"Серпіннің" серпіні

"Серпіннің" серпіні

"Серпіннің" серпіні
ашық дереккөзі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жақсы жобалар көп. Соның бірі - «Серпін-2050». Бұл кең ауқымды әлеуметтік жоба. Оның жүзеге аса бастағанына биыл үшінші жыл. Осы аз ғана уақыт ішінде 12 мыңнан астам қыз-жігіт жастар үшін өте маңызды саналатын әлеуметтік бастаманың игілігін көрді. Халықтың жоба туралы ой-пікірі де жақсы. Алғашында сенімсіздікпен әрі күдікпен қарағандар аз болған жоқ. Оның үстіне «Тұрмыс-тіршілікке қолайлы, ата-анасы мен туған-туыс, жора-жолдастарының жанындағы жылы-жұмсақ орынды тастап оңтүстіктің жастары қысы қытымыр солтүстік өңірлерге оқу-білім іздеп бара қоюы екіталай» деп болжам жасағандардың да болғаны рас. Бірақ осындай күдік-күмәндердің барлығы уақыт өте келе сейілді. Қазір жұрт «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы туралы жан-жақты хабардар. Осы бағдарлама арқылы балаларының білім алып, жұмысқа орналасуын қалайтын ата-аналар көп. Оған дәлел – алғашқы жылы мемлекеттік грант үшін бір орынға бес талапкер бақ сынаса, кейінгі жылы 7-ге жетті. Биыл да конкурсқа қатысушылардың қарасы қалың. Жүзден жүйрік шыққандар ғана «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша республиканың солтүстік, шығыс өңірлеріндегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алатын болады. Негізгі «Серпін» жобасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасынан кейін бастау алған еді. Мемлекет басшысы осы мақаласында елімізді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың маңызды жолдары мен міндеттерін көрсетіп берген болатын. Елбасы тұтынушылық қоғам түсінік-тұжырымдамасының орнына балама ретінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынды. «Елімізде жұмыс орындарын құрудамыз, жаңа өндірістер салудамыз. Сондықтан жұмыс бар жерге бару керек» деп жол сілтеді. Мемлекет басшысының осындай келешектің қам-қарекетін ойлаған маңызды идеялары мен бастамасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі жастар мәселесіне орай арнайы бағдарлама қабылдаған болатын. Бұл бағдарлама «Мәңгілік Ел Жастары − индустрияға» деп аталады. Ал осының алдында Елбасы Н.Ә.Назарбаев үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына дәнекер болып, бұл бағытта республика көлемінде ауқымды жұмыстар қолға алынып, нарықтық экономканың талап-міндеттеріне толық жауап беретін заманауи өндіріс орындары ашыла бастаған еді. Қазақстанда шикізаттық өндірістің орнын отандық өнімдер өндіретін кәсіпорындар алмастыра бастады. Сол өндіріс орындарында қазақстандық жастардың жұмыс істеуі қажет болды. Ол үшін олардың лайықты білім алуы тиіс екендігі айдан анық. Мемлекет басшысының «Жұмыс бар жерге бару керек» деп меңзегенінің түп-төркіні осында. Тағы бір баса айтатын мәселе – «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарының таңдап алынуы жайдан-жай емес. Бұл облыстарда бала туу көрсеткіші өте жоғары. Халық тығыз. Тұрғындар саны жылдан-жылға қарқынды өсіп келеді. Оның үстіне сырт жақтан көшіп келушілер осы облыстарға қоныстанғанды қош көреді. Міне, осындай себеп-салдарларға байланысты тұрғын үй, мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік нысандардың жеткіліксіздігі анық байқала бастады. Оның үстіне аталған облыстардағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына мемлекеттік грант бойынша оқуға түсу қиынның қиыны. Өйткені, талапкерлер көп, конкурс күшті. Тіпті білім ордаларын бітірген күннің өзінде жастардың көбі мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, сенделіп бос жүреді. Ал Қазақстанның солтүстік пен шығыс өңірлерінде жағдай бұған керісінде. