836
Сексеуіл саудасына тыйым салынбақ
Сексеуіл саудасына тыйым салынбақ
Сексеуіл саудасына түбегейлі тыйым салынбақ, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Сенат өсімдік пен жануарлар әлеміне қатысты заңға осындай түзетулер енгізді. Түзетулерге сәйкес, енді жанармай бекеттері мен жол бойында самсап тұратын сексеуіл саудасы жойылуы тиіс. Негізі шөлейтті аймақтарда ғана өсетін ағаштың бұл түрін 2018-ші жылға дейін шабуға тыйым салынған болатын. Алайда сексеуіл саудасы одан азайған емес. Енді Үкімет браконьерлікпен күреске мықтап кіріскелі отыр.
Сексеуіл – шөл және шөлейтті жерлерде тамырын тереңге жіберіп өсетін өсімдік. Құм көшкінінен қалқалайтын қауқары бар. Көмір мен газға қол жетпеген жылдары көптеген ауыл-аймақтар осы өсімдікті отындыққа да пайдаланды. Ал қазір кәуап пісіретіндерге таптырмас отын. Шоғы ұзақ уақыт сөнбейді, әрі қызуы да жақсы.
Мейрамханаларға сексеуілді жеткізу де аса қиын емес. Қаладағы жанармай бекеттерінде қорапқа салынған табиғи отын толып тұр. Ал онда арнайы компаниялар жеткізіп отырады. Қымбатсынғандары көше бойын жағаласа болғаны. Әсіресе, қала сыртындағы демалыс орындарына қарай баратын жолдарда қалтаға қолайлы бағамен емін-еркін саудаланып жатыр.
Негізінде сексеуіл шабуға елімізде 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін заңмен тыйым салынған. Бірақ көшелерде саудасы қызып тұрған сексеуіл түптерінің қайдан және қандай жолмен келіп жатқаны беймәлім. Енді бұл бассыздықтың да жолы кесілмек.
«Жанармай бекеттерінде, дүкендерде сексеуіл сатылып жатыр. Заңсыз сауда Алматы облысы, Қызылорда облысы, Жамбыл облысы, Ақтөбе облыстарында көп», – дейді ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.
Бүгінде еліміздің шөлейтті аймақтарында, сондай-ақ, Арал теңізі маңында құм көшкінін азайту үшін сексеуіл түптерін отырғызу қарқынды қолға алынған. Ал оларды кесу және сату деректері тіркелген жағдайда ірі көлемде айыппұл төлейді.