Қоғам арына түскен таңба

Қоғам арына түскен таңба

Қоғам арына түскен таңба
ашық дереккөзі
245

Жеңістің 70 жылдығыел тарихындағы айтулы мереке. Мерейтой қарсаңында ұлан-байтақ республиканың түкпір-түкпірінде өткізіліп жатқан үлкенді-кішілі барлық шараның мақсаты біреу ғана: ұрпаққа бейбіт күннің қадірін ұқтыру. Ерлікке тағзым, ерлерге құрмет көрсету үшін қолға алынған қыруар іс бір ғана сүреңсіз әрекеттің көлеңкесінде қалып қоятыны өкінішті. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөзді қазақ қалай тауып айтқан десеңші?!

Ақша үшін ардан безгендер

Өткен аптада Алматының қақ ортасында Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Хохлов соққыға жығылды. 89 жастағы қарт қолындағы аяқ киім салынған сөмкесі үшін жазым бола жаздады. Әлеуметтік желіге қарияның қызы Евгения Зуева жүктеген видеоны көрген жұрт жағаларын ұстаған. Үйдің ауласындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрдан зейнеткерге ер адамның жақындап келіп, қабын тартып алып жатқаны анық көрінеді. Бұзақының қарсыласпақ болған қартты ұрып жібергенін де құрылғының өткір көзі жазып алыпты.

Николай Хохлов майданға 1943 жылы аттанып, 1948 жылы демобилизацияланған. 1950 жылдан бері құқық қорғау органдарында қызмет атқарыпты. Подполковник шеніне және әскери бөлім басшысы қызметіне дейін көтеріліп, 1967 жылы Новосибирскіден Қазақстанға көшіп келген. Саналы ғұмырын ұрпақ болашағына арнаған қарт бүгінгі бейбіт заманда мұндай жағдайға тап болам деп ойлаған жоқ еді. Ауыр жарақат алған ардагер қазір ем қабылдап жатыр.

«Әкем аяқ киімін жөндету үшін шеберханаға алып кеткен. Қолындағы сөмкеде құнды зат болған жоқ. Тек аяқ киім ғана. Оны жолдан тоқтатқан ер адам сөмкеге жармасыпты. Қарсыласпақ болған әкем әлгі адамның соққысынан жерге құлап түскен», – дейді Евгения Зуе­ва. Ардагердің басы жарақаттанып, қабырғасы зақымданған, беті-аузы көгерген. Соғыстың тауқыметін тартқан қарияға ұрпақтың айтқан алғысы – осы. Оның бетіне түскен дақ – бүгінгі қоғамның ары мен ұятына түскен таңба.

Аталмыш іс бойынша тергеу жүргізген тәртіп сақшылары араға екі-үш күн салып қарақшыны қолға түсірді. «Ардагерді ұрып, сөмкесін тартып алған қаланың 32 жасар тұрғыны болып шықты. Зейнеткерге талтүсте тарпа бас салып, жәбір көрсеткені үшін бұзақы өз жазасын алады. Аталмыш факті бойынша біздің бөлімшенің тергеу бөлімі қылмыстық іс қозғады. Іздеу шараларын криминалды полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізді. Бейнебақылау камерасында жәбір көрсетушінің түр-сипаты анық көрінбейді. Десе де, жедел қимыл жүргізу арқасында күдікті қолға түсті», – дейді Медеу аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Ерлан Оралбеков. Майдангердің қызы Ирина Зуева қарақшының ұсталғанына дән риза. «Әкеме күш көрсеткен адамның қолға түскеніне қуаныштымын. Осы істі аяғына дейін жеткізуге атсалысқан полиция қызметкерлеріне алғысымыз шексіз», – дейді ол.

Өкінішке қарай, ардагерлерге әлімжеттік көрсетушілердің қатары күн санап артып келеді. Қулық пен сұмдықтың, алдау мен арбаудың құрбаны болған қарттарды еліміздің әр өңірінен кезіктіруге болады. Мәселен, осыдан бір ай бұрын Қостанай облысында тұратын соғыс ардагері Иван Котелевский мен оның зайыбын алаяқ қыз сан соқтырып кетті. Алаяқ қыз олардың 30 мың теңгесін алып кеткен. Оқиғаның ұзын ырғасы мынадай: Беймәлім қыз ерлі-зайыпты қариялар тұратын пәтердің қоңырауын басып, олардың немересі Таняның кейпіне енеді. Соғыс ардагерінің үйіне осылайша емін-еркін кірген «немере» өзіне дәрі-дәрмек алуға ақша керек екенін айтады. Көздері нашар көретін қариялар алаяқ қызды шынымен өз немерелері Таня деп ойлаған. Екі жыл бұрын ұлды болып, ата-әжесінің үйіне сирек бас сұғатын немерелерінің келгеніне қатты қуанған қариялар қыздың сұрағанын береді.

