Қарбыз – зәһар, жеміс – у

Жаз мезгілінің алғашқы айларында астан уланғандар қатарының артатыны белгілі. Өйткені бұл уақытта жеміс-жидектер мен көкөністердің біразы пісіп, барлық сауда орындарында сатыла бастайды. Ал тек жазда ғана қол жететін жеміс-жидектерді сағынған жұртшылық тез арада дәм татуға тырысары заңдылық. Осының салдарынан тұрғындар арасында өткір ішек аурулары асқына түседі. Әсіресе, ерте піскен қауын-қарбыздан уланатындар көп.

Нитрат-нейтрон бомбасынан қауіпті

Ұлттың саулығын сақтау – әрбір мемлекет үшін басты міндеттердің бірі. Сондықтан халық денсаулығының дұрыс болуы үнемі назарда. Қазақта «ауру – астан» деген сөз бар. Яғни, деннің сау болуы үшін дұрыс тамақтана білу маңызды. Сондай-ақ, тағам қауіпсіздігін ескеру керек. Әсіресе, жаз мезгілінде астан улану оқиғалары жиілейді. Мұның бірден-бір себебі – бау-бақша өнімдерінің бақылаусыз саудаға өтіп кетуі. Оның үстіне, мұндай өнімдердің көпшілігі сырттан тасымалданады. Ал сырттан келетін бақша өнімдерін сынамадан өткізу ісі біраз кенжелеп тұр. Қысқасын айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдері қатаң бақылаудан өтпестен тұтынушыға жеткізілуде.

Қазіргі уақытта бақша өнімдері арасындағы қауын мен қарбыздан улану фактілері жиі кездеседі. Қарбыздар саудаға маусым айынан бастап түсуде. Бірақ тұрғындар бұл кездегі қарбыздардың көпшілігі қауіпті екендігін есінде сақтағаны жөн. Өйткені ерте піскен қарбыз құрамында нитрат мөлшері шамадан тыс болады. Мамандардың айтуынша, ең жылдам пісетін қарбыз сұрыптарының өзі шілде айының соңына қарай пісуге тиіс. Сондықтан қарбыз жеудің қолайлы уақыты – шілде айының соңы мен тамыз айы. Бұл – өнімнің нағыз пісетін уақыты. Әрі осы кезде жергілікті өнімдер де саудаға шығады. Тағы бір ескертетін жайт, ерте піскен жеміс-жидектер мен көкөністерді тек қана арнайы дүкендер мен базарларда сатылған жағдайда тұтынған дұрыс. Себебі ол нысандарды қадағалау органдары үнемі тексереді.

Айта кетейік, нитратсыз бұл дақылдардың өсуі қиындау. Сол себепті де, шаруалар мұндай қоспаларды пайдалануға мәжбүр. Талап бойынша, нитраттың негізгі жарамды көрсеткіші қауында – 90 мг/кг, қарбызда – 60 мг/кг болу керек. Ал артық нитраттар бауыр, бүйрек ауруына, асқазанның қатерлі ісігіне, жүйке және жүрек-қан тамыр ауруларына алып келіп, иммунитеттің төмендеуіне негіз болады. Қарбыздан уланған адамның 1-2 сағаттың ішінде қызуы көтеріліп, басы ауырады және жүрегі айниды. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге хабарласқан жөн. Жедел ішек инфекцияларының алдын алу үшін бау-бақша өнімдерінің сапасы мен оның дұрыс сақталғандығына ерекше мән беру қажет. Нитраттар қарбыздан бөлек, қырыққабат, қияр, сәбіз және көкшөптерде де жиі кездеседі.

Ал қарбыз құрамындағы нитраттарды анықтаудың бірнеше халықтық тәсілі бар. Егер өнімді қақ ортасынан бөлгеннен кейін бетінде ақ немесе сары талшықтар көзге көрініп тұрса, оны жеуге асығудың қажеті жоқ. Екінші тәсіл бойынша, қарбыздың мәйегін алып, ыдыстағы суға салған жөн. Су алқызыл түске боялса, бұл өнімнен мүлде бас тартқан абзал. Қарбыз бен қауындарды таңдау кезінде қателеспес үшін ең бірінші заңсыз ұйымдастырылған базарларда сауда жасамауды әдетке айналдыру керек. Сондай-ақ, қарбыздарды жол шетіндегі сауда орындарынан сатып алуға болмайды, өйткені оларға автокөлік газдарының құрамында болатын ауыр металдар тез жиналады. Мұндай қарбыздар түрлі жұқпалы ішек ауруына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сұрауды да естен шығармаған жөн. Алайда елімізде мұндай талаптарға назар аударатындар шамалы. Бүгінде жеміс-жидек сатушылар үлкен базарларды ғана емес, көп пәтерлі тұрғын үйлердің аулаларын да, мөлтек аудандардағы көше бойын да жағалап, ісін дөңгелетуді әдетке айналдырған. Олардың барлығында бірдей зертханалық тексеріс қағазы мен рұқсат құжаты жоқ десек те болады. Тұтынушы үшін ең қауіптісі де осы. Мұндай сауда орындарында қауын-қарбыздың басым бөлігі жерде домалап жатады. Ал бұл сауда талаптарына мүлдем қайшы. Десек те, Тұтынушылар құқығын қорғайтын мекеме жабайы сауда нүктелерінің барлығына бірдей тексеру жұмыстарын жүргізе алмайды. Яғни, тек шағым түскен орынға алдын ала ескерту беру арқылы ғана тексеруге мүмкіндік бар.

