Оңтүстікте Отырар ауданының күндері өтті

Оңтүстікте Отырар ауданының күндері өтті. Оңтүстік Қазақстан облысында  «Туған жер – алтын бесігім» облыстық фестивалі аясында Отырар ауданының күндері өтті.

Киелі ауданның мәдениет қызметкерлері арнайы орталықтағы қарт кісілерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, сурет көрмесі мен спорттық ойындар ұйымдастырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.  Елбасы Н. Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырған отырарлықтар алдымен,  №5 облыстық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Қам көңіл жандарға мерекелік көңіл-күй сыйлаған шарапатты шарада аудан əкімі Ерлан Айтаханов мекеме атына және қарияларға сый-сияпаттар табыстады. Фестиваль аясындағы шара одан әрі Облыстық әзіл-сықақ және сатира театрында жалғасты. Тәрбиелік мәні зор «Ақ босағаң – арың» спектаклі қойылды. Сондай-ақ  Отырар облыстық ғылыми-əмбебап кітапханасында  əлем ақыны атанған, Отырардың отты ұлы Мұхтар Шахановпен кездесу кеші өтті. Мəдениет пен руханият көкжиегіне самғатқан жүздесуде ақынның жаңа өлеңдері таныстырылып, өскелең ұрпақты ұлтын сүюге, патриоттық рухқа тәрбиелейтін тағылымды әңгімелер айтылды.   Ал кешкілік бағдарламаны отырарлықтар «1 қауын, 1 қарбыз» акциясымен бастады. Ауыл шаруашылық өнімдерінің жəрмеңкесінде киелі ауданның өнімдері тегін таратылды. Бұдан бөлек, ұлттық қолөнер, сурет көрмесі мен спорттық ойындар ұйымдастырылды. Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың еңселі ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым жасалды. Фестивальдің қорытынды гала-концерті «Шәмші әлемі» гүлзарында өтті. Онда Отырар ауданы әкімдігінің арнайы тапсырысымен дайындалған режиссер Батырхан Дәуренбековтің «Көне құмыраның сыры» мен «Отырар дастаны» анимациялық фильмдерінің тұсауы кесілді. Үш бөлімнен тұратын кешкілік бағдарламада танымал әндерден құралған әндер, жеке орындаушылар мен дуэт, триодан құралған өнерпаздар  өнер көрсетті. Сонымен қатар күй сайысы, жетіген аспабында орындалған əсем әндер де көптің көңілінен шықты. Ауданға қарасты 13 ауылдық округ түгелдей атсалысқан шараға 350-ден аса өнер иесі қатысып, 100 адамнан құралған хор әуезді әндер орындады.

Back to top button