324
Ұн өнімдерін өндіру өркендеуде
Ұн өнімдерін өндіру өркендеуде
Астық, ұн өндірісі бойынша Қазақстан әлемдегі ірі экспорттаушы мемлекет болып саналады. Бүгінде республикада осы ұн өнімдерін өндіру ісі өркендеп келеді. Әсіресе, Жамбыл облысындағы «Рола-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің макарон және кеспе өнімдері үлкен сұранысқа ие.
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Қызыл жұлдыз ауылында орналасқан кәсіпорын макарон және кеспе өнімдерінің 45 түрін шығарады. Серіктестік 2008 жылы құрылған болатын. Бұрынғы машина-трактор шеберханасын қайта жарақтандырған олар әуелі «Чабрец» кеспесін өндіретін цехты іске қосты. 2010 жылы макарон және кеспе өндіретін цехтар салынды. Жоғары сапалы өнім өндіруге жергілікті жерде өсірілетін дәнді-дақылдар жарамайды. Олардың клейковинасы аз. Сондықтан да кәсіпорын ұнды Солтүстік Қазақстан облысынан сатып алатын. Мұның өзі өнімнің өзіндік құнына елеулі кері әсерін тигізіп келді. Өндірісті кеңейту және қажетті шикізатты өздерінде өндіру үшін 2011 жылы серіктестік тәулігіне 60 тонна дән өңдейтін диірменді іске қосты. Сөйтіп жоғары, бірінші және екінші сұрыпты ұнды өздері әзірлеуге көшті. Жоғары және бірінші сұрыптар макарон мен кеспе әзірлеуге жұмсалады. Ал екінші сұрыпты ұн Тәжікстанға жөнелтіледі екег. Байзақ ауданы тұрғындарының арасында кебекке де сұраныс көп. Олар оны кезекке тұрып сатып алып, мал семіртуге пайдаланады.
Кәсіпорын 2013 жылы Астанадағы «Кәсіпорынды дағдарысқа қарсы басқару» халықаралық экономикалық форумында ҚР нарығында сатудың жақсы көрсеткіштері және өнімнің тамаша сапасы үшін «Қазақстан көшбасшысы» наградасына ие болды, ал оның басшысы «Қазақстан даңқы» орденіне лайықты деп танылды. 2014 жылы жамбылдық кәсіпорын «Үздік кәсіпкер», «Парыз» наградаларын алды.
Аталмыш кәсіпорынның макарон және кеспе өнімдері Алматы, Шымкент, Қарағанды, Астана және Ақтау қалаларына жөнелтіледі. «Рола-7» ЖШС өнімдері өз елімізде ғана емес Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мемлекеттерінде үлкен сұранысқа ие. Тұтынушылар өнімнің сапасы, қолжетімділігімен қатар сыртқы қаптамасының сәні мен тартымдылығына да көңіл бөледі. Сондықтан да серіктестік басшылары қаптаманың дизайнын тұрақты жаңартып отырады.
Жоғары сұранысқа ие, нарықта өтімді тауар өндіретін кәсіпорын жыл басында қытайлармен бірлескен жобаны іске қосқан болатын. Яғни, серіктестік жанынан «Рола-Ян» кәсіпорны ашылып, өнім көлемі артты. Жоба 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асты. Қытайлық инвестор Сяо Хонвейдің 288 миллион теңге инвестиция салуының нәтижесінде аталмыш кәсіпорын «DL-650X» қондырғысымен жарақтандырылып отыр. Осы заманауи технология алты түрлі ұзын кеспені жасап шығаруға мүмкіндік береді. Ол өзімізде өндірілетін ұн, тұз, жұмыртқа секілді отандық өнімдерден даярланады. Кәсіпорын тәулігіне 30 тонна өнім өндіруге қауқарлы.
Макарон, кеспе, жайма және ұн өнімдерін шығаратын серіктестік бүгінде 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Серіктестікте негізінен Байзақ ауданының тұрғындары жұмыс істейді. Олардың 50 пайызын Қызыл жұлдыз ауылының тұрғындары құрайды. Мұнда еңбек адамдарының алаңсыз және өнімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.