«Әлгі қыз 20 мың теңге керек деді. Иван оған ақша беру үшін орындық алып, шкафқа жақындады. Қыз оны демеп тұрды. Шалымның 20 мың алып жатқанын көріп: «Маған негізі 33 мың керек еді. 3 мың теңге өзімде бар, 30 мың берсеңіз жетіп қалар», – деді. Бір күннен кейін қайтаруға уәде етті. Сеніп қалдық», – дейді соғыс ардагерінің зайыбы. Валентина Васильевнаның айтуынша, қыз бетін үнемі капюшонымен көлегейлеп, қатты күле беріпті. Қариялар алаяққа алданғанын өз немерелері Таняға телефон соққанда бір-ақ түсінген.

Иван Котелевский 1942-1945 жылдары Орталық және Үшінші Беларусь майдандарында құрлық әскерлерінде барлаушы болған. І дәрежелі Отан соғысы, ІІІ дәрежелі Даңқ, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған қария полицияға хабарласып, болған оқиғаны айтып берген. Тәртіп сақшыларына алаяқ қызды тезірек ұстауды өтінген Иван ақсақал өзге қариялардың да өзі сияқты алдануы мүмкін екенін қайта-қайта ескертіпті.

Қостанайлық полицейлер көп ұзамай алаяқ қызды ұстады. Ол 1981 жылы туған, есірткіге тәуелді және осындай алаяқтығы, ұрлығы үшін талай рет жауапкершілікке тартылған бойжеткен екен. Әккі қызға қариялар тұратын үйдің сыртындағы: «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады» деген жазу нұсқаушы болған көрінеді.

Өзін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырып, ондаған ардагерді алдаған жергілікті алаяқты Қарағанды облыстық ІІД қызметкерлері де қолға түсірген еді. Қылмыскер өзінің жымысқы ойын облыстың бірнеше өңірінде жүзеге асырған. Ол өз құрбаны ретінде көбінесе жалғыз тұратын кейуаналарды таңдаған. Алаяқтың ең үлкен ұрлығы – 89 жастағы зейнеткерден жымқырылған жарты миллион теңге. Талай қартты сан соқтырған 39 жастағы әйел ақыры тиісті жазасын алды.

65 жылдыққа «тарту»

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ардагерлерге жасалған мұндай «тосын сыйлар» ешкімді таңқалдыра қоймады. Өйткені осы мазмұндас оқиғалар жыл сайын тіркеледі. Білетініміздің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әйтсе де, осыдан тура бес жыл бұрын, Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында болған мына жайтты айтпай кетуге болмас. Баукеспелер Астанадағы Жеңіс парадына қалалық ардагерлер атынан аттанғалы отырған Рашид Кенжебаевты тонап кеткен еді. Рашид ақсақал Жеңістің 65 жылдығы құрметіне өзіне аударылған 65 мың теңге мен шотында жиналып тұрған азды-көпті ақшаны алу үшін банкке барады. 178 мың теңге алып, банктен шыққан ардагер автобусқа мініп, үйіне беттеген. Аялдамадан түскен кезде оған екі бейтаныс жігіт келіп, бөтен әмиянды көрсетіп: «Мынаны сіз түсіріп алдыңыз», – дейді. Ардагер әлгі әмиян өзінікі емес екенін айтса да, жігіттер бой бермей тұрып алған. Оларды сендіру үшін ақсақал сөмкесін ашып, өз әмиянын шығарып көрсетеді. Алаяқтарға алданғанын ардагер үйіне келгенде бір-ақ білген.

Жергілікті «Подробности» газетінің редакциясы бастама көтеріп, қалалықтар ардагердің ұрланған қаражатын жинап берді. «Көп түкірсе – көл». Жезқазғандықтардың бұл ісі мақтауға да, мақтануға да тұрарлық. Әйтсе де, қала тұрғындары көп болып әлгі екеудің ісін жуып-шая алған жоқ.

Жеңістің 65 жылдығына арнап 88 жастағы павлодарлық ардагерге жасалған «тарту» да көпке дейін ел аузында жүрді. Ащы суға сылқия тойып алған ер адам қарияны аяусыз соққыға жыққан болатын. Украина мен Кавказды неміс басқыншыларынан азат етуге қатысқан Илья Верник тоқсанды алқымдап қалса да, әлгі оқиғаға дейін денсаулығы еш сыр бермеген. Сұрапыл соғыстан аман қайтқан ол бейбіт күнде дәл үйінің іргесінде мас бұзақының қолынан ажал құша жаздаған еді. Қарияның миы шайқалып, қабырғалары сынды. Сондағы айыбы не дейсіз ғой? Ішімдік ішкен ер адам ардагерден есікті ашып беруді талап еткен. Қария бас тартқан кезде, 40 жастағы маскүнем оны соққыға жығады. Тергеу изоляторында есін жиған ер адам болған жайдың біреуін де мойындамаған. Онысымен қоймай, «жала жауып отыр» деп ардагердің өзін кінәлайды. Қарияның орнына өзіңізді қойып көрсеңіз, оның жанына салынған бұл жара майдан даласында тәніне түскен сансыз жарадан да ауыр екенін түсінесіз. Төгілген тер, су боп аққан қанның қарымтасы – көгімізге мықтап орнаған бейбіт күн. Бейбітшілік сыйлағаны үшін елім деген ерлерге айтқан алғыс пен көрсеткен құрметіміздің сиқы – осы.

Серіктес жаңалықтары