Астанада 80-ге жуық кәсіпорынды сумен қамтитын құбыр жаңартылып жатыр

/
Астанада 80-ге жуық кәсіпорынды сумен қамтитын құбыр жаңартылып жатыр

Елордадағы Досмұхамедұлы көшесінде техникалық су құбырының жөнделіп жатқан учаскесіне құбырлар толығымен төселді. Бұл магистраль №1 жылу электр орталығы мен «Астана-Тазалықты» қоса алғанда, 80-ге жуық кәсіпорын мен ұйымды сумен қамтамасыз етеді. Аталған жұмыс 15 желтоқсанға дейін аяқталмақ, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайта жаңарту жұмысы Ақжол көшесінен Алаш көшесіне дейінгі 3,03 шақырым желіні қамтиды. 1 қарашадағы жағдай бойынша нысанның жалпы дайындығы 90%-ды құрады. Жасалған шарттар бойынша жұмыстардың құны – 2,38 млрд теңге. Жоба «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда.

Құбыр неге жаңартылуда?

Нысанды жаңғырту қажеттігін «Астана су арнасы» ШЖҚ МКК бас директорының бірінші орынбасары Ержан Ғалымжанұлы Шәріпов түсіндірді.

«Аталған су құбыры елордадағы 80-ге жуық абонентті, соның ішінде №1 және №3 жылу электр орталықтарын техникалық сумен қамтамасыз етеді. 1976 жылы салынған магистральдық су құбырының пайдаланылып келе жатқанына 50 жыл болды. Осы уақыт ішінде құбырлар мен жабдықтардың тозу деңгейі 100 пайызға жеткен. Сондықтан бұл нысан «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасына енгізілді. Жобаны іске асыру апаттық жағдайлардың туындау қаупін азайтуға, су құбырының өткізу қабілетін арттыруға және елордадағы абоненттерді техникалық сумен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Ержан Шәріпов.

Елорданың дамуымен бірге кәсіпорындар саны мен олардың техникалық суға қажеттілігі де артып келеді. Сондықтан желіні жаңғырту кезінде оның өткізу қабілетін арттыру да көзделген.

Құбыр жолды толық ашпай-ақ төселді

Жаңа су құбырының бір бөлігі жол жабындысын толық ашпай-ақ төселді. Бұл әдіс қазу жұмыстарының көлемін азайтып, аталған учаскелердегі абаттандыруды сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Астанада тағы не жаңартылып жатыр?

Астанада Ұлттық жоба аясында барлығы 13 жоба қарастырылған: алтауы – жылумен жабдықтау, төртеуі – электрмен жабдықтау және үшеуі – сумен жабдықтау мен су бұру саласында. 2026 жылы алты жоба бойынша құрылыс жұмыстары мен дайындық шараларын жүргізу көзделген.

Электр желілері: Елордада таратушы электр желілерінің 9,6 шақырымға жуық бөлігі қайта жаңартылып болды. Ұзындығы 7,08 шақырым болатын екінші учаскеде жұмыс 75% орындалды.

Жылу желілері: ЖМ-12 жылу магистралін қайта жаңарту және Қ. Мұхамедханов көшесіндегі жылу трассасының құрылысы жалғасуда. Бұл нысандарда құбырларды монтаждау жұмысы тиісінше 88% және 78,1% орындалды.

Алдағы жылдарға қандай жоспар бар?

2027-2028 жылдары жылумен жабдықтау саласында тағы төрт жобаны іске асыру жоспарланған: Сейфуллин көшесіндегі магистральді қайта жаңарту, екі сорғы станциясының құрылысы және Амман көшесінде жаңа желілер салу жоспарда бар. Төрт жоба бойынша мердігерлермен шарттар жасалды. Сондай-ақ су бұру саласында екі жобаны іске асыру жоспарланған: Қорғалжын тасжолы бойындағы Тұран даңғылынан №43 кәріз сорғы станциясына дейінгі және №43 кәріз сорғы станциясынан кәріз тазарту құрылыстарына дейінгі кәріз желілерін қайта жаңарту.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары