Құрылтай жанындағы жаңа алаң жастардың елдің қоғамдық өміріне белсенді қатысуына жол ашады

Құрылтай жанындағы жаңа алаң жастардың елдің қоғамдық өміріне белсенді қатысуына жол ашады
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі

Құрылтай отырысында I шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының жанынан Жастар кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Мұндай бастаманы Құрылтай депутаты Дана Медеуова көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz «Әділет» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Мен ұлтымыздың көшін алға бастай алатын отаншыл азаматтарға зор үмітпен қараймын», – деп атап өткен болатын. Жастар кеңесін құру осы әлеуетті іске асырудың тетіктерінің біріне айналады. Жаңа алаң еліміздің белсенді жастарын біріктіріп, олардың бастамаларын ілгерілетуге және депутаттық корпуспен, соның ішінде заң шығару мәселелері бойынша тікелей диалог орнатуға мүмкіндік береді.

Кеңес құру қажеттілігі ел дамуындағы жас ұрпақтың айрықша рөлімен байланысты. Бүгінде Қазақстанда 14 пен 35 жас аралығындағы 6 миллионға жуық азамат тұрады. Бұл – ел халқының шамамен үштен бірі. Жас қазақстандықтар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, экология, білім беру, цифрландыру және отбасыларды қолдау салалары бойынша түрлі ұсыныстар беріп келеді. Алайда көптеген бастама қажетті қолдауға ие болмай, өңірлік деңгейден аса алмауда.  Кеңес қызметінің негізгі бағыттарының бірі халықаралық жастар ынтымақтастығын дамыту және қазақстандық жастардың бастамаларын әлемдік алаңдарда ілгерілету болмақ.

Кеңестің құрылу және жұмыс істеу тәртібі тиісті Ережемен айқындалады. Оның құрамына депутаттар, жастар ұйымдарының өкілдері, өңірлік белсенділер мен жас мамандар кіріп, барлық өңірдің кеңінен өкілдік етуі қамтамасыз етіледі.

«Жас толқынның жігері, бастамашылдығы мен кәсіби әлеуеті қазірден сұранысқа ие болуы маңызды. Жастар өз идеяларын ұсынып қана қоймай, оларды жүзеге асыруға қатысуға, қоғамдық маңызы бар шешімдерді қабылдауға үлес қосуға мүмкіндік алуы тиіс», – деп атап өтті Дана Медеуова.

Осылайша, Құрылтай жанындағы Жастар кеңесі жастар мен мемлекет арасындағы тұрақты диалог алаңына айналып, өңірлерден келіп түсетін бастамалармен жүйелі жұмыс жүргізуге және жастардың Қазақстанның қоғамдық өміріне белсенді қатысуына жол ашады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар