635
Хо Ши Миннің Алматыда ізі қалған
Хо Ши Миннің Алматыда ізі қалған
Тарихты тұлғалар жасайды. Шығыс Азия елдерінің тарихында Мао Цзе Дун, Сун Ят Сен, Дэн Сио Пин, Хо Ши Мин, Шан Хай Ши, Махатма Ганди, Махаткир Мұхамед үлкен бетбұрыстар жасаған жандар.
Хо Ши Мин француздар мен жапондардың отары болған Вьетнамға ұзақ жылдарға созылған ұлт-азаттық күрес арқылы 1945 жылы тәуелсіздік алып берді. Вьетнам Социалистік Республикасы орнады. Оның күреске толы өнегелі өмір жолы – тек Вьетнам халқына ғана емес, бүкіл шығыс елдеріне, оның ішінде Орталық Азия халықтарына да үлгі.
Жуырда Алматыдағы «Орхон» баспасының «Ұлы тұлға» сериясы бойынша Вьетнам халқының ірі тарихи тұлғасы, саяси қайраткері, президент «Хо Ши Мин» атты кітап қазақ-ағылшын тілдерінде жарыққа шықты. Кітаптың тұсаукесер рәсімі Абай атындағы ҚазҰПУ-де салтанатты жағдайда өтті. Еліміздегі Вьетнам Социалистік Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Доан Тхи Суан Хиен ханым, елшінің көмекшісі Ле Дак Куан, бірінші хатшысы Чан Динь Туан мырзалар бастаған бірнеше қызметкерлер Астанадан Алматыға арнайы келді. Сондай-ақ, тұсаукесерге Үндістан Республикасының консулы Мартин Клеменис, Малайзия Республикасы консулдығының бірінші хатшысы Норлиза Бинти Мд Заин ханым, ҚР Сыртқы Істер министрлігінің «Қазақстанның дипломаттар қауымдастығы» кеңесінің мүшесі Мақсат Нұрмағамбетов пен министрліктің Алматы қаласындағы Өкілдігінің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы жөніндегі кеңесшісі Алмаша Аренова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы атынан ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы, «Орхон» Баспа үйінің директоры Жәмила Айдос қатысты.
Университеттің бірінші проректоры Мубарак Ермағанбетов тұсаукесер рәсімін ашып, Вьетнам Социалистік Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Доан Тхи Суан Хиен ханымға сөз берді. Елші екі елдің әлеуметтік-экономикалық қатынастары, Қазақстанның қарқынды дамуы, мәдени-достық байланыстары жөнінде маңызды әрі мәнді сөз қозғай келіп, соның жарқын көріністерінің бірі − аталмыш кітаптың жарыққа шығуымен көпшілікті құттықтады.
Елшіден кейін сөз алған Нәбижан Мұхаметханұлы, Мартин Клеменс, Норлиза Бинти, Дудар Жәкенов, Алмаша Аренова және Дәулетбек Байтұрсынұлы кітаптың қазақ халқы үшін де ерекше рухани құндылық екенін саралап берді.
Біздің тағдырымыз ұқсас. Бұрын Францияның отары болған Вьетнам 1945 жылы тәуелсіздігін алса, Қазақстан Кеңестер Одағынан 1991 жылы ғана еркіндік алды. Тәуелсіздік үшін күрес екі елге де оңай болған жоқ.
«Жау жағадан алса, бөрі етектен» демекші, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Америка агрессорлары Солтүстік Вьетнамға әскери шабуыл жасап, өз ықпалдарына көндірмекші болғанын біздің бүгінгі аға буын өкілдері жақсы біледі. Әлі есімде. Сол кезде біз мектеп қабырғасындағы оқушы едік. Бала да болсақ республика ақпарат құралдарынан Вьетнамдағы соғыс барысынан хабарлар оқып, радиодан естіп отырушы едік. Ауылдың көше бағанындағы қалпақты радиодан: «Кеше Вьетнам қарулы күштері жаудың төрт-бес әскери ұшағын атып құлатты» дегенді ести сала бейне бір өзіміз атып түсіргендей, уралап қуанушы едік. Сондағы балалық қуанышымызда шек болмайтын.
Соғыста бәрінен де балалардың азап шегетіні анық. Телеарнадан бомба жарылыстарынан Вьетнам ауылдарының өртке оранып жатқанын, қым-қуыт сапырылысқан жұрттың арасынан балалардың аналарынан адасып, шырқырап жылағанын көрсеткен деректі үзінділерден ет-бауырымыз езіліп, аяушылық сезімге бой алдыратынбыз. Қайтсек сол балаларға көмек бере аламыз дейтінбіз. Соның жөнін колхоз басшыларынан сұрағанымызда: «Сенбілік жасаңдар, содан түскен қаражатты Вьетнам балалары қоры есебіне аударыңдар», − деп кеңес берді. Біз солай жасадық.
Алматы – вьетнамдық достарымыз үшін ерекше қала. Солай болатын себебі 1959 жылы Хо Ши Мин бастаған Вьетнам республикасының үкімет басшылары сол кездегі Кеңестер Одағының астанасы Мәскеуге ресми сапармен барып, қайтар жолда Алматыға арнайы атбасын бұрған. Қазақстан Республикасы министрлер кеңісінің төрағасы Дінмұхамед Қонаев оны аэропорттан қарсы алып, салтанатты жағдайда қабылдап, келіссөз жүргізгені әлі күнге жадымызда. Ол қазақтың ұлттық тағамынан дәм татып, аз күн болса да осы елдің кәусар ауасымен дем алды. Біз сол бір ұмытылмас кездесуді коммунистік идеяға берік, халқы үшін барын берген Дінмұхамед Қонаевтың естелігінен оқыған едік.
«...Партия, кеңес органдарының жұмысымен танысу үшін шілденің аяқ шенінде республикаға Вьетнамның, халықаралық коммунистік және жұмысшы қозғалысының көрнекті қайраткері Хо Ши Мин келді. Беляеев бұл кезде қалада жоқ еді, демалыста жүрген-ді. Кәріпжанов екеуміз қадірлі қонақты қарсы алып, оның жемісті жұмыс істеуіне жағдай туғыздық.
Сапар кезінде Алматы облысы мен астананың көз тартар, көңіл қояр жерлерін аралап, бірқатар өнеркәсіп орындарының, колхоз, совхоздардың, мәдени мекемелердің жұмысымен танысты. Қай уақытта болмасын оның көкейкесті сұрақтарына ықыласпен жауап беріп отырдық. Қайтар алдында Хо-Ши-Мин Қазақстанмен жан-жақты танысуға мұрсат алғаны үшін алғыс сезімін білдірген көлемді хат жазып қалдырды.
Оның шын аты – Нгуен Тат Тхань, тар жол, тайғақ кешуден өткен кісі. Англия, АҚШ, Францияда тұрып, Үндіқытай халықтарына тәуелсіздік талап еткен, революциялық қызметі үшін талай рет тұтқындалып, тар қапаста отырған, 1929 жылы сырттай өлім жазасына кесілді. Ол өмірінің соңына дейін Вьетнам тәуелсіздігі жолында және халық пен партияның бірлігі үшін, марксизм-ленинизм, пролетарлық интернационализм рухы негізінде халықаралық коммунистік қозғалысты нығайту үшін күресіп келді.
Біз осындай ержүрек елдің ардақты ақсақалына барынша назар аударып, оның КСРО-ға келу-кетуін, яки бар шығынын көтердік. Осында болған күндерінде қаражаттан қысылмасын деп, едәуір кеңес ақшасын бергенбіз. Бірақ ізетке найза бойламайтынын білетін Хо Ши Мин одан көк тиын жаратпай, кетерінде түгел қайтарды. Өте қарапайым, бауырмал және сонша дана қарт ұмытылмастай әсер қалдырды». (Дінмұхамед Қонаев, «Ақиқаттан аттауға болмайды». Алматы. «Санат» баспасы, 1994 жыл).
Иә, Хо Ши Миннің сол кездегі Қазақстан астанасы Алматыда ізі қалды. Хо Ши Мин мен Алматы бауырлас қалалар атанып, Қонаев жоғары бағалаған Шығыс халықтарына ортақ, тарихи тұлғаны мәңгілік есте сақтау үшін оған Алматыдан көше атын беріп, ескерткішін қоюға да болар еді. Сол секілді Хо Ши Мин қаласынан қазақ халқының даңқты ұлы Дінмұхамед Қонаевтың атына сондай құрмет көрсетіліп жатса, құба-құп дер едік.
Елші Доан Тхи Суан Хиен ханым «Хо Ши Мин» кітабының тұсаукесер рәсімінің соңында кітапты жарыққа шығарған «Орхон» баспасының ұжымына, оның директоры Жәмила Айдосқа ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.