Баукеңнің бар болмысы – ұрпаққа үлгі

Батыр бейнесі адамзат үшін өмірдегі  ұлылыққа, шындыққа және  адамгершілікке деген биік  сенімді орнықтырады.

В.Г. Белинский

Кеңес  Одағының  Батыры, даңқты  қолбасшы, елдік  пен  ерліктің  киесіндей, батырлық пен  батылдықтың  иесіндей, асылдық пен  жасындықтың  үлгісіндей  аты  аңызға  айналған Бауыржан Момышұлы ағамызбен  кездесіп,  жүздескен  кездерім дара  тұлғаның  ойлы  да  мағыналы  әңгімелерін қасында  отырып, өз аузынан ұйып  тыңдаған сәттерім жадымда  мәңгі  сақталып  қалған еді.

Ең  алғаш Бауыржан ағамен  жетпісінші  жылдары  Алматы  мейрамханасында  кездейсоқ кездестік. Сол кезде  Алматы  зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында  сырттай  оқитын жылқышы, жерлес  ағам соңғы  курстағы  кезекті  сессиясына келген еді.  «Ауылдан келдім  ғой, қалада  бірішек  болып жүрген  студент інімді  қонақ етейінші»,  – деп  мейрамханаға  дәмге  шақырған болатын.

Мейрамханаға  кіріп,  дастарқанға  жайғаса  бергеніміз сол еді, дәл жанымыздағы  үстелге  отырған батыр тұлғалы, мұртты аға қол бұлғап, бізді  қасына  шақырды. Бұрын суреттерін газет-журнал, кітап беттерінен жиі  көріп жүргендіктен Бауыржан ағаны  бірден тани  кеттік  те, екеуіміз де  қос  қолдап  сәлемдестік.

– Балаларым,  мына  жанымдағы  орындар бос, жайғаса  беріңдер, – деп Бауыржан аға  жерлес  ағама  қарай  бұрылғанда  оның  төсінде  жарқыраған  Социалистік Еңбек  Ерінің алтын жұлдызына  көзі  түсті. – Батыр баламмен қатар отырғым  келгендіктен сендерді  қасыма  шақырған едім.  Ал,  батыр бала,  әңгімелесе  отырайық. Мына  төсіңде жарқыраған Алтын жұлдызың алыстан көз  тартады  екен. Үкімет қандай  еңбегіңді   бағалады, – деп  жылы  жүзбен  мейірлене  жауап күткендей  болды.

– Менің  әкем  кеңшарда  көп  жылдардан бері  жылқышы. Мен  әкемнің  көмекшісімін. Өткен  жылы  ғана  жүз биеден жүз құлын алған еңбегіміз бағаланып, әкем  екеуіміз де  Социалистік  Еңбек  Ері атандық. Өзім  зоотехник  болуды  армандап, сырттай  оқушы  едім. Кеше  ғана  соңғы  курстағы  кезекті  сессияма  келген бетім.  Мына  інім, – Қаз МУ-де  студент. Болашақ журналист. Батыр аға,  өзіңізбен  бір дастарқан басында  дәмдес  болғанымды ауылға  барған соң  ауылдастарыма  мақтанышпен  жыр етіп айтатын болдым  ғой.

– Батыр мен  емес,  сен  ғой.  Сұм  соғыста  бес  жыл бойы  өлім  мен  өмірдің  арасында  отқа  оранып, мұз жастанып, қан кешкен  ағаң  сен секілді  Алтын жұлдыз таққан жоқ әлі (ол кезде  Бауыржан ағаның  Кеңес Одағының  Батыры   атағын алмаған кезі) «Айғыр шапты, байтал тапты» дегенмен  де, сен  алтын жұлдызға  ие  болдың. Сен  Еңбек  ерісің, сен  батырсың, әрине. Керісінше  батыр баламмен  қатар отырғаным  үшін  мен  масаттануым  керек  қой, – деп  аға  қалжыңдай  жымиып  қойды. Жымиған кезінде  әдеттегі  сұсты  жүзінен мейірім  шуағын сезіндім. Мейірлене  отырып:

– Сен де мықты  журналист бол,  шығармашылық табыстар тілеймін,  – деп  маған да  ақ батасын берген еді.

Баукең – адамгершіліктің, азаматтықтың, патриоттықтың, имандылықтың символы, көркем  бейнесі іспетті аты аңызға  айналған баһадүр батыр адам  мен  үшін.

Алаштың  ғана  емес,  әлем  халқының ортақ перзенті дәрежесіне  дейін көтерілген азамат  ағамен  екінші  мәрте  Республикалық жас  ақын-жазушылардың  үлкен  бір жиынында  тағы  да  кездесудің  сәті  түсті.

Президиумда отырған Баукеңе  сөз кезегі  тигенде, жаудан қорықпаған қазақтың  қаһарман батыры сөз арасында: «Менің  үш қорқынышым бар.  Біріншісі – бесік жырын айта  алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі – немерелеріне  ертегі  айтып бере алмайтын  әжелердің көбеюінен, үшіншісі – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын», – деген еді. Иә, шындығында  ұрпағымыздың  қамы  ұлтымыздың  қамы  екендігін естен  шығармағанымыз жөн. «Өмірде  адамның  үш жұты  бар.  Олар – кәрілік, өлім және  мәңгүрт ұрпақ», – деген-ді Баукең. Кәрілік  келмей  қоймайды, өлім алмай  қоймайды, оларға  ешкім  де  өз үйінің есігін тарс  жауып алып, қарсы тұра алмайды. Ал ұрпағымыздың  мәңгүрт,  жарымжан болып қалмауы үшін өрттен қорғағандай қорғау –  баршамыздың  парызымыз.

Осыдан 40 жылдай  уақыт бұрын айтылған осы  ойларындағы  көрегендігі – біле  білген жандарға  ұлы  тәрбие. Шешен аға  әр кез «сөз қадірі – өз қадірі,  өз қадірі – ел қадірі» деп  бағалаған ойшыл ірі  тұлға  ғой. Ағаның  сол жиында  айтқан әр сөзі  – жаттап  алатындай, айғақ пен  дәлелге  толы  өмір шындығынан өрілген үлкен  бір өнеге  мектебі  іспетті еді.

Бауыржан аға – соғысты  көзімен  көрген жазушы. Ол  – әскери суреткер. Айтар ойы,  жазар тақырыбы  – соғыс  шындығы. Ол  өз шығармасының  шынайы  кейіпкері, өзінің  образдарымен  тұтасып кеткен  тұлға. Барлық оқиғалардың  бел ортасында  өзі  болғандықтан, автор әңгімені  өз атынан айтады. Шешендікпен,  шынайы  жеткізе  айтады.

Баукеңнің  мірдің  оғындай  нысанаға  дәл тигізер қанатты  сөздері  де  жетерлік. Ағаның  нақылдары  сан алуан тақырыпқа  арналған: соғыс  және  бейбіт өмір, тәртіп  пен  тәрбие, парыз бен  қарыз, тіл мен  әдебиет, салт пен  дәстүр, тағы  сол сияқты  болып жалғаса  береді. Мәселен,  «Отан үшін отқа  түс – күймейсің», «Қарабет болып қашқанша – қайрат көрсетіп өлген артық»,  «Ерлік  – елдің  қасиеті,  жүректілік – жігіттің  қасиеті», «Тізе  бүгіп тірі  жүргеннен, тіке  тұрып өлген артық», «Опасызда отан жоқ», «Жаныңнан күдер үзе соғыспасаң, жауды күйрете  алмайсың»,  «Ердің  туы  – намыс», «Сен  жаудан қашсаң, өмір сенен  қашады», «Жауды  өлтірсең – өлімнен құтылдың, өлтірмесең  өлімге  тұтылдың», «Жеңіс  шайқасқа  дейін шыңдалады»,  «Ерлік  елеусіз қалмасын»,  «Айбындана  шапқаннан ажал да  сескенеді», «Ту  сыртыңнан тиген дұшпанды  торға  түсір,  өршеленген жаудың  үнін өшір», «Хас  батыр ұрпағы бардың арманы жоқ».

Батыр ағаның  айтып,  жазып қалдырған, уақыт елегінен өтіп,  ұрпақтар зердесіне  ұялаған осындай  ұлағатты  нақылдары  ұшан-теңіз

Ерлікке,  өрлікке  ұмтылған жастарға  азаматтық,  патриоттық тәрбие  беруде,  олардың  өмірден  өз орнын адаспай  табуына  рухани азық боларлық осынау  аталық өсиеттердің  әсері  ерекше  болары  да  даусыз.

Шын мәнінде, 1941-1945 жылғы  соғыс  қазақтың  батыр халық екенін мойындатты.  Оның  ішінде  немістерге  де  мойындатты. 1943 жылы  Сталинград түбінде  тұтқынға  түскен  фельдмаршал Паулюс армиясының  офицері  өз күнделігіне былай  деп  жазыпты: «Көсемдерінің  аты  берілген қаланы  біздің  қарсыластарымыз жанын сала  қорғады. Соғыстың  қызған уақытында  алғы  шепке  жіберілген менің  солдаттарым бір уақытта  қатты  састы, өйткені  орыстар қайдан тапқаны белгісіз, әлде  биологиялық жолмен  сұрыптап  шақырған ба,  сұрлары  орысқа  ұқсамаған,  түстері  де  басқаша,  көздерінен от шашқан адамдар қарсылас  жақтың  окобынан атып шығып,  төпеп тұрған оққа  қарамай,  баса-көктеп  біздің  плацдармды  басып алды… кейіннен осы  адамдардың  «Талғар полкінің  жауынгерлері» екенін білдік… Мұны  неге  бөле-жара  айтып отырмын? Қаншама  соғысып,  олар бізді,  біз оларды  қырсақ та,  жауынгер жауынгерді  батылдығы  үшін бағалағаны  жөн емес  пе?!» (Қараңыз: «Майдангер әкелер» Алматы, 2005 жыл,  30-бет)

«Талғар полкінің» басым  көпшілігі  қазақтар болғаны  тарихтан мәлім. Міне, аталарымыздың, ағаларымыздың  осындай  ерлігін қалай  ұмытарсың?! Олар намысты  қолдан берген жоқ. Баяғы  көк түріктерше, даланың  сайыпқырандарынша шайқасты.

 

Болат Шайманұлы,

Қазақстанның

құрметті  журналисі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button