Тыңайтқыштардың күшімен өсетін қауын-қарбыздардың болатынын сатушылар да жасырмайды. Бірақ сатушылар «дәріленген» өнімдердің көбіне сәуір-мамыр айларында кездесетіндігін айтады.

Ас-суға абай бол!

Қыста ең көп таралатын дерт – тұмау болса, жазда тағамнан улану деректері артады. Әсіресе, ерте піскен жеміс-жидектен улану дерті жиі тіркеледі. Деректерге сүйенсек, жеміс-жидектерден уланып қалу жағдайы кемінде әрбір 10 адамның үшеуінде кездеседі екен. Жалпы, жаз айларында уланумен, ішек инфекциясымен ауруханаға түсетін науқастар жиілейді. Бірақ олардың улану себептері әртүрлі. Тіпті, ақ халаттылар да науқастардың неден уланғанын нақты айта алмайды. Көп жағдайда улану күнделікті тұтынатын азық-түлік салдарынан болады. Сондықтан, уланып қалмас үшін тамақтың қандай жағдайда дайындалғанына, сатушының арнайы киімі бар-жоқтығына назар аудару аса маңызды. Әсіресе, ет және ет тағамдарына сертификат пен ветеринар анықтамасын сұраған абзал. Ал мұндай анықтаманы талап етуге кез келген адамның құқығы бар. Жаз шыға салысымен, самса, бәліш, сұйық балмұздақ, түрлі сусын сатушылардың қарасы көбейеді. Алайда сатушылардың көбінде медициналық-санитариялық кітапша бар деп айта алмаймыз.

Негізінен, адамның улануына себепкер болатын тағамдар қатарына балық, ет өнімдері, қалбырдағы ет және балық, сүт өнімдері, шұжық енеді. Аталған өнімдер дұрыс сақталмаса немесе әзірлену жолы қате болса, адам ағзасы уланады. Мұндай жағдайлар әсіресе, жаз және қыс мезгілдерінде жиі орын алады екен. Уланудың алғашқы белгісі сапасыз тағамды тұтынған соң 2-4 сағаттан кейін байқалады. Көп ұзамай құсу, іштің ауырсынуы, іш өту қосылады. Дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріледі. Аталған белгілер пайда болған жағдайда, тездетіп «жедел жәрдем» шақырту керек. Улануға себеп болуы ықтимал деген астың қалдықтарын сақтап қойып, дәрігерге көрсеткен жөн. Ал дәрігер жеткенше адам әуелі асқазанды шаюы қажет. Астан уланғанда сұйықтықты көп ішкен жөн. Дұрысы – қою, қантсыз, ыстық қара шай. Осы ем-домнан кейін науқас қалтырауы мүмкін. Сондықтан жылы оранып жату, аяқ-қолға жылытқыш басу керек. Ет немесе балықтан уланған жағдайда, уланудан кейін 1-2 тәулік бойы түк жемеген дұрыс.

Тағамдық улану – бактериялар, вирустар, ұсақ жануарлар немесе өсімдіктерден болады. Улануға бактериялар және басқа да тағамдық жұқпа қоздырғыштарының әртүрлі себептермен тағам өнімдеріне түсуі әсер етеді. Пластикке оралған өнімдердің өзі зақымдалуы ықтимал. Сатушылардың лас қолдары немесе өнімдер жатқан ыдыстардың таза болмауы аурудың негізгі көзі болуы мүмкін. Жеткілікті түрде термиялық өңдеуден өтпеген (шикі немесе жартылай шикі), сонымен бірге тоңазытқышта немесе бөлме температурасында ұзақ уақыт бойы сақталынатын тағамдар қауіпті.