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және басқа да аймақтарында бала туу деңгейі төмендей бастады. Сонымен бірге бұл өңірлерден сыртқа көшу көбейді. Өндіріс орындарында мамандар тапшы болып, еңбек күші қажет екендігі айқын байқалды. Халық тығыз орналасқан оңтүстік облыстардың тұрғындарын, әсіресе, жастарды солтүстік пен шығыс өңірлерге тарту, оларға мемлекеттік грант бойынша білім беріп, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін түбегейлі шешу – «Серпін-2050» жобасының негізгі мақсаттарының бірі. Бұл бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарында білім алуға бөлінген мемлекеттік гранттарды иеленген жастар шәкіртақымен, жатақханамен толық қамтамасыз етіледі, олардың барып-қайту темір жол шығындары төленеді. Жастардың оқу бітірген соң қиналмай жұмыс тауып, өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуын толық мүмкіндігі бар. Республикадағы көптеген білім ордаларында жоғары курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету өзекті болса, «Серпін» жобасы бойынша оқуға түскен қыз-жігіттер оқуды бітіргенге дейін орын-жаймен қамтамасыз етіледі. Ал «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша колледждерге оқуға түскен жастарға жасалатын жағдай тіпті жақсы. Оларға жылына екі рет жол шығындары төленіп, қыстық киімдер алуға қаражат бөлінеді, күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Колледж студенттерінің білім ала жүріп, өндіріс орындарында жұмыс істеп, табыс табуына мүмкіндік бар. «Серпін» жобасы бойынша мамандық алудың аясы кең. Педагогикалық, ауылшаруашылық пен ветеринария, техникалық, тіпті медициналық бағыттар бойынша жастардың білім алуына жол ашылып отыр. Қазақстанның 7 облысындағы жеті жоғары оқу орны «Серпін» бағдарламасымен студенттерді қабылдайды. Бұл үшін бөлінген мемлекеттік грант – 1050. Әр жоғары оқу орнына 150 грант қарастырылған. Педагогика бойынша 19 мамандық түрі бар. Жоғары оқу орындарының қатарында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті және басқа да жоғары оқу орындары бар. Қажеттілік болып жатса, білім ордаларында жастар орыс тілі курстарында білімін жетілдіре алады. Өйткені, қазақы орта мен қазақ мектептерін бітірген жастар үшін алғашқы уақытта тілдік курстардың қажет екені байқалды. Сондықтан оқу орындары осындай мүмкіндіктерді де қарастырып келеді. Сонымен бірге «Серпін» жобасына орай мамандар даярлап жатқан жоғары оқу орындары мен ауыл шаруашылығы және өндірістік ұжымдары арасында өзара тығыз байланыс қалыптасқан. Түлектердің оқу бітірген соң жұмысқа орналасуына толық мүмкіндік бар. Мәселен, Қостанай облысында қазіргі уақытта ауыл шаруашылығына 1326 маман қажет. Ал осы саладағы мамандықтар бойынша «Серпін» жобасымен облыстың білім ордаларында оқып жатқан жастар – 585. Демек, олар үшін таңдау еркі жоғары. Бұдан басқа, Қостанай облысының өндіріс орындарына 2628 инженер қажет болып отыр. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті мен Рудный индустриялық институтының ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтарға байланысты сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндігі толық жетеді. «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы шеңберінде мамандар даярлап отырған басқа да жоғары оқу орындарының да жұмыс жоспары осындай. Ендігі бір міндет – шет мемлекеттердегі бауырларымызды «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуға тарту, олардың еліміздің теріскей өңірлеріне қоныстанып, еңбек етуіне мүмкіндік жасау. Мұны Дүниежүзі қазақтарының Астанада өткен V құрылтайы кезінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқан болатын. Мемлекет басшысы Өзбекстан мен Қырғызстаннан, Түрікменстан мен Ауғанстаннан көшіп келетін ағайындардың көбі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарына қоныстануды қалайтынын айтқан еді. Онсыз да халқы тығыз орналасқан облыстардан гөрі шет жердегі қандастарымызды «Серпін» бағдарламасы бойынша орналастыруды қозғаған болатын. «Бағдарламаны көшіп келген ағайындар үшін де бейімдеуіміз қажет. Оларды қоныстандыратын үйлер салып, әлеуметтік инфрақұрылым жасау керек. Қажетті мамандық алуына жәрдем беру, жұмыспен қамту үшін жол картасын жасау қажет. Осының барлығы ұлтымыздың, еліміздің жарқын болашағы үшін атқарылатын маңызды шаралар болмақ», − деген еді Елбасы. Бұл мақсат та жүзеге асатын күн алыс емес. Тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр. Ендеше Қазақстанның солтүстігіне республиканың оңтүстік өңірлері мен шет мемлекеттерден бет түзеген қандастарымыздың қарасы қалың болғай!

Ғалым Омархан