Жүрек шамын жаққан

Жүрек шамын жаққан

Жүрек шамын жаққан
ашық дереккөзі
Ту-ту алыста – артта қалған, зер сала үңілсеңіз күні кеше ғана сияқты көрінген бал дәурен-бала шағын сағынбайтын, аңсамайтын адам баласы аз шығар. Ес білгеннен көргені, ақжал толқындары тосын мінез таныта жағаға ұрған, бірде монтаны жуаси айнадай жарқыраған Балқашын ұмыта алмас, сірә!.. Қалың қамыс, сыңсыған тоғай, көз қарықтырар көкжиекке шейін астасқан  айдын-шалқар су, жыртылып айрылған ию-қию құс базары, жаз бойына жағажайда асыр сала ойнаған, судан шықпайтын қарадомалақ ұлдар, балық аулаған үлкендер, кеш бата айнала-төңірек тегіс қоюланғанда аспан әлемінде жыпыр-жыпыр жусаған жұлдыздар, көлбақалардың құрылы мен шегірткелер шырылы, бірі-бірімен жарыса кезек-кезек үрген иттер, жарық шашқан ауыл үйлері, бәрі-бәрі... үйлесім тауып... сезімтал, нәзік бала көңілінде ақынжандылық дәнін еккен. Әдебиет пен өнерге, мынау әппақ әлемге құштарлығын аңдаған шешесі Төлеуғайша:

Менің Қараталым

– Балам, сен есте қаларлық оқиғаларды, көрген-білгеніңді, оқыған кітаптарыңды, көрген киноларыңды қағазға түсіріп жүр. Арасында «Қазақстан пионеріне» жолда. Күнделік жүргізу ұқыптылыққа тәрбиелейді, – деген болатын. Аяулы анасының сол сөзі қамшы болды: ауыл кітапханасы қорындағы барлық кітаптарды зерделей оқыды, тәлім алды, тіл ұстартты; кейде шытырман оқиғаға толы шығармадан толқып-тебіренгені сондай, арманға беріліп, ұшқыр қиялы  биіктеп, әуелейтін ақшулан бұлттардан  да биік-биік. Жанат Елшібектің туып-өскен жері Балқаш көлі жағалауындағы шағын ауыл – Фрунзе. Кейіннен Қараталдың құйғанындағы  алты балық шаруашылығы бірігіп,  Фрунзе атындағы балық колхозы болған. Фрунзедегі мектеп бастауыш болғандықтан, балалар бесінші сыныптан бастап жеті шақырым жердегі Көпбірлік ауылында оқуларын жалғастырған. Кітап-қағаз салынған сөмкелерін арқаларына асынған, қоңыр күзден жазғы каникулға дейін күніне ары-бері он төрт шақырым  жаяу жүретін балалар оқуға, білім мен өнерге соншама құштар болды. Ол 11 сыныпты 1965 жылы бітірді. Сыныптастары да  жақсы оқыды. Кластағы балалардың тең жартысы институтқа түсті. Есте қаларлық бір оқиға. 10-сыныпта  оқып жүргенде жазғандары үзбей жарияланатын жас тілші ретінде, «Қазақстан пионері» газетінің арнайы жүлдесіне ие болып, сыйлыққа отыз бес кітап алды. Осы кітаптар арасында жас талап жазушылардың 1964 жылы жарыққа шыққан «Таңғы шық» деген әңгімелер жинағы бар еді. Ол жинақта, қазақтың қазіргі көрнекті жазушылары Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Есенжол Домбаев, Алтыншаш Жағанова, Шәмшиден Әбдірамановтың т.б. жиыны жиырма қаламгердің туындылары басылған. Алғысөзін жазған сыншы Зейнолла Серікқалиев. Жәкең арада жиырма жыл өткен соң сол «Таңғы шық» жинағына шығармалары енген жазушылармен жолығып, сұхбаттасып, жеке кітап жазып шығарды. Ол кезде пошта байланысы жақсы, ауылға күнара газет-журналдар мен хат-хабар келеді. Хат тасушы Дәумен аға Жәкеңе бір құшақ газет әкеп береді. Сол кездегі жас тілшілер, бүгінгі белгілі қаламгерлер Ырым Кененбаев, Жақау Дәуренбеков, Қайсар Әлім т.б. достарымен кейін бірге қызмет істеді. – Менің Қараталым!.. Алтын ұям – бесігім! – дейді Жәкең туған жерін тебірене еске алып. – Жырақта жүрсем де әлі  менің жанымда секілді. Есіме алған бетте жұдырықтай жүрегімнің бір бұрышында мәңгі өшпестей сақталған суреті мен әсем әуені жыр боп төгілері тағы да ақиқат. Жетісу өлкесіндегі әр бұлақтың, әр қайнардың, әр тұманың қадір-қасиеті мүлдем алабөтен. Мұзарт шыңдарын күнге сүйдірген Алатау сілемдерінен бастау алар осы тұма-бұлақтардың дені арналы өзендерге айналып, тұс-тұстан андыздаған күйі Көкше теңізге – менің Балқашыма құяды емес пе! Айрықша сезімге бөлеген қасиетті Қараталдың бойында, барақатты Балқаштың жағасында туып-өскендіктен болар, тапыл-тұпыл басып, оң-солымды ажырата бастаған алаңсыз кезден көргеніміз де, күнұзаққа ермегіміз де, ойынымыз да – су. Қолдың саласындай тарам-тарам жылғалар қарт Қараталдың құйғанында бар атырапты өрмекшінің торындай шимайлап жататын...

 Жылдардың қанатында

Мектепте оқып жүргенде жазған суреттеме, әңгіме, фельетондары үлкен жаңғырық туғызды. «Дедекбай» деген фельетоны «Қазақстан пионері» газетіне жарияланды. Осы фельетоны жарыққа шыққанда, республиканың түкпір-түкпірінен жүздеген хат алды.  Фельетонда бір баланың салдыр-салақтығы, кітаптарына дұрыс ие болмай, үсті-басы кір-кір, аяқ киімі жұлым-жұлым болып жүретіні айтылады.  Хат жазған балалар: «Мұндай оқушы біздің сыныпта да бар» деп жазды. Туған жері теңіз жағасы болғандықтан, су кешіп, қамыс-құрақты аралау, балық аулау, құс ату сияқты жағдайларды өзге балалармен бірге Жәкең де басынан өткерді. Әсершіл, еліккіш бала үшін таптырмас қиял-ғажайыпқа толы шақ қой ол дегеніңіз!.. Бүгінгідей есінде, бір қызық оқиғаны тілге тиек етіп жазған «Мергенім-ай» деген мөлтек әңгімесі газетке басылды. Онда бір бала ауылдың іргесіндегі көлден жүзіп жүрген  үйректі атып алады. Содан әлгі «мерген» баланың көңілі аспандап, достарына, көрші-көлемге, әке-шешесіне мақтанып, атып алған «олжасын» әкеп тастай салады.  Бақсақ, оң аяғына шүберек байланған үйдің үйрегі болып шығып, қатты ұялады. «Бала тілі – бал», «Этюдтер» деген рубрикамен әңгімелері көп шықты. Осыдан кейін Жәкеңді ауылдастары «Этюд бала» деп атап кетті. Этюдтері «Ара» журналына да жарияланды. Жәкең мектеп бітіргенде қатарластары арасында беделді, кәдімгідей ел таныған, жігіт болды. Оған себеп – алтыншы сыныптан бастап республикалық «Балдырған», «Қазақстан пионері», «Қазақстан мұғалімі», «Лениншіл жас», «Білім және еңбек» басылымдарына мақалалары мен мөлтек әңгімелері жиі басылатын. Мектеп бітірген жылы КазПИ-дің филология факультетіне оқуға түсті. Оқуға түсерде «Лениншіл жас» пен «Қазақстан пионері» газеттері өндірістік мінездеме жазып берді. Студент кезінде де оқушы кезіндегі белсенділігі бір бәсеңдемей, Алматыдағы газет-журналдарға жазған дүниелері дүркін-дүркін жарияланып тұрды. 3-курста оқып жүргенде «Лениншіл жастың» бас редакторы, белгілі жазушы Шерхан Мұртаза қызметке алды. Одан соң  «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетіне жұмысқа ауысып, зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін табан аудармай жұмыс істеді. Сандаған жылдар жауапты хатшы қызметін атқарды. Шыны керек, газетте істеп жүрген журналистердің шығармашылықпен айналысуға мұршасы бола бермейді. Жәкең қаршадайынан қалыптасқан еңбекқорлығы, табандылығының арқасында газеттің қат-қабат, қарбалас жұмысынан қолы босаған кезде; сенбі-жексенбі күндері, жылына бір рет келетін еңбек демалысы кезінде ойға алған көркем туындыларын қағазға түсірді. Соның нәтижесінде, 4 хикаяты мен 30-дан астам әңгіме-новеллалары дүниеге келді. Ал «Қош бол, теңіз...» повесі республикалық «Жалын» баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгесінде жүлде алған. Көркем очерктері, эсселері, мақалалары жүзге жуық жинақтарға енген. Шығармалар жинағының 5 томдығы 2007 жылы «Елорда» баспасынан, ал таңдамалы повестер мен әңгімелер жинағы «Атамұра кітапханасы» сериясымен «Тағдыр