Мемлекет басшысы Ақтөбедегі өндіріс орындарын аралады

Мемлекет басшысы Ақтөбедегі өндіріс орындарын аралады

Мемлекет басшысы Ақтөбедегі өндіріс орындарын аралады
ашық дереккөзі
Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе ферроқорытпа зауытында, рельс-арқалық зауыты мен жылыжайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.   Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болды. Зауыттың №4 цехы 2014 жылы іске қосылған еді.  Ақтөбе ақпарат орталығының хабарлауынша, құны 126,4 млрд. теңге болатын жоба жоғары көміртекті феррохром өндіруді арттыру мүмкіндік берді. №4 балқыту цехы жылына 440 мың тонна өнім шығара алады.  Өнімнің негізгі тұтынушылары - ҚХР, Еуропа, АҚШ. Кейін Елбасы рельс-арқалық зауытында болды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Елбасы жұмысшылармен тілдесіп, Ақтөбенің мүмкіндігі зор екенін жеткізді. Кәсіпорын ЕЭК аумағындағы ұзындығы 120 метр болатын рельс шығарады. Жоспар бойынша зауыт келер жылы толық қуаттылығына көшіп, жылына 430 мың тонна прокат, соның ішінде жоғары жылдамдықтағы магистральдар үшін 200 мың тонна рельс, құрылыс секторы үшін 230 мың тонна өнім шығарады. Кәсіпорын осы жылдың тоғыз айы ішінде құны 31,2 млрд. теңге болатын  116,4 мың тонна рельс өнімін өндірген. Өнімнің негізгі тұтынушылары - «Қазақстан темір жолы» АҚ, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан. Елбасы Н.Назарбаевқа шығарылатын өнімнің үлгілері көрсетіліп, өндірістің технологиялық үдерісі таныстырылды. Айта кетейік, Ақтөбе облысында индустрияландыру картасының екінші бес жылдығының аясында 6 500 жұмыс орнын қамтамасыз ететін құны 258 млрд теңге болатын 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бүгінде жалпы құны 13 млрд теңге болатын 11 жоба пайдалануға берілген. Ақтөбе  облысының 30 ірі компаниясымен жаңғырту және мамандарды қайта оқыту іс-шараларының жоспарына қол қойылды. Қазіргі таңда он кәсіпорын жаңғыртылған. Елбасы кейін «Greenhouse Kazakhstan» жылыжай кешені қарап шықты. «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауымен пайдалануға берілген жылыжайдың құны 5,7 млрд теңгені құрайды. Кешеннің аумағы - 9,5 гектар.