Алматы қаласындағы Almaty Theatre сахнасында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 71-ші концерттік маусымының ашылуына арналған «Ұлыларға тағзым» атты салтанатты концерті өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған шығармашылық кеш көрерменге ұлттық би өнерінің бай мұрасын және Азия халықтарының мәдени алуандығын таныстырды.

Концерт екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім – «Ұлыларға тағзым» қазақтың ұлы композиторларының шығармаларына қойылған хореографиялық композициялар мен ұлттық би өнерінің алтын қорына енген көрнекті балетмейстерлердің туындыларын қамтыды. Бұл бөлімде ансамбль «Salt Sound» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Екінші бөлім – «Азия аңыздары» бағдарламасында Азия халықтарының билері ұсынылды. Кеш барысында түрік және қытай халықтарының жаңа би қойылымдарының премьерасы өтті.

Көрермен әрбір қойылымды ыстық ықыласпен қабылдап, шығармашылық ұжымға ерекше шабыт сыйлады.