Оқытушылардың пара алуына не себеп?

Оқытушылардың пара алуына не себеп?

Оқытушылардың пара алуына не себеп?
ашық дереккөзі
Университеттегі сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін, ең әуелі, оқытушылардың жалақысы қанша екенін біліп алған маңызды. Себебі бұл профессорларды жемқорлыққа итермелейтін факторлардың бірі. Бұл туралы Энерджи Дельта институтының профессоры және ғылыми қызметкері, Ақтөбе мұнай жабдығы зауытының басқарма төрағасы Александр Ван де Путт елордада өткен II «Академиялық адалдық және университетті басқару» xалықаралық конференциясында айтты, деп xабарлайды Baq.kz. «Бүгінгі конференцияда көтеріліп отырған академиялық адалдық мәселесі өте өзекті. Себебі жемқорлық, көшіріп басу, плагиат, өкінішке қарай, әлемнің барлық университетінде кездеседі. Жоғары оқу орындарында жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен қарапайым тәсілдермен-ақ күресуге болады. Жемқорлықпен күреспес бұрын мұның түпкі себебіне үңілген жөн. Әдетте жалақысы жоғары жерлерде жемқорлық аз болады. Профессорлар мен оқытушылардың айына табатын табысы қанша? Менің ойымша ол ең басты аспект. Мен бұл жерде Назарбаев университеті, КИМЭП немесе ҚазГЗУ секілді беделді, танымал университеттерді айтып тұрған жоқпын. Мәселен, Ақтау, яғни қарапайым университеттердің оқытушылары қанша алады? Әрине, бұл жемқорлыққа итермелейтін факторлардың бірі ғана», - дейді профессор. Шетелдік сарапшының айтуынша, жемқорлық деген ұғымның аясы кең, оны тек ақша, пара деп тар мағынада түсінуге болмайды. «Жемқорлық дегенде мен тек ақшаны ғана емес, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасын, көзқарасын да меңзеп отырмын. Мәселен, егер мен өзіме ұнайтын қызметкерді білімі мен біліктілігі төмен болса да, жоғары қызметке тағайындасам, бұл әділдік пе? Әрине, жоқ. Бәрі еңбекпен келеді. Қанша тер төксең, сонша жемісің көресің», - дейді Александр Ван де Путт. Бүгін Астанадағы ҚазГЗУ-да «Академиялық адалдық және университетті басқару» атты ІІ халықаралық конференция ашылды. Іс-шараның мақсаты – академиялық адалдық және жоғары оқу орындарын басқару саласындағы тәжірибемен алмасу, озық халықаралық тәжірибені талқылау және Қазақстанда академиялық адалдықты дамыту үшін жаңа стратегияларды тұжырымдамалау.