Салқар даланы өрт шалса...

Салқар даланы өрт шалса...

Салқар даланы өрт шалса...
ашық дереккөзі
928
Күн райы жылына бастағаннан дала өртінің жиілей түсетіні белгілі. Әсіресе, жаз мезгілінде күннің қатты ысуы салдарынан қызыл жалынның құшағында қалған орман-тоғай қаншама?! Сондықтан, орман өртінің алдын алу жұмыстары жыл сайын ертерек басталады. Бірақ тілсіз жаудың қай бүйірден соғарын алдын ала болжау мүмкін емес. Осы мәселені талқылаған ҚР Ішкі істер министрлігі биылғы жылы орман өрттерінің жиілеуі мүмкін екендігін ескертті.

Орман өрті жиілеуі мүмкін

Еліміз әлемде орман-тоғайы аз мемлекеттердің қатарына жатады. Ресми деректерге назар салсақ, 1993 жылы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 23 миллион 974 мың гектарды құраған. Оның 10 миллион 273,7 мың гектар жері орман-тоғаймен қамтылған болатын. Ал өткен жылғы статистика бойынша, мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 29 миллион 301,9 мың гектарға жетті. Соның ішінде орманмен қамтылған жер – 12 миллион 627 мың гектарды құрайды. Яғни, 23 жылда орманмен қамтылған жердің жалпы ауданы 2 миллион 353,3 мың гектарға көбейген. Жалпы, орман-тоғайлар Қазақстан аумағының 4 пайыздан астам жерін ғана алып жатыр. Осыдан кейін өзі аз ғана орман алқаптарына қызыл жалынның орасан зор кесірін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Өйткені орман-тоғайдың жауы – өрт. Мұндай қауіпті үнемі назарда ұстайтын ел үкіметі мамыр айының соңында өрт қауіпсіздігі мәселесіне арналған жиын өткізді. Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов елімізде жыл сайын 4 мыңға жуық орман және дала өрттері тіркелетінін айтып өтті. Бұл ретте өрт шалған аудан 4 мың гектардан асып, материалдық нұқсан шамамен 230 миллион теңгені құрайды. Ал 2017 жылдың басынан бері еліміздегі орман қоры аумағынан 67 өрт шығу жағдайы тіркеліпті. Тілсіз жаудың құрсауында қалған аумақ өткен жылғы көрсеткіштерден 7 есе артық. Сонымен қатар, Қалмұханбет Қасымов биыл орман және дала өрттерінің жиілеуі мүмкін екендігін тілге тиек етті. Министрдің сөзінше, өрт қаупі шілде және тамыз айларында жоғарылайды. «Қазгидромет» болжамына сенсек, аталған екі айда ауа температурасы 30 градустан асып, жаз мезгілі жауын-шашынсыз өтуі мүмкін. Тіпті, еліміздің солтүстік аймақтарында орташа температура  40-45 градус ыстықты көрсетуі ықтимал. Осыны ескерген құзырлы органдар қазіргі уақытта дала өрттеріне қарсы әзірлікті күшейте түсуде. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин келтірген мәліметтерге сүйенсек, министрліктің 11 ұшағы, ҚТЖ бөлімшелері және өрт сөндіру пойыздары әзір тұр. Әсіресе, орман алқабы көп Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай, Алматы облыстарына ерекше көңіл бөлінбек. Сондай-ақ, табиғи өрттерге қарсы уақтылы әрекет ету үшін жыл басынан бері өңірлерде «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен ғарыштық мониторинг қызмет көрсету бойынша келісімшарттар жасалған. Әуеден бақылау Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарының орман қорының 8 миллион 869 мың гектар аумағын немесе Қазақстан орман қорының 30 пайызын қамтуда. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша ведомствоаралық жоспар бекітілді. Негізінен, еліміздегі орман қорының 20 пайызы ғана орман шаруашылығы комитетіне қарасты. Қалған орман алқабы жергілікті атқарушы органдардың құзырында. Осы ретте, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов әкімдіктер, орман иеленушілер, орман қорғау мекемелері және өзге шаруашылық жүргізуші субъектілердің өрт қаупі маусымының басталуына дайындығы жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмегенін қадап айтты. Шын мәнінде, өрттің алдын алу міндеті жергілікті әкімдіктер мен орман шаруашылығы мекемелеріне жүктелген. Ормандағы өрттің шығуы мен таралуының алдын алу, қадағалау мен өрт сөндіру жұмыстарына бақылау жасайтын арнайы қызмет бар. Жасыл желекті күзетуге және техникалық паркті жаңартуға бюджеттен мол қаржы да бөлінуде. Алайда қанша айтқанмен, тілсіз жаудың ырқына қарсы тұру оңай шаруа емес. Десек те, орман және дала өртінің алдын алу және жою мәселесінің басты назарда болғандығы ләзім. Мәселен, өткен  жылы алдын алу жұмыстарының тиімділігі нәтижесінде орман өртін 35 пайызға, материалдық нұқсанды 4,1 есеге, өрт шалған ауданды 4,7 есеге қысқартуға мүмкіндік туындаған. Сондай-ақ, тағы бір дерек көздері 2003-2015 жылдар аралығында республика аумағындағы орман өртінің саны азайғандығын көрсетеді. 2003-2004 жылдары өрт шығу оқиғасы 1057-1315 рет тіркелсе, 2014-2015 жылдары орман өртінің саны 581-476-дай ғана болды. Келтірілген залал 2003 жылы 358 мың теңге, 2014 жылы 74  мың теңгені құраса, 2015 жылы 119  мың теңге көлемінде болды. Ал өртке оранған жерлердің аумағы 2003 жылы 91 мың гектарды, 2015 жылы 9 мың 600 гектарды құрады. Осы деректер бұрынғыға қарағанда өрттің едәуір азайғандығын көрсетеді.

Өрттің пайда болу себебі көп

Тілсіз жау адам өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, ел экономикасына айтарлықтай материалдық шығын әкеледі. Негізінде, өрт жаздың қатты ыстығында, ұзақ уақыт жауын жаумай құрғақшылық болғанда жиілейді. Ал орманды және дала алқабының өртенуіне шөптің өздігінен жануы басты себеп. Сонымен қатар, орман өртінің 80 пайызға жуығы тұрғындар еңбек етіп немесе демалып жатқан жерлерінде өрт қауіпсіздігін сақтамауынан, орманда ақаулы техниканы пайдаланудан орын алуы мүмкін. Демек, дала өртінің негізгі себептерінің бірі – адамның отқа ұқыпсыз қарауы, яғни, орманда өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы. Бір өкініштісі, орманға келушілердің көбі өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныс емес,  отты сақтықпен пайдалануға дағдыланбағандардың қатары көп. Негізінен, жанып тұрған сіріңкенің шиін, темекі тұқылын жерге тастау, бекітілмеген жерлерге, қылқан жапырақты жас екпелерге, бұрын жанған ағаштарға, орманның зақымдалған учаскелерінде, сондай-ақ, ағаш бұтақтарының астында және кепкен шөбі бар жерлерде от тұтатпау қажет. Көбінесе жасыл желектегі өрт құрғақшылық жылдары, ерте көктем мен күзде тіркеледі екен. Бұған ауыл шаруашылығы қалдықтарын өртеген кезде қауіпсіздік талаптарының дұрыс сақталмайтындығы себеп.  Орман өрті ағаш қорын азайтумен ғана шектелмей, олардың өсуін де нашарлатады. Қазақстанда Ертіс және Обь өзендерінің арасындағы далалық аймақта орналасқан қарағай жолағында өрт жауынды жылдары да көп болады. Себебі бұл жерлерде ауа райы құрғақ болғандықтан, өрт қаупі кезеңінің орташа ұзақтығы 180 күннен асады. Орман өрттері үлкен жылдамдықпен тарайтындықтан, орасан үлкен аумақ отқа орануы ықтимал. Оның үстіне, орман өрттері су тасқыны мен лай көшкіннің ықтималды қауіптілігін ұлғайтады. Орман өрті орын алса, әсіресе, ұзаққа созылған қуаңшылық жылдары жүздеген гектар жерге таралып, жалыны тиген жердің бәрін тып-типыл етеді. Орман өртінің табиғатқа келтіретін зияны аз емес.  Өйткені жасыл-желектің қайта қалпына келуі үшін ондаған жылдар қажет. Өрт бола қалған жағдайда орманның табиғи қайта түлеуі жойылады. Зиянды орман жәндіктері орман өртінен нашарлаған сүрек-діңдерге қонып, тез көбейе бастайды да, кейіннен олар жанында өсіп тұрған сау ағаштарға ауысып, оларды зақымдап, шірітеді. Қызыл жалын орман ішіндегі құстардың ұясы мен жан-жануарлардың қоректік базасын да жояды. Ал орман өртінің алдын алу үшін алдымен адамдар табиғатты пайдалану мәдениетін меңгеруі қажет. Орманды өрттен сақтау, табиғатқа тағылық көрсетпеу бір адамның немесе бір мекеменің жұмысы емес, барша адамзатқа ортақ міндет. Яғни, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қоғам тыныштығының кепілі. Бастысы, жұртшылық өрттің туындауына жол бермеу үшін барын салуы қажет. Орман және дала өртінің алдын алу және жою мәселесі әрқашан басты назарда болып, аталған табиғи апатқа қарсы әрекет етуге дайын болуымыз қажет.

Жүздеген үйді жалмаған жалын

Үстіміздегі жылдың сәуір айында көршілес Ресейдің Иркутск облысында орын алған орман өрті мұндағы халықтың табиғи апатқа қарсы тұруға дайын еместігін көрсетті. Әп-сәтте қарқын алған тілсіз жау елді мекендерді де жайпап өтті. Өрт салдарынан Братск қаласының іргесіндегі 30 үй күлге айналды. Қызыл жалынмен күреске 100-ден астам жауынгер жұмылдырылды. Аймаққа авиация да тартылған. Бұған дейін мұнда 86 үйі бар бүкіл бір Бубновка ауылының түгі қалмай өртеніп кеткен болатын. Салдарынан 500-ге жуық адам баспанасынан айырылды. Негізі бір тәулік ішінде өрт шарпыған аумақтың ауданы екі есе ұлғайған. Мамандардың айтуынша, оған күшті жел себеп болған. Иркутскідегі өрттен келген шығынның орнын толтырып үлгермей жатып ресейліктер тағы да өрттің ортасында қалды. Бұл жолы Ресейдің Красноярск өңірі отқа оранды. Ауа температурасының күрт көтерілуі мен күшті желдің әсерінен орын алған орман өртіне тоқтау салу аса қиынға соқты. Жасыл желектен басталған қызыл жалын 5 елді мекендегі 130 тұрғын үйді шарпып өтті. Сөйтіп, 533 адам баспанасынан айырылды. Төтенше жағдайлар қызметінің басшысы Владимир Пучков Красноярскдегі жағдайды өз бақылауына алып, үйсіз қалған тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ететіндіктерін айтып, уәде берді. Ал Чилиде биылғы жылы орман өрті қатты өршіді. Тіпті, тілсіз жаудың ырық берер түрі байқалмайды. Тілсіз жау жыл басынан бері 11 адамның өмірін жалмаған. Бір жарым мың үй күлге айналды. Ал табиғи апаттан келтірілген материалдық шығын 333 миллион долларға бағаланған. Чилиде күннің ыстық болуына байланысты елдің біраз бөлігін қуаңшылық  жайлап тұр. Орман өртінің өршуінің басты себебі де осы. Мамандар табиғи апатты ел тарихындағы ең алапат тілсіз жаудың бірі деп бағалады. Лаулаған жалыннан  елдің орталық бөлігінің халқы аса қатты зардап шеккен. Мұнда 3 мыңға жуық тұрғын үйлерін тастап, туған-туысын жағалап, уақытша баспаналарды паналауға мәжбүр. Үстіміздегі жылдың алғашқы екі айының өзінде Чилиде 40 өрт ошағы тіркеліпті. Ресми мәлімет бойынша, елдің орталық бөлігінде от 3 жарым мың гектар аумақты шарпыған. Осы ретте өңірдегі барқатар елдімекенде төтенше жағдай жарияланды. Ал наурыз айының ортасында Чилидің орталық бөлігіндегі Винья Дель Мар қаласының маңында орман өртеніп, 6 мыңнан астам тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Лаулаған от 400 гектар жерді күлге айналдырды. Міне, тілсіз жаумен күресу оңай еместігін Ресей мен Чилидегі жағдайлар дәлелдейді. Жасыл желекті жойып жіберуге қауқары бар қызыл жалынның келтірген шығынын есептегеннен бұрын оның алдын алуға баса назар аудару қажет. Көп жағдайда дала өрттері адамдардың жауапсыздығынан орын алатындығы күмәнсіз. Таулы аймақтарға демалуға шығып, соңында жаққан отты сөндірмей кету, шылымды толық өшірмей, шөпке тастай салу қарапайым жұртшылық үшін әдеттегі жағдай секілді көрінуі мүмкін. Бірақ бір адамның жауапсыздығынан жүздеген, тіпті мыңдаған гектар орман алқабы отқа оранып, мемлекетке миллиондаған шығын келтіретіндігін естен шығармаған абзал. Сондықтан, дала өртінің алдын алуға мемлекеттік органдар ғана жауапты деген ойдан арылып, ең бірінші жауапкершілікті әрбір адамның өзінен бастағаны ләзім.

Серіктес жаңалықтары