Алматы әкімдігі қанның қатерлі ісігімен ауыратын қызға 2 млн теңге бөлмек

Алматы әкімдігі қанның қатерлі ісігімен ауыратын қызға 2 млн теңге бөлмек

Алматы әкімдігі қанның қатерлі ісігімен ауыратын қызға 2 млн теңге бөлмек
ашық дереккөзі
Алматы әкімдігі қанның қатерлі ісігімен ауыратын қыз балаға 2 млн теңге бөлетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 2016 жылдың ақпанында дәрігерлер Аня Ивановаға қанның қатерлі ісігі диагнозын қойған болатын. 1 жылға созылған ремиссиядан соң 2017 жылдың қаңтарында қыздың жағдайы күрт нашарлап кеткен. Алматылық журналистер Аняның басындағы жағдайды былтырдан бері жериялап келеді. Әлеуметтік желі арқылы таралған ақпараттың арқасында 1 млн теңге жиналды. Биыл мамырда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Стамбулда жасалатын отаға қаржы бөлетін болды. Алайда одан бөлек Аня мен анасының Түркияда жүріп-тұруына да қомақты қаржы қажет болып отыр. «Аня мен анасына Стамбулда жүріп тұруы үшін шамамен 9 мың доллардай керек. Мұндай сома оларда жоқ. Сондықтан, ақылдаса келе қала әкіміне ұжыммен хат жаздық. Бүгінде әкімнің көмектесуге даяр екендігін естіп қуанып отырмыз. Аня мен анасы 2 млн теңге алатын болды. Осы игі іске үлес қосқандарға, әсіресе Бауыржан Қыдырғалиұлына алғыс білдіргім келеді», - деді журналист. Аняның анасының да алғысы шексіз. «Айтарға сөзім жоқ. Бізге көмектескендерге, әкімге үлкен рахмет. Журналистер, өз еркімен көмекке келгендерге де алғысым шексіз. Өзге елде бірнеше ай тұрып, анализ тапсырып, ота жасатуға тура келеді», - деді Аняның анасы. «Алматы әкімінің атына материалдық көмек көрсету туралы өтінім келді. Әкімдік демеуші тапты. Бүгін қаржыны Аняның анасының шотына аударады», - деді әкімдіктің баспасөз қызметінен. Науқас бала бүгін анасымен Түркияға ұшып кетеді.