393
WannaCry вирусын қытайлық хакерлер жасаған болуы мүмкін
WannaCry вирусын қытайлық хакерлер жасаған болуы мүмкін
Соңғы уақытта компьютерлерді зақымдап жатқан WannaCry вирусын жасаушылар анықталды, – деп хабарлайды Астана арнасы.
Сарапшылар WannaCry вирусын кім жасағанын анықтады. Америкалық Flashpoint компаниясы мамандарының дерегінше, бұл зиянкес бағдарлама
қытай тілінде жазылған. Яғни, WannaCry вирусын қытайлық хакерлер жасауы мүмкін. Өйткені троянды жасаған маман қытай тілінде сөйлейтіні мәлім болды. Демек, оның Гонконг әлде оңтүстік Қытайдың, тіпті Сингапур мен Тайвань тұрғыны болуы ықтимал.
Вирустың қарқыны әлі де бәсеңдер емес. 12 мамырдан бері WannaCry әлемнің 150 еліндегі жүздеген мың қолданушыға шабуыл жасапты. Вирустың келтірген шығын көлемі 1 миллиард доллардан асып түсті.
«Бұл вирус компьютерден компьютерге пошта арқылы емес, желі арқылы таралды. Сондықтан оның таралу қарқыны анағұрлым жылдам. Қазір магнитті-резонансты томографтар мен өзге де медициналық құрылғылар Windows XP жүйесін қолданады. Демек, бұл қондырғыларға да қауіп төніп тұр», – деді Лондондағы университеттік колледждің киберқауіпсіздік ісінің сарапшысы Стивен Мердок.
WannaCry вирусы біздің елді де айналып өтпеді. Мәселен, WannaCry еліміздегі 100 мыңнан астам дербес есептеу машиналарын бүлдіріпті. Абырой болғанда, мемлекеттік мекемелер дін аман. Десек те, Қазақстан интернет-қауымдастығының президенті Шафкат Сабиров бұған қуануға әлі ерте екендігін айтады.
Қазақстан интернет-қауымдастығының президенті Шафкат Сабиров: «Касперский зертханасы анықтағандай, Алматыдағы бір ғана телефонға 6-8 вирустан, ал астаналықтарға 4-5 вирустан келеді. Егер мені вирус мазаламаса, онда маған арналған вирус басқа біреуді әбігерге салғаны. Егер Қазақстанға мұндай шабуыл жасалмаса, бұл еліміздің қорғанысы тым мықты екендігін білдірмейді. Өйткені біз оларға тартымды емеспіз. Егер ауқатты болсақ, олар бізді де біраз састырар еді», – дейді.
Мамандар кесірлі вирустың кесепатынан сақ болуы үшін, күдікті сілтемелерді ашпау керек деп отыр. Мұндайда жеке мәліметтердің қолды болуы мүмкін.