Арменияда бір апта бойы іздестірілген үш жастағы Тигран Ованесовты өз әкесі өлтірген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Арменияның ішкі істер министрі Арпине Саркисян тергеудің алдын ала мәліметтерін жариялау кезінде мәлімдеді.
Тигран Ованесов 27 қазанда жоғалып кеткен. Оны іздеуге 500 құтқарушы, полицей және еріктілер жұмылдырылды. Тергеу комитеті "кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. 2 қарашада оның денесі Ованесовтар отбасы тұратын Гегаркуник облысынан табылды.
Тергеу нұсқасы бойынша, оқиға болған күні Тигран мен оның үлкен ағасы үйден шығып, аулада әкелерімен кездесіп қалған. Ер адам мен балалар арасында жанжал туындап, сол кезде күдікті кіші ұлын тұншықтырып өлтірген.
Бес жастағы ағасының денсаулығына байланысты толық куәлік бере алмайтыны айтылды. Алайда, министрдің айтуынша, мамандар оның реакцияларын тіркеп, бұл тергеуге оқиғаның ретімен өрбуін қалпына келтіруге көмектескен.
Ер адамның қылмыстың ізін жасыру мақсатында баланың денесін бірнеше рет басқа жерге апарғаны анықталды.
Қазір осы қайғылы оқиғаның барлық жай-жапсарын анықтау үшін кешенді тергеу шаралары жүргізілуде.