Санитарлық талаптарды сақтау шарт

Соңғы уақытта еліміздегі түрлі дәмханалар мен мейрамханалар, тіпті, балалардың демалыс орындары мен мектептерде де улану деректері жиі тіркелетін болған. Мәселен, үстіміздегі жылдың мамыр айында Петропавлға киокушинкай каратэден өткен ашық чемпионатқа барған бір топ бала уланып, ауруханаға түсті. Елордадан барған оқушылар жарыстың алғашқы күні қаладағы дәмханалардың бірінен кешкі ас ішкен. Түнде үшеуінің дене қызуы көтеріліп, жүректері айныған. Алғашқы науқастарды жедел жәрдем қызметі түнде жұқпалы аурулар бөлімшесіне жеткізеді. Екі күн ішінде тағы 16 бала ауруханаға жатқызылыпты. Ақ халаттылар балалардың тамақтан уланғандығын айтқан. Сондықтан балалар тамақтанған асхана уақытша жабылып, тексеру жұмыстары жүргізілген болатын.

Сондай-ақ, ақпан айында Ақмола облысы, Бурабай ауданындағы дәмханалардың біріне жаназа асына барған 44 адам тамақтан уланып, ауруханаға түсті. Жаназа асына барған 232 адамның 44-і өздерін жайсыз сезініп, дәрігер көмегіне жүгінген. Науқастардың барлығы іш өту, құсу, дене қызуының көтерілуі белгілеріне шағымданған. Дәрігерлер оларға бірден жедел медициналық көмек көрсетті.  Сөйтіп, дәмханадағы ас мәзірінің барлығынан зертханалық сынама алынып, сараптамадан өткізілді. Алдын ала болжам бойынша, ауру жедел ішек инфекциясы немесе сальмонеллёз және сол күні асылған жылқы етінен туындауы мүмкін.  Науқастардың дені Бурабай ауданы мен Астана және Көкшетау қалаларынан асқа келген адамдар.

Бүгінде мұндай қоғамдық тамақтану орындарында астан ұшынып жатқандар қатары көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Сондықтан мұндай орындардағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейту қажет. Алайда еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мамыр айында жаңаша мәлімдеме жасап, жұртты шошытты. Яғни, көлемі 50 шаршы метрден аспайтын сауда-саттық орындары мен 50 орынға шақталған тамақтандыру орындарын санэпидемстанция тарапы тексермейтін болды. Санитарлық талаптарды сақтамайтын бірден-бір тамақтану орындары осындай шағын дәмханалар екені баршаға мәлім. Заңсыз жұмыс істейтін шағын асханалар жұқпалы аурулардың ошағы болып саналумен қатар, тағамнан улану жағдайлары өте жиi орын алатын орындардың бiрi. Тамақтан улану кей жағдайда өлiмге апарып жатады. Қазiр шикi еттен таралатын бруцеллез, эхинококкоз деген аурулар көбейiп барады.

Алайда Денсаулық сақтау министрлігі бұлай ойламайтын сыңайлы. Еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мұндай қадамға барудың себебін кәсіпкерлікке деген қысымды төмендетумен байланыстырды. «Кәсіпкерлер өздері өндірістік бақылауын күшейту керек. Яғни, «өзін-өзі» бақылауы керек. Сондай-ақ, тұтынушылармен кері байланыс орнауы тиіс. Тамақтарына шағым түсіп, улану оқиғасы тіркелсе, нақты дәлелдермен шағым жазып, тек содан кейін тексеріс жүргізілетін болады. Бұл аталмыш орындар мүлде назардан тыс қалады деген сөз емес», – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин.

Сонда кәсіпкерлердің табысы тұрғындардың денсаулығынан маңыздырақ болғаны ма? Министрліктің бұл шешімін қалай түсінуге болады? Талайдан бері санитар дәрігерлер мен құқық қорғау қызметкерлері жабайы сауда орындары мен қала базарлары мен аялдамаларда заңсыз ашылып жатқан асханалар мен дәмханаларға қарсы күрес жүргізіп жүрген жоқ па еді? Енді оларды тексеруден бас тартқаны қалай? Бұл сауалдар қарапайым тұрғындарды қатты мазалап отыр. Тұрғындардың алаңдауына негіз де жоқ емес. Себебі онсыз да санитарлық жағдайы мәз емес базар маңындағы және қаланың кез келген жерінде кездестіруге болатын шағын орындарда санитарлық жағдайдың тіптен төмендеп кетуі әбден мүмкін. Бірақ мұны елең қылып отырған министрлік жоқ секілді.

Қалай десек те, әр адам өз денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жауапты. Сондықтан тамақтанғанда абай болған жөн. Азық-түлікті дұрыс пайдалану, тазалықты сақтау маңызды. Әсіресе, жаз мезгілінде ерте піскен бақша өнімдерін тұтынғанда мұқият болған абзал.

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button