желі» деген атпен 2011 жылы «Атамұра» баспасынан  жарық көрді. Ұлтымыздың әдебиеті мен өнерінің өркендеуіне «Атамұра» баспа корпорациясының айрықша үлес қосып келе жатқандығын айрықша  айтуымыз керек. Аталмыш баспа, «Атамұра кітапханасы» деген серия бойынша қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қаламгерлердің 100 кітабын шығарса, енді «Атамұра мектеп кітапханасы» сериясымен данышпан, хәкім, қазақтың бас ақыны Абайдан бастап балалар әдебиетінің танымал ақын-жазушыларының жинақтарын шығара бастады. – «Атамұра» баспасынан шыққан «Тағдыр желі» жинағым маған аса ыстық, –  дейді   Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты   Жанат Елшібек. Оның тұңғыш хабары мен ребусы 6 сыныпта оқып жүргенде «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетінде жарияланыпты. Содан бергі жарты ғасыр ішінде республикалық газет-журналдарда Ж.Орынбаев, Ж.Балқашұлы, Ж.Елшібек деген атпен әртүрлі тақырыптағы мақалалар, репортаждар, суреттемелер, очерктер, әңгімелер, хикаяттар, этюдтер, танымдық шытырман басқатырғыштар мен өзі түсірген фото-туындылар жарық көрді. Олардың ұзын саны мыңнан асып жығылады. Қазақ баспасөзіндегі танымдық жанрлар: кроссворд, чайнворд, криптограмма, шрифтограмма, стрелкограмма, лабиринт, шарадалар мен метаграммалар, ребустар, ой-жұмбақтар, викториналарды өрістетудегі оның еңбектері ұшан-теңіз. Ж.Елшібек Қазақстандағы тұңғыш алып сөзжұмбақ («Білім және еңбек» журналы. №8. 1984) пен ең алғаш алып сконвордтың («Егемен Қазақстан» газеті, маусым, 2000 ж.) иесі. «Сен білесің бе?», «Зерек», «Мың бір қызық», «Таным» аталатын кітаптары бар. «Жас Алаштың» әйгілі «Газет ішіндегі кітапхана» айдарында жарияланған үш автордың бірі. Оның «Табиғат – тылсым» атты әңгімелер циклы 2002 жылы, сәуірде газеттің 15 санында жарияланды. Жәкеңнің тағы бір қыры, деректі дүниелерді қаз-қалпында, мөлдіретіп жазуы дер едім. Оған «Ана тілі» баспасынан 2012 жылы жарық көрген әдеби портреттер, эсселер және мөлтек әңгімелер жинағы – «Сырлы әлем» айғақ. Аталмыш кітаптың алғысөзін жазған, бүгіндері 90 жасқа келіп отырған айтулы академик, атақты ғалым Серік Қирабаев бүй дейді: «Жанаттың осы жинағы тұтасымен әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерінің шығармашылық әлеміне арналған екен. Әйгілі ақын-жазушылардың, өнер саңлақтарының көркем бейнелерін әр қырынан сомдаған әдеби портреттер мен эсселер өте тартымды жазылған. Есімдері елімізге елеулі тұлғалар образдары шұрайлы штрихтермен, ұтымды детальдармен кескінделген...» Оқырман аталмыш кітаптан халық жазушылары Шерхан Мұртаза, Қалтай Мұхамеджанов, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әлі, Мұхтар Мағауин, сөз өнерінің маңмаңгерлері Балғабек Қыдырбекұлы, Сейдахмет Бердіқұлов, Марфуға Айтқожина, Темірхан Медетбек, Жақау Дәуренбеков, Мағира Қожахметова, Қастек Баянбай, Әлібек Асқаров, Есенғали Раушанов, қылқалам шеберлері Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмайлова, Раушан Момбекованың шығармашылық сырлы әлемімен танысады.

Өз өрнегі бар қаламгер

«Табиғат – әр беті терең мағынаға толы бірден-бір кітап» демекші, табиғатқа қатысты әр жылдары, әр мезгілде қойын дәптерге түртіп қойған қызықты штрихтарды сәті келгенде елеп-екшеп, шағын әңгімелерге дән ретінде пайдалансам ба дейтін. Ол жазғандары эссе де, этюд те емес, нақты деректерді өзек еткен, өзі бастан кешірген, елді елең еткізерлік оқиғалардың қай-қайсысы болмасын түпкі идеяға селкеулік түсірмей, бірін-бірі байытып, еселей толықтырып тұрғандай. Әр кезеңнің, әр уақыттың жаңғырығы іспетті бұл дүниелерді табиғат ғажайыптары хақындағы хикаят деп атапты Жанат Елшібек. Адам жады ғажап! Балалық шақтағы көргендері мен басынан өткерген оқиғалар тайға таңба басқандай, көзін жұмса болды кино тамашалағандай сезімге бөлейді. Ол түсінде де су жалдап, теңіз кешіп жүреді. Ол кезде үш айлық жазғы каникулдың қалай зу етіп өте шыққанын білмейтін. Ересек балалар үлкендерге ілесіп, теңізге шығып кетеді. Ал өзі құралпы қара сирақтар ұзақ күнді әртүрлі ермекке арнайды; доп қуады, асық ойнайды, қармақ салып, құстардың ұясын санайды. Сөйтіп күн көкжиекке құлағанда шаршап-шалдығып, сүріне жығылып үйге жетеді. Жазушы Жанат Елшібектің табиғат ғажайыптары жайлы хикаяттағы мөлтек әңгімелері бірінен-бірі өткен әсерлі, әдемі, қызық оқиғаларға құрылған. Оқи бастасаңыз жетелей жөнеледі, соңына жеткенше бас алмайсыз. Бұл сөзімізге «Жылан жұтқан тауық», «Балық жегіш түйе», «Құдықтағы ұя», «Жылан баққан бала», «Кекшіл аю», «Иттің көз жасы», «Асқазандағы жылан», «Сөйлейтін піл» т.б. әңгімелері дәлел. «Кекшіл аю» әңгімесінде, шалғайдағы жалғыз үй – жайлауда отырған шопан екінті ауа отардың бетін кері бұрып, қарай тұрарсың деп баласы Қанатқа тапсырып үйге келсе, әйелі жоқ. Жерошақта бықсыған қоламта сөнуге жақын. Күндегі дағдысынша асын әзірлеп, самауырды гүжілдетіп қоятын жұбайының көзге шалынбауы секем алдырды. Қазан-ошақ жиналмаған, киіз үйдің есігі мен түндігі жабылмаған. Аттан түспей іргедегі таудан құлап ағатын тентек өзенге тартады. Ондағы ойы, су алуға барғанда аяғы тастан тайып, құлап қалмады ма деген күдік еді. Арлы-берлі өзен бойлап біраз шарлайды. Арғы бетте отырған көрші малшылардан сұраса, ешкім көрмепті. Салы суға кетіп, қас қарая үйге оралады. Шешесінің жоғалып кеткенін естіген ұлы – Қанат та аң-таң. Ол да анасын уайымдап, көзіне жас алып, төңіректі тегіс шарлайды. Шешесінің атын айтып айқайлайды. Жартастарға жаңғырыққан дауыс зорайып, қорқыныш-үрейі одан сайын үдейді. «... – Әке, осы... шешемді аю... алып кеткен шығар... – Тәйт әрі! Өзің не деп шатып тұрсың!.. Қайдағыны айтып... Күмілжіген ол қатты зекіргеніме қарамастан көкейіндегісін ірікпеді: – Кеше сізге білдірмей, бұлақтың басындағы үңгірден көзін жаңадан ашқан аюдың кішкентай қонжығын алып келгем. Қорада байлаулы тұр. Байқадыңыз ба, бүгін етектен енесі көрінбеді. Күндіз біз қой бағып жүргенде сүт пісіріп отырған апамды көтеріп алып кеткен болар. Түнеугүні өзіңіз айтпап па едіңіз, ашуланған аюлар қойды да, адамды да ұрлап кетеді деп...» Әкесінің ақылымен ертеңінде таңертең аюдың қонжығын Қанат апарып тастайды. Содан соң аю жоқ сәтті пайдаланып,  апан аузындағы дәу қара тасты зорға дегенде жылжытып, үрейі ұшқан әйелді алып шығады. Шопанның жұбайы шошымалы сырқатқа ұшырайды. Түн баласы айқайлап, ұйықтай алмайды. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша атып алынған аюдың жүрегін жеп, соңында құлан-таза жазылады. Хикаяттағы әңгімелердің мазмұнын тізіп шығайын деп отырғам жоқ. Мәселе көлемі шағын шығармалардың шынайылығында, жоғарыда айтқанымыздай қызық оқиғаға құрылуында. Осы орайда, қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайырбековтің айтқаны  бар еді. «...Жазушыға керегі екі нәрсе – бірі суреткерлік, екіншісі әдемі көркем тіл. Бірі болмаса, бірі  жоқ. Көп жағдайда соның біреуінің жоқтығын мойындамай, қаншамамыз ұзақ әуре боламыз. Жанатта Құдайға шүкір, екеуі де бар... «Қош бол, теңіз...», «Жазылмайтын жара» повестерінде мынау қиын заманның екі бірдей толғақты мәселесін өзек еткен жазушы Жанат Елшібеков балалар әдебиетіне нағыз суреткер, талантты профессионал жазушының келіп қосылғанын дәлелдесе керек», –  дейді ақын толғанып. Ал сыршыл қаламгер, халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мағира Қожахметова: «Ж.Елшібектің повестерінде туған жер, ауыл тағдыры, экологиялық түйткіл, сұрапыл соғыстың өшпес іздері көркем бейнелеген» деп бүкпесіз сөз арнайды. Кейінгі жылдары жазылған «Балықтың қылтаны» повесі ұзақ пісті. Сонау 1932 жылғы ашаршылық трагедиясы... Арқадан ауып келген адамдар... Мынау аппақ әлемге, жарық өмірге құштар-ынтық жандар... Кеңес одағын басқарған «шаш ал десе бас алған» қатыгез, сұмпайы басшысымақтар... Қорғансыз кісілер... Ж.Елшібектің әкесі Орынбай жылқышы, шеге зауытында жұмысшы, одан соң колхозда балықшы  болған, өмірдің тауқыметін көп көрген қажырлы кісі болатын. Өз көзімен көрген төмендегі оқиғаны әкесінің аузынан естігені Жәкеңнің жадында қайыра-қайыра жаңғырып, миынан шықпай қойды. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, 1932  жылы көлде балық та болмай қалыпты. Жәкеңнің әкесі куә болған, көрші ауылдағы бір үйелменнің отағасы ауға түскен азғана балықтың етін әйелі екеуі жеп, қылтанын балаларына тастайды екен. Аш-арық балаларын мүсіркей аяп, сүйекке қақалып өлсін деген мақсатпен... Бірақ балалары балықтың тікенін сорып, әл жиып алатын көрінеді. Кейінгі жылдары қағазға түскен «Балықтың қылтаны» повесіне осынау шағын деталь себепші болғанымен, шығарманың пісіп-жетілуі, дүниеге келуі көп уақыт алды. Теңіз жағалап, Арқадан ауып келген адамдар, 1932 жылғы жұт, ашаршылық трагедиясы көз алдынан кетпей қойды. Хикаяттың кілті табылған кезде жазуға отырды. Повестегі басты тұлға – жасы сексеннен асқан Меңзипа әженің жүріп өткен қиын-қысталау бұралаң жолы, қартайған шағында немересін ертіп әке-шеше бейітін іздеп келуі, ата-баба рухына тағзым, туған жерге деген махаббаттың, сан жылдар сартап болған сағыныштың көрінісі!.. Жанарыңызға жас келіп, еріксіз мұңға берілесіз... Перзенттік парызын орындаған көзі көрмейтін зағип Меңзипа әже мен немересіне риза боласыз... Хикаят финалында арманы орындалған Меңзипа әжейдің көңілі аспандап, әжім айғыздаған жүзі нұрланып, бір жасап қалғанын көресіз. Марқұм әке-шешесі мен туыстарының рухтарына бағыштап ас беріп, құран оқытып, кіндік қаны тамған туған жердің аясында аунап-қунайды, бақыт құшағына бөленеді.

«Таусылмасын жан отың...»

Алдыңғы жылы күзде, Жәкең мен Жанна жеңешем және бір топ жазушы достарыммен ұлы Абай елін араладық. Артта қарт Семей қалып барады. Аспан қылаусыз ашық, шөкімдей бұлт көрінбейді. Қыркүйек айы тамылжып тұр. Бұлдырап Шыңғыстау көрінгеннен, атақты Күшікбай асуына іліккеннен Жанат ағамның көңілі көтеріліп, әңгіме тиегін ағытты. Көп ұзамай тау бүйірінен ағып шыққан Күшікбай бұлағына жеттік. Бұл тұманың басында Абай да, Шәкәрім де, Мұхтар Әуезов те талай болған. Мұқаңның «Қорғансыздың күні» дейтін ғажап әңгімесінің оқиғасы осы ел өмірінен алынған. Қасқабұлақтан өтіп, Құнанбай қорымына, Жидебайдағы Абай, Шәкәрім, Кеңгірбай басына тәуап еткенде Жәкеңнің жанары жасаурап, өзімен-өзі үнсіз қалғаны қасындағы бәрімізді қатты толқытты. Оның сыры неде екен?!. Ана бір жылдары қасиетті Мекке қаласына, Әл-Харам мешітіне барғанда, көзінен ыршып түскен тамшылар төмен домалап аузына тамған-ды...  Ағыл-тегіл жылап келеді екен...  Бір қараса қарақұрым жұртпен бірге Қара тасты шыр айналып жүр... Жүрегін иман нұры аймалап, қуаныш кернеген қажылар Қағбаның іргесіндегі зәм-зәм суынан шөл қандырып, Сафа-Мәруа тауына асыққан... Қажылық сапары ойына оралған болар Жәкеңнің... Адам баласы сағыныш пен мұңнан айырылса бәрінен айырылады дейді... Тәңірі сағыныштан айырмасын деңіз... Туған өлкесі Қараталын, балалық базарлы күндердің таңбасы қалған Балқашын жүрегі елжірей еске алады дәйім. – Әне-әне-е, естимісің... сағыныш сазы құлаққа талып жеткендей... Балқашқа құлаған құстар әні ме?!. Сөз жоқ, соның өзі!.. Көкек туысымен көк күмбезіне әсем өрнегін өрнектер кербез тырналар үні ғой!.. Сезім қылын тербер сиқырлы әуез алыстан талып естілгендей... Ерке Есілдің жағасында, елорда төрінде ала қағазға тесіліп отырсам да Қараталымды бойлай, бауыр басқан Балқашымды бетке алған қанаттылар керуенін ой көзімен көргендеймін, – дейді Жәкең толғанып. Кейде әкесі Орынбай мен анасы Төлеуғайшаны түсінде көретіні бар. Жұбайы Жаннаға жеті шелпек пісіртіп, таңғы шәй үстінде құран бағыштайды. Өлілер рухы тірілерден дұға дәметеді ғой қашанда!.. Алпысқа толғаны кеше сияқты еді. Өнер адамына тән мінезі кейде шалт-шапшаң болғанымен, табиғатынан бекзат, сырбаз, қарапайым, кішіпейіл Жәкең жетпіске алқынбай, аптықпай әдемі жетті. Аллаға тәуба айтудан жалыққан емес. Үйткені, аса қамқор, ерекше мейірімді Тәңірі адал пендесін алғаусыз алқайды, иман нұрын төгеді. Ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, құлыншақтай немерелер сүйген  Жәкең, бақыт құшағына бөленген қадірменді ата бүгінде. «Жанат Елшібектің жазушылық, журналистік еңбектері жұртқа кеңінен белгілі, – дейді дарынды ақын Темірхан Медетбек. – Ол еңбектері елеусіз емес. Қаламы қарымды, қуатты, адал, ақкөңіл досыма жыр тілімен былай дегім келеді: Жаны сергек Жанатым, Жүрек шамын жағатын. Айналаңды жылытар, Таусылмасын жан отың... Қандай дәл айтылған сөлді сөз. Ал көңілдегі көрікті ойды шиырлап қайталау – жақсы лебіздің дәмін келтірсе керек. Сондықтан біз де ақын жүрегінен шыққан шынайы пікірге қуана қол қойдық....  

Толымбек Әбдірайым,

жазушы

Астана қаласы.