қаласында өткізіліп жатқан мәдени-ғылыми шаралардың ауқымы өте кең. Осындай шаралардың бірі – Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында өткен ән кеші. Аталмыш кеш Алматы қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Өмірден «қазақ» деп өткен арыстар қалдырған ән-мұра Алматының көгілдір кешін тербеді. Бұл ән кеші бұрынғылардан өзгерек. Концертте ұлт үшін жанын пида еткен Алаш арыстарының әндері шырқалып, қазақтың маңдайына біткен талантты күйшілердің туындылары орындалды.   Ән-кешін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек арнайы баяндама жасап, ықыласпен ашты. Онда былай делінген:  «Біз бүгін қилы заманда туып, қиямет кешкен, азаттық үшін күрес жолында мерт болған ғазиз жандардың аттарын ардақтап, әруақтарын ұлықтауға жиналып отырмыз. Дүбірге толы XX ғасырдың басында өз өмірлерін Ұлт бостандығы жолына сарп етіп, бар саналы ғұмырын ел мүддесіне арнаған қазақ зиялыларының аса құдіретті жұлдызды шоғыры пайда болды. «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп мәлімдеген осынау саяси күштің басында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды Ұлт қайраткерлері тұрған еді. Бүгін осы ұлы тұлғалар құрған «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығына арналған салтанатты кешке жиналып отырмыз. Биылғы жыл қазақ елі үшін есте қаларлықтай тарихи даталарға толы мерейлі жыл болып отыр. Осыдан тура 100 жыл бұрын, яғни 1917 жылдың 21-26 шілдесі аралығында Орынбор қаласында Жалпықазақ съезі шақырылып, сол кезең үшін ең өзекті деген мәселелер съезд делегаттарының талқысына ұсынылды. Төрағасы – Халел Досмұхамедов, төраға серіктері – Ахмет Байтұрсынұлы, Әлмұхамед Көтібаров, хатшылары – Міржақып Дулатов, Ақылбек Сейітов болған бұл съезде «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының іргесі қаланып, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындайтын ең өзекті мәселелер сөз болды. Артынша «Алаш» партиясының бағдарламасы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланды. Онда Ресей құрамындағы Қазақ автономиясын құру жайлы айтылған еді. Өкінішке қарай, Алаш арыстарының арман-мұраттары сол кезеңдегі тарихи жағдайларға байланысты жүзеге аспай қалды. Дегенмен сол уақытта көтерілген ұлт-азаттық қозғалысы туралы идеялар қазақ халқының жүрегінде маздап, тек ХХ ғасырдың соңында, яғни 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылды. Біз «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі», «Төрткүл дүниемен тереземіз тең» десек, осы қастерлі ұғымдар Алаш идеяларынан нәр алған сол боздақтардың арманының орындалуы іспетті. Алаш зиялылары халықтың көкірегіне ғасырлар бойы шер болып қатқан азаттық туралы аңсарды, ел болу жайлы ұлы мәселені күн тәртібіне қойды. Сұлтанмахмұтша айтсақ, олар «Қазақ үшін жүрек майын шам қылған» көзсіз батырлар, заманынан озып туған биік өре иелері еді. «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деген қазақ ұлтшылдығының рухани көсемі Әлихан Бөкейханов және замандастары бөлінуге, жікшілдікке барынша қарсы болып, бәрін де ұлттық жаңару жолына үгіттеумен болды. Олар өтпелі кезең жағдайында болатын дәстүршілдік пен жаңашылдық таласында жаңаруды жақтады. Тірліктің өз билігіңді өз қолыңда бекем ұстай алғанда ғана өнетінін терең сезінген олар: «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек» деп мәлімдеді. «Алаш» партиясын құрған бабаларымыз Тәуелсіздікке жетудің стратегиясы мен тактикасын жасауға ұйытқы болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «XVІІІ-XІX ғасырларда Қазақ хандығы құлағаннан кейін қазақтардың арынды рухы бұрқ етіп сыртқа шығудың әр түрлі жолдарын қарастырды. Сол кезде қазақтарда өз мемлекетін құру үміті тағы да ояна бастады. Алашорданың көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқалар болды. Қазақтың оқыған жас өкілдерінің осынау ыстық жігері, ұлттық рухы сол кезде қалыптасқан жағдайлардың себебінен өмірде іс жүзіне аса алмады», – деп өзінің тарихи бағасын берген еді. Халықты өз ұлтын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-баба жерін қастерлеуге, Отанды сүюге, қорғауға және қамқор болуға насихаттаған ата-бабаларымыздың арман-мұраты бүгінгі «Мәңгілік Ел» идеясымен үндесіп жатса, олардың есімдерін ұлықтау – «Рухани жаңғырудың» жарқын көрінісі. Халқымыздың аса көрнекті тұлғаларын, ерен еңбектерін жан-жақты терең зерттеп, жас ұрпақтың рухани қазынасына айналдыру – баршамыздың азаматтық парызымыз. Биылғы жылы еліміздің барлық өңірлерінде Алаш зиялыларының есімдерін ұлықтауға, еңбектерін ел жадында жаңғыртуға байланысты көптеген іс-шаралар атқарылып келеді. Бүгін осы игі дәстүр Алматыда жалғасын тауып отыр. Қазан айында «Алаш Орда» үкіметінің 100 жылдығына орай Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Ел-шежіре» қоғамдық қоры «Айбыным – Алаш!» атты шығармашылық кеш ұйымдастырса, Ғылым Ордасында «Алаш Орда және ұлт-азаттық идеясы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алматы қаласының ең негізгі көшелері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов сынды Алаш арыстарының есімдерімен аталады. «Алаштың» көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың қазақ халқының келешегі турасында: «Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр: есікте қалмай, төрге тырмысалық. Басқалар төрге қалай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік», – депті ұлы бабамыз осыдан бір ғасыр бұрын. Қорыта айтқанда, Алаш қайраткерлерінің кейінгіге, бүгінгі бізге қалдырған тарихи сабақтарын былайша жүйелеуге болар еді. Біріншіден, сол кезеңде екі ғасырдан аса уақыт бұратана халық саналып, бөгде елдің боданы болып келген Қазақ даласында тұңғыш рет зайырлы түрде саяси теңдік жайлы айтылып, ел азаттығы туралы мәселе күн тәртібіне қойылды. Ұлттық мемлекет құрудың сол кезеңге лайықталған концепциясы жасалды. Әлемнің озық елдерінен үлгі алып, сол жетістіктерді ұлт мұратына жұмсаудың тиімді жолдары зерделенді. Екіншіден, Алаш көсемдері дамудың бірден-бір кепілі – оқу-білімде екенін айқын сезініп, сол бағытта талмай еңбектенді. Әрқайсысы түрлі салалар бойынша қазақша оқулықтар жазып, сол кітаптар күні бүгінге дейін ұлтқа қызмет етіп келеді. Осылайша олар оқу-ағарту мәселесін ұлттық ерекшеліктермен ұштастыра отырып, уақыт үдесінен шығуға үндеді. Үшіншіден, ең бастысы, Алаш қайраткерлері келешек ұрпаққа ел үшін жан алысып, жан берісер жанкешті күрескерліктің үлгісін көрсетті, осы жолдан таймай ұлт үшін мерт болды. «Мен сенемін жастарға, Алаш атын аспанға, Шығарар олар бір таңда. Мен жастарға сенемін!», – дейтін ұранға бергісіз сөздерді айтып қана қоймай, сондай көзсіз батырлықты өздерінің істерімен де дәлелдеді. Ардақты ағайын! Ұлттың тағдырына, оның көшбасшылары мен жалпы халыққа әр дәуірдің жүктер міндеті мен талабы әрқилы болып келетінін біз бүгін айқын сезініп жүрміз. Алаш арыстарының асқақ армандарының жүзеге асқанын, Қазақстанның тәуелсіз ел болғанын көру бақыты мына отырған Сіздер мен біздің маңдайымызға жазылыпты. Замана көшін айқын сезініп, тарихи мүмкіндікті мейлінше тиімді пайдалануға бағытталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сол Алаш қайраткерлерінің көксеген армандарының іске асуының көрінісі, олардың өшкенінің жанғаны. Ендеше, қадірлі қауым, Алаш рухы, Алаш идеясы ешқашан да өлмейді, «Мәңгілік Ел» болуға бет алған Қазақстан халқымен бірге Алаш қайраткерлерінің есімдері де мәңгі жасай береді». Алаш қайраткерлерін ардақтауға арналған кешке елімізге белгілі Нұржамал Үсенбаева, Рамазан Стамғазиев, Ерлан Рысқали, Айгүл Үлкенбаева сынды өнер шеберлері қатысты. Әртістерді Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрі сүйемелдеді. Оркестрдің дирижері – Қазақстанның Мәдениет қайраткері Мүсілім Әмзе. Алаш зиялыларының артында үлкен ән мұрасы қалғаны көзіқарақты оқырманға белгілі болар. Қазақтың ән өнерінде Алаш арыстары жазған әндердің шоқтығы биік. Алаш ардагері Ахаң – Ахмет Байтұрсынов қиын-қыстау шақта белгілі өнер зерттеушісі Александр Затаевичті арнайы Мәскеуден алдырып, қазақ арасында кең таралған халық әндерін жинатқан бірден бір азамат екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ахмет Байтұрсынов ел ішіндегі музыкалық мұраларды жинақтау ісін қолға алып, оны Александр Затаевичке тапсырғанын Әлихан Бөкейхановқа жазған хатында айтып өткен. Осылайша Алаш ардагерінің арқасында бізге халықтық музыкалық мұрамыз толығып жетті. Александр Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» кітабының бірінші басылымының алғысөзінде бұл еңбектің жарық көруіне ықпал еткен бірнеше адамның есімін ерекше атаған. Олардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан бар. Александр Затаевич олардың жоғары біліктілікпен берген түсініктеме, нұсқауларын өзінің көп пайдаланғанын жазады. Александр Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағына енген сырлы, сұлу әндерінің бірі – «Алқоңыр». Бұл әнді Алаш арыстары ардақталған кеште Нұржамал Үсенбаева тамылжыта шырқады. Алмағайып күндері дүниеге келіп, халық арасына кең тараған әндердің бірі – «Самалтау». Аталған туындыны күміс көмей әнші, Мәдениет ісінің үздігі Талғат Әбуғазы нақышына келтіріп орындады. Халық әні ретінде танылған «Самалтау» туындысы 100 жыл бұрынғы халық наразылығының куәсі десек, артық айтпаспыз. «Самалтау, өскен елім, шалқар көлім, Не болар солдат болып көрген күнім. Есіме қайта-қайта түсе бердің, Кір-жуып, кіндік кескен туған жерім» деп басталатын ән мылтықтың дүмімен, зорлықтың күшімен кетіп бара жатқан бозбаланың сол сәттегі күйін бейнелейді. Мұны әнді тыңдап отырып-ақ көз алдыңа елестететінің хақ. Ал Жаһанша, Халел Досмұхамедов, Бақытжан Қаратаев бастаған Алашорданың батыс аймағының қолдаушысы болған, сол уақыттағы дүрбелеңдерді күймен бейнелеген дәулескер күйші Мәмен Ерғалиұлының «1917 жыл» атты күйін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Айгүл Үлкенбаева орындады. Бұл күй ХХ ғасырдың басында қазақ даласында орын алған аласапыран кезеңді бейнелейді. Жалпы, Мәмен күйлері терең толғаныспен, серпінді де ойнақы әуен ырғағымен жігерлендіретін оралымдарға бай шығармалар. Қазақтың арқалы әнші-композиторы Иманжүсіптің әні «Иманжүсіпті» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали орындады. Иманжүсіп – Жаяу Мұса, Мәди сияқты әділет, теңдікті жырлаған күрескер әнші. Атамекенін арымен қорғаған, тәуелсіздіктің арайлы таңын аңсап өткен, елінің ер тұлғасы, батыр перзенті, өнерпаз ұлы Иманжүсіп Құтпанұлы өз әндерінде ұлтжандылығын, отансүйгіштігін танытты. Оның кең ауқымды әндері Арқада, Жетісуда кең таралған. «Сарымойын», «Бұғалы мен Тағалы», «Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау», «Әкем Құтпан болғанда, ағам Шонай», «Қысырақтың үйірі жирен ала», «Мен қалайша жалғанда тұрақтайын» сынды әндері өр үнді әншінің азаматтығын танытады. Оның әндерін Александр Затаевичке Қ.Байжанов, Қ.Байсейітов, И.Байзақовтар нотаға түсірткен. А.Затаевич Иманжүсіптің бірнеше әндерін жазып алып, «Қазақ халқының 1000 әні» атты жинағына енгізген. Алаш арыстарына арналған ән кешінде ақын, композитор Қапез Байғабылұлының «Қапездің қоштасуы» әнін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев орындады.  Айта кетейік, Қапез Байғабылұлының әзірге тек төрт әні ғана белгілі. Ән кешінде өнер көрсеткен қай өнерпаз болмасын Алаш арыстарының ғұмырымен, тарихымен, музыкалық мұрасымен жақсы таныс екендігі сөзсіз. Аталмыш шара аясында концертті тамашалауға жиналған көрермендер де ерекше әсерге бөленгенін олардың әрбір әнді ерекше ден қойып тыңдағанынан, өнер иелеріне көрсетілген ыстық ілтипаттан байқауға болады. Әсіресе, Алаш қайраткерлерінен қалған музыкалық мұрамен танысуға келген жастардың көптігі көңіл қуантады. Кештің басынан соңына дейін тапжылмай отырып ән тыңдап, құлақ құрышын қандырған көрермендердің әсері айрықша. «Бүгінгі кешке анаммен бірге келген едім. Қазақтың маңдайына біткен күміс көмей әншілердің орындауындағы әсем әндерді тыңдап, бір жасап қалғандай болдық. Қазақ халқының болашағы үшін, ұлт азаттығы үшін жанын қиған Алаш азаматтарының әндерін таныдым. Жасыратыны жоқ, сол әндердің біразын естігенімізбен, авторларын білмейміз. Бүгінгі кеш білімімді толықтыруға да сеп болды десем, артық айтқаным емес. Осындай әсерлі кеш сыйлаған өнерпаздарға, ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін»,  – дейді концертті тамашалауға келген көрермендердің бірі Дария Оразханқызы. Жастар концерттен Алаш зиялыларының музыкалық мұрасымен жақын таныстық десе, егде жастағы қариялар көздеріне жас алып, өткен күндердің қиындығын қайта бастан кешкендей күйге түскендігін айтты. «Телеарналардан осы кештің жарнамасын естіген соң, бар жұмысымды жинап қойып, келдім. Өте әсерлі кеш болды. Біз соғыстан кейін дүниеге келген жандармыз. Бірақ әке-шешелерімізден сол нәубет жылдардың қиындығын талай естігенбіз. Бала күнімізден сол күндердің ауырлығын естіп өскеннен бе, бәрінен хабардармыз. Сондықтан Алаш қайраткерлерінің әндері көңілімді босатқанын жасырмаймын. Оның үстіне, құлақ құрышын қандыратын нағыз әндер осылар емес пе?!», – деп әсерімен бөлісті жетпісті алқымдаған көрермендердің бірі Едіге Қалдарбеков. Расымен де, бұл кешке жиналғандар ән тыңдап қана қоймай, Алаш қайраткерлерінің өміріне қанығып, олардың бүгінгі ұрпаққа мұра ретінде қалдырған ән-күйлерімен танысты. Сахнада орындалған музыкалық туындылар арқылы сол қиын-қыстау кезеңдегі жағдайды көз алдарынан өткізді. Бұл кеш өмірден «қазақ» деп өткен арыстарды бүгінгі қазақ ұрпағына жақындата түскендей болды. Әрине, еліміз егемендікке қол жеткізіп,  азат  мемлекет құрғанымызда ел қамын ойлап, қазақ халқының бақыты үшін  саналы ғұмырын сарп  еткен асыл азаматтардың тарихын қайта парақтап, ақтаңдақтардың шынайы бетін ашып, заман талабына сай зерделеудің маңызы зор. Биылғы жылы «Алаш» партиясының және Алашорда үкіметінің 100 жылдығы аясында Алаш мәселесін, Алаш қайраткерлерінің тұлғасын, Алаш қозғалысының тәуелсіздік мұраттары үшін күрестегі рөлі мен маңызын терең зерттеуге баса назар аударылып отыр. Азаттықты аңсаған Алаш зиялылары қазақ халқының тәуелсіздігіне қол жеткізуді армандап өтті. Бүгінде Қазақстан егемендікке қол жеткізген, тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге танылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты мемлекет – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біз осы мемлекетті көздің қарашығындай сақтауымыз керек!», – деген болатын. Сондықтан Алаш арыстары аманаттаған азаттығымызды сақтау – барша қазақтың парызы.