Жамбыл облысында сот 1,28 млрд теңгеге жасалған лизинг шартын жарамсыз деп таныды

/
Жамбыл облысында сот 1,28 млрд теңгеге жасалған лизинг шартын жарамсыз деп таныды
istockphoto.com

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «К.» АҚ-ның «Z.» және «M.» ЖШС-не қатысты қаржылық лизинг шартын жарамсыз деп тану және тараптарды бастапқы жағдайға келтіру туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот 2025 жылғы маусымда жауапкерлер арасында сомасы 1,28 млрд теңгеден асатын қаржылық лизинг шарты жасалғанын анықтады. Бұл ретте мәміле құны «Z.» ЖШС активтерінің баланстық құнының 91,7 пайызын құраған. Алайда мәмілені мақұлдау туралы серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының бірауыздан қабылданған тиісті шешімі болмаған.

Сонымен қатар, сот мүдделер қақтығысының орын алғанын анықтады: «Z.» ЖШС-нің директоры бір мезгілде «M.» ЖШС-нің де басшысы болған, ал соңғы серіктестіктің атынан шартқа оның берген сенімхаты негізінде жұбайы қол қойған.

Сот, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, мәмілені жасасу кезінде заңнама талаптары мен серіктестік Жарғысының нормалары бұзылған деген қорытындыға келді.

Сот шешімімен «К.» АҚ-ның мәмілені жарамсыз деп тану және тараптарды бастапқы жағдайға келтіру туралы талап қоюы қанағаттандырылды. Тараптар мәміле бойынша алынғандардың барлығын бір-біріне қайтаруға міндетті.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары