Салмағы – 210 келі: Францияда әлемдегі ең қымбат кітаптардың бірі ұрланды

/
Салмағы – 210 келі: Францияда әлемдегі ең қымбат кітаптардың бірі ұрланды
sancy.com

Францияның Овернь аймағындағы Пюи-де-Дом департаментіне қарасты Иссуар коммунасындағы Заманауи өнер орталығынан 4 қазаннан 5 қазанға қараған түні Сальвадор Дали жасаған «Әулие Иоанның ақырзаман туралы аяны» кітабының қола мұқабасы ұрланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құзырлы орган бұл оқиғаны «аса құнды өнер туындысын» және «ерекше әрі бірегей затты» ұрлау дерегі ретінде тіркеген. Тергеу жұмысы Клермон-Ферран қаласының жандармерия басқармасына тапсырылды. Сарапшылар тарихи жәдігердің құнын 300 мың еуродан жоғары бағалап отыр.

Le Parisien басылымының мәліметінше, кітап иесі ұрлықты дүйсенбі күні таңертең байқаған. Қала шетіндегі ғимараттың үлкен қақпасы бұзылғаны анықталған. Салмағы шамамен 150 келі болатын бұйымды қылмыскерлердің қалай алып шыққаны әзірге белгісіз.

Кітапты 1958–1961 жылдары Овернь аймағындағы өнер баспагері Жозеф Фор Иоан Богословтың аянына сүйене отырып жасауды жоспарлаған. Басылымның жалпы салмағы шамамен 210 келі. Оның 150 келіге жуығы – алтынмен, асыл тастармен және теңіз бақалшақтарымен безендірілген Сальвадор Далидің қола мұқабасы. Кітаптың ішінде қолмен жазылған каллиграфиялық мәтіндер мен иллюстрациялар бейнеленген 150-ге жуық үлкен пергамент парағы бар.

Кітапты жасауға XX ғасырдың жеті суретшісі мен жеті жазушысы атсалысқан. Олардың қатарында Сальвадор Дали, Леонар Фужита, Бернар Бюффе, Жорж Матье, Осип Цадкин, Леонор Фини, Пьер-Ив Тремуа, сондай-ақ Жан Кокто, Жан Жионо және Эмиль Чоран бар.

TF1 телеарнасының мәліметінше, кітап парақтарын жайғанда олардың ұзындығы шамамен 150 метрге жетеді. Ал каллиграфиялық мәтіндерде 95 мыңға жуық таңба бар.

1961-1972 жылдары кітап 150-ге жуық көрмеге қойылғаннан кейін Швейцарияда сақталған. Кейін жапондық коллекционерлердің қолына өтіп, олар басылымды бөліктерге бөліп сатуды жоспарлаған.

2003 жылы өнер туындыларын қалпына келтірумен айналысатын компанияның басшысы әрі Иссуардағы орталықтың негізін қалаушы Кристиан Карутцос кітапты сатып алған. Ол сатып алу бағасын жарияламаған. Алайда AFP агенттігіне берген сұхбатында оның айтуынша, кітап жасалған кезде құны 2 миллион ескі франкке бағаланған. Бұл қазіргі бағамен шамамен 305 мың еуроға тең. Сол кезде ол әлемдегі ең қымбат кітап саналған. Қазір мұқабасының құны бірнеше миллион еуроға бағаланып отыр.

«Өткен түні Францияны өлтірді, француз мұрасына қол сұқты», – деді Кристиан Карутцос жергілікті радиоға берген сұхбатында.

Иссуар қаласының мэрі Бертран Барро бұл жоғалтуды «орнын толтыру мүмкін емес» деп атап, кітапты «өмірлік еңбек» деп сипаттаған.

Le Figaro басылымының нақтылауынша, ұрлық болған кезде өнер орталығында кітаптың тек қола мұқабасы ғана көрмеге қойылған. Көрмені қазан айының соңына дейін жалғастыру жоспарланған. Ал пергамент парақтары бөлек жерде сақталған.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар