«Терезеден секіріп аман қалдық»: Алматыдағы өрттен аман қалғандар оқиғаны айтып берді

/
«Терезеден секіріп аман қалдық»: Алматыдағы өрттен аман қалғандар оқиғаны айтып берді
Видеодан скриншот

Алматыда көпүйлі баспана өртеніп, бес адам қаза тапты, арасында бала бар. Марқұмдардың екеуі Өзбекстан азаматы екен. Болжам бойынша, олар түтінге тұншығып өлген. Ал таңғы уақытта тұтанған отты байқағандар сыртқа шығып үлгеріпті. Олардың бәрі үйді жалдап тұрған. Оқиға орнына КТК тілшісі барып келді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бес адамның өмірін жалмаған алапат өрт жер үйлердің бірінде болған. Қазір ішке қарай кіру мүмкін емес. Себебі: аумақ түгел қоршалған. Мамандар тиісті тергеу жүргізіп жатқандықтан, тіпті осы көше бойындағы тұрғындардың жүріс-тұрысына да шектеу қойылыпты. Таңғы 4-ке жуық тұтанған өрт 100 шаршы метрден аса аумақты шарпыған. Лаулаған жалынның дыбысынан оянғандар "бір терезеден секіріп аман қалдық" дейді.

Олардың айтуынша, көпүйлі баспананы 10-ға жуық отбасы жалдап тұрған.

"Терезеден секіріп түсіп, қашып кеткенбіз. Киініп, таңғы сағат 4-те басталған, жанып тұрған көрдік те, қаштық. Он бөлме болған, осы жерде 10 жыл тұрдым. Газ баллонмен тамақ ысытамыз. Ортақ газ жылу. Өрт газ баллоннан болуы мүмкін емес. Үстінен жаққан, төбе жанып кеткен. Тоқтан болуы мүмкін", - дейді Мейірлан Тұрғамбаев.

Тілсіз жаудан үйдің түгі қалмай жанып кеткен. Сыртқа шыға алмай қаза тапқандар қатарында екі Өзбекстан азаматы, жасы 60-тан асқан әйел мен оның қызы және 2017 жылы туған оқушы бар. Бостандық ауданының әкімдігі марқұмдардың жерлеу рәсімін өткізуді мойнына алды. Одан бөлек, жалдамалы баспанасы күлге айналған өзге тұрғындарды қонақ үйлерге орналастырыпты.

"Аудан әкімдігі дін өкілдерімен бірлесіп, марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруды мойнына алды.Оқиға орнында Бостандық ауданының әкімі жүр. Ол жедел қызметтің жұмысын үйлестіріп, бірінші кезекте шешілуге тиіс мәселелерді реттеп жатыр.

Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасы үшін осындай ауыр кезеңде оларға барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Жағдай тұрақты бақылауда", - дейді Бостандық ауданы әкімдігінің өкілдері.

Өрт сөндірушілер жалынды бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде ауыздықтапты. Қазір мамандар оттың нақты неден тұтанғанын анықтауға кірісті.

"ТЖД күштерінен 35 адам мен 9 техника оқиға орнына жұмырылдырылды.  Алғашқы өрт сөндіру бөлімшесі шақырту түскеннен кейін төрт минуттан соң жетті. Өрт сағат 4:42-де толық сөндірілді. Оқиғаның мән-жайы мен өрттің шығу себепі анықталуда", - дейді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері.

Бес адамның өмірін жалмаған оқиғадан соң полиция қылмыстық іс қозғаған. Қазір әлеуметтік желіде отты белгісіз әйел адам қасақана қойған деген ақпарат тарауда. Дегенмен бұл ресми расталған жоқ. Құзырлы органдар әлі тіл қатпады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар