Калориясы, ақуызы, майы мен көмірсуының мөлшері бірдей екі тағам ағзаға әртүрлі әсер етуі мүмкін. АҚШ ғалымдары өндірісте көп өңделген тағамды жегеннен кейін қандағы инсулин деңгейі едәуір жоғарылайтынын анықтады. Зерттеу нәтижелері Nature Metabolism ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Вирджиния технологиялық университетінің зерттеушілері тағамның құрамы ғана емес, оның қалай дайындалғаны да адам ағзасындағы зат алмасуға әсер ете ме деген сұраққа жауап іздеген.
Тәжірибеге 18 бен 45 жас аралығындағы дені сау 57 адам қатысқан. Олардың 32-сі тағамның зат алмасуға әсерін салыстыратын екі кезеңнен де өткен.
Ғалымдар қатысушыларға екі түрлі ас ұсынған. Біріншісі – жұмыртқа, банан, ірімшік және кептірілген жемістер сияқты аз өңделген өнімдерден құралған тағам. Екіншісі – дайын таңғы ас үлпектері, печенье, тез дайындалатын картоп езбесі, қаптамада сатылатын күркетауық еті және басқа да өндірісте көп өңделген өнімдер.
Екі астың да қуаттылығы шамамен 300 килокалория болған. Ғалымдар олардың ақуыз, май, көмірсу, жасұнық, тұз және су мөлшерін барынша теңестірген. Қоректік көрсеткіштеріндегі айырмашылық 1,6%-дан аспаған.
Алайда ағзаның бұл тағамдарға берген жауабы бірдей болмаған.
Өндірісте көп өңделген тағамды жегеннен кейін қатысушылардың қанындағы инсулин мөлшері айтарлықтай жоғарылаған. Әсіресе тамақтан кейінгі 40–120 минут аралығында айырмашылық анық байқалған.
Инсулин – қандағы қант деңгейін реттеуге көмектесетін гормон. Ол глюкозаның жасушаларға енуіне ықпал етеді. Бір қызығы, тәжірибеде екі тағамнан кейінгі қандағы қанттың жалпы өзгерісі шамалас болғанымен, өндірісте көп өңделген ас ағзадан көбірек инсулин бөлінуін қажет еткен.
Ғалымдар тағы бір ерекшелікті байқаған. Өндірісте көп өңделген тағамнан кейін ағза энергияны сәл көбірек жұмсағанымен, көмірсуларды энергия көзі ретінде пайдалануға баяуырақ ауысқан.
Зерттеушілер мұны тағамның өндіріс барысында өзгеретін құрылымымен байланысты болуы мүмкін деп есептейді. Мәселен, дәнді дақылдарды ұнтақтау, тағамның құрылымын өзгерту немесе оған түрлі қоспалар қосу қоректік заттардың ас қорыту жүйесінде ыдырау және сіңу жылдамдығына әсер етуі ықтимал.
Зерттеу авторларының бірі Александра ДиФеличеантонионың айтуынша, ең таңғаларлығы – тағамдардың қоректік құрамы өте ұқсас болғанына қарамастан, ағзаның оларды әртүрлі қабылдауы.
«Егер бұл екі тағамның қаптамасында көрсетілген қоректік құндылығын салыстырсаңыз, олардың айырмашылығы жоқтың қасы болар еді. Бірақ ағза мүлде басқаша жауап берді», – дейді ол.
Ғалымдар тағамның ми жұмысына әсерін де қарастырған. Қатысушыларға әртүрлі тағамдардың суреттерін көрсетіп, магниттік-резонанстық томография арқылы ми белсенділігін бақылаған.
Нәтижесінде тағамнан кейінгі зат алмасу ерекшеліктері мидың ынталану мен жағымды әсерді қабылдауға қатысатын бөліктерінің белсенділігімен байланысты екені байқалған. Алайда қатысушылардың өздері екі санаттағы тағамды ұнату деңгейі жағынан айтарлықтай айырмашылық көрсетпеген.
Ғалымдардың пікірінше, бұл тағамның адамға әсері оның дәмі мен калориясына ғана байланысты емес екенін көрсетеді. Қазір АҚШ тұрғындары тұтынатын күнделікті калорияның шамамен 55%-ы өндірісте көп өңделген тағамдардан келеді. Бұған дайын жеңіл тағамдар, тәтті таңғы ас өнімдері, көптеген қаптамада сатылатын тағамдар және ұзақ сақтауға арналған өнімдер жатады.
Бұған дейінгі зерттеулер мұндай тағамдарды шамадан тыс тұтыну семіздік, екінші типті қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының жоғары қаупімен байланысты екенін көрсеткен. Алайда бұл байланысқа өнімнің құрамындағы артық қант, тұз бен май қаншалықты әсер ететіні жөнінде пікірталас жалғасып келеді.
Жаңа зерттеу тағамның өндірістік өңделу дәрежесінің өзі де маңызды болуы мүмкін екенін көрсетті. Дегенмен ғалымдар бір реттік тамақтан кейін инсулиннің көбірек бөлінуі адам міндетті түрде диабетке шалдығады дегенді білдірмейтінін ескертеді. Тәжірибеге қатысушылардың саны аз, әрі зерттеу бір ғана тағам түрлерінің жұбымен жүргізілген. Сондықтан зерттеушілер алдағы уақытта әртүрлі тағамдарды салыстырып, олардың ағзаға ұзақмерзімді әсерін анықтауды жоспарлап отыр.