Синтетикалық есірткі жарнамасымен күрес күшейді

Синтетикалық есірткі жарнамасымен күрес күшейді

Синтетикалық есірткі жарнамасымен күрес күшейді
ашық дереккөзі
1027
Есірткімен күрес – қоғамдағы маңызды міндеттердің бірі. Елімізде есірткі саудасымен айналысатындардың, наша тұтынатындардың жолына тосқауыл болу үшін  барлық тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Ендігі ретте құзырлы органдар синтетикалық есірткіні жарнамалаушыларға қарсы күресті қолға ала бастады. Соңғы уақытта көптеген қалаларда қауіпті синтетикалық есірткіні жарнамалау белең алған. Осыны ескерген алматылық белсенділер арнайы қоғамдық ұйым құрып, осы қауіппен күрес жүргізуге кірісті. Қазір жастарды еліктіретін есірткі заттары әлеуметтік желілер арқылы кеңірек жарнамалануда. Өкініштісі, жаңа сипаттағы есірткілердің саудасына тосқауыл қоюға құқық қорғау органдары қауқарсыз. Ал қауіпті есірткі түрлерін саудалаушылар жаңа технологияның мүмкіндіктерін пайдаланады. Сондықтан қоғамдық ұйым өкілдері әлеуметтік желілер арқылы ересектердің назарын аударуды көздейді. Қоғам белсенділерінің сөзіне сүйенсек, тұрғын үйлердің қабырғаларына трафарет түрінде салынатын сызба арқылы белгілі бір сайттың мекенжайын көрсететіндердің жолын кесу де оңай шаруа емес. Өйткені олар мұндай жарнамаларды түнгі уақытта іліп кетеді. Сондықтан белсенділер мұндай жазбаларды үйлердің қабырғасынан өшіріп тастау үшін қоғамдық қор арқылы насихатты бастаған. Ішкі істер министрлігінің өкілдері қоғам белсенділерінің дабылынан кейін Алматы қаласындағы көп қабатты үйдің қабырғаларына жазылған синтетикалық есірткі жарнамаларын арнайы тексерді. Аталмыш министрлікке қарасты Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы Алмас Сәдубаевтың сөзінше, қазір тәртіп сақшылары жарнама авторларын іздестіріп, тыйым салынған заттарды жарнамалаған ғаламтор ресурстарындағы парақшаларды бұғаттап тастаған. «Қазір ғаламтор парақшалары толық бұғатталды. Ал тұрғындардан көп қабатты үй қабырғаларында осы сынды жарнама байқасаңыздар, жедел суретке түсіріп, оның жазылған мекенжайын полицияға хабарлауды сұраймыз», – деп ескертті ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы Алмас Сәдубаев. Ал нарколог-дәрігерлер таблетка түрінде саудаланатын есірткіні тұтынушылардың қатары артқандығын алға тартуда. Соңғы уақытта денесіне еш сызат түспеген, бірақ мең-зең күйге түскен жастар есірткіден емдеу орталықтарына жиі баратын көрінеді. Бірақ мұндай мекемелерде синтетикалық ауыр есірткілерге әуестенушілердің арнайы статистикасы жүргізілмейді. «Бұл синтетикалық заттар жаңаша химиялық сипатымен ерекшеленеді. Олар адам ағзасында тәуелділікті тез қалыптастырады. Оны бір рет тұтынған адамның орталық жүйке жүйесі зақымданады да, қайта қалпына келтіруге ұзақ уақыт қажет болады. Мидың жұмысын әлсіретіп, адамды психикалық ауруға  айналдырады», – дейді нарколог-дәрігер Надежда Черченко «Астана» арнасына берген сұхбатында. Статистикалық деректерге қарағанда, синтетикалық есірткіге тәуелді болатындардың басым көпшілігі 14-21 жас аралығындағы жасөспірімдер. Сонымен қоса, олардың қатары күн санап артып келе жатқандығы бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Мамандар болса, синтетикалық есірткілердің әсері есірткілер тізіміне енгізілген марихуанадан әлдеқайда күшті екенін ескертуде. Жалпы, 2010 жылы еліміздің Денсаулық министрлігі әр түрлі миксыларды ел аумағына әкелуге тыйым салған болатын. Бірақ бір ғажабы, әкелуге тосқауыл қойылғанмен, миксыларды пайдалануға тыйым салынбады. Есірткілер тізіміне енгізілмеді. Синтетикалық есірткіні елімізге тасымалдауға заңмен тыйым салынғанымен, ел ішінде саудалауға қарсы ешқандай заң жоқ. Сондықтан осындай жолмен қалтасын қампайтуға ниеттілер тыйымның жоқтығын пайдаланып, табыс тауып жүр.  Ал синтетикалық есірткілерді таратушыларға қарсы тұруға Ішкі істер қызметкерлерінің қауқары жоқ. Синтетикалық есірткілерді саудалауға қарсы заңдық тетік жоқ болғандықтан, спайс, әр түрлі миксылар мен тұздар елімізде емін-еркін саудалануда. Сол себепті, Қазақстанға мұндай заттарды әкелуге ғана емес, оны пайдалануға да тыйым салу керек. Сонан соң, заң жүзінде оларды таратушыларға қылмыстық жаза қолдану қажет. Олай болмаған жағдайда, есірткі пайдаланушылар мен есірткіге қатысты қылмыс саны азаймасы анық.  Ғаламтор желісі арқылы синтетикалық есірткілер түрін саудалап, қалталарын қампайтып отырған топтардың бар екендігін ешкім жоққа шығармайды. Сорақысы сол, ақшасы бар кез келген жасөспірім интернеттегі сайтқа кіріп төлем жасаса, улы затты уысына оңай түсіре алады. Сондықтан қазақ­­стандық наркология мамандарын синтетикалық есірткілердің жайы қатты толғандыруда. Синтетикалық есірткілердің ішіндегі ең қауіптісі каннабиноидтар – яғни, спайс, басқаша  айтқанда, «тұздар». Бұл есірткі түрі адамды өзіне тәуелді етеді. Спайс – синтетикалық есірткі, негізінен Қазақстанға Қытайдан жеткізіледі. Бұл өнімді сатушылар оларды дәмдеуіші бар қоспа, «легалка» деп атайды. Бұл есірткінің қауіптілігі адам ағзасын тез бұзып, оған бейімдейді. «Спайс» деп аталатын темекі қоспасының құрамына бірнеше шөптер, оның ішінде психобелсенді әсер беретін шөптер енеді. Әсіресе, шалфей, көк лотос, гавайлық раушангүлі. Кейіннен, зерттеулер жүргізгенде, ұнтақта қарасорада бар синтетикалық заттектер-каннабиноидтердің бірқатары табылды. Өндіруші шөп қоспасына дамыған елдердің көбінде тыйым салынған синтетикалық психобелсенді заттектерді қосқан. Ресми емес мағлұматтарға сүйенсек, Қазақстанға синтетикалық есірткілерді  алып келетін елдердің бірі – Қытай. Синтетикалық есірткі мәселесі әлем бойынша бар. Мұндай есірткі түрлері Ресейге де, Еуропа елдерінде де кең тараған. Әлемде синтетикалық есірткінің 240-тан астам түрі бар. Әлемнің бірқатар елдерінде синтетикалық еліткіш заттар есірткілер тізіміне енген көрінеді. Алысқа бармай-ақ, Ресейде «спайс», «дизайнерлік қоспа» деген синтетикалық наркотиктерге қатаң тыйым салынған. Қазіргі кезде жастар арасында шылымға араластырып шегуге арналған қоспалар түріндегі есірткілік заттардың тарау процесіне көз ілесер емес. Олар туралы ақпарат елімізде алғаш рет 2009 жылы пайда болыпты. Бірнеше рет мақсатты жедел іс-шара өткізіліп, олардың құрамында есірткі немесе психотроптық заттар бары анықталған. Елімізде синтетикалық есірткіні емін-еркін саудалап жүргендерді заңмен жауапқа тартып, жаза қолданбаса, жағдайдың нашарлай түсер түрі бар. Әлбетте ол үшін заң керек. Мәселені шешу жолдарын қарастыру қажет. Әйтпесе қазақ жастарының болашағы бүлінуі бек мүмкін.          

Серіктес жаңалықтары