Үкімет басшысы транзиттік тасымалдар көлемін арттыруды тапсырды

Үкімет басшысы транзиттік тасымалдар көлемін арттыруды тапсырды

Үкімет басшысы транзиттік тасымалдар көлемін арттыруды тапсырды
ашық дереккөзі
Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев транзиттік тасымалдар көлемінің тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін шаралар қолдануды тапсырды, – деп хабарлайды 24.kz арнасы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. Бақытжан Сағынтаев ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге ЕАЭО, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы шетелдік серіктестермен Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдарды арттыру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. Бұдан өзге, ҚР ИДМ жүктердің қозғалысын ақпараттық сүйемелдеу мәселесін пысықтау және негізгі транзиттік дәліздердегі жол сервисі нысандарын ұлттық стандарттарға сәйкес келтіру тапсырмасын берді. Ал Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметі бойынша, өткен жылы ЖІӨ құрылымындағы көлік саласының үлесі шамамен 7,8 пайызды құрады, бұл кезде нақты көлем индексі 103,8 пайызды құраған болатын. Жүк транзитінің басым бөлігі автокөлік пен теміржол көлігіне тиесілі. Контейнерлік тасымалдардың көлемін ұлғайту бойынша шаралар қабылдануда, сонымен қатар ҚХР – ЕО – ҚХР бағытында да ұлғайту көзделген. 2016 жылы жалпы Қазақстан аумағында транзитпен 245 мың контейнер тасымалданды, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 35,3 мың контейнерге немесе 14% жоғары көрсеткіш. Биылғы жылдың 5 айында контейнерлік тасымалдар көлемі 119 мың ЖФЭ құрады, бұл 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 34% жоғары көрсеткіш. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің іске қосылуы автокөлік тасымалы саласындағы көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз етті. 2016 жылы 1,4 млн тонна жүк тасымалданды, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 11,6% жоғары. Биылғы жылдың 5 айында бір миллионнан астам тонна жүк тасымалданды, бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көп көрсеткіш. Қытай (55,3%) мен Өзбекстаннан (26,2%)  ЕАЭО елдеріне тасымалданатын жүктер негізгі бағыттар болып табылады. Биылғы жылдың соңына дейін әуе тасымалдарының әлеуетін дамыту мақсатымен 600 мың транзиттік әуе жолаушысын тасымалдау, ал 2020 жылға қарай аталған көрсеткішті жылына 1,6 млн адамға дейін жеткізу көзделген.