Астана әуежайында орынсыз әзілдеген бойжеткен айыппұл арқалады

/
Астана әуежайында орынсыз әзілдеген бойжеткен айыппұл арқалады
pixabay.com

Астана халықаралық әуежайында орынсыз әзіл айтқан 19 жастағы бойжеткен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Дубайға ұшпақ болған жолаушының бір ауыз сөзі оған 86 500 теңге айыппұл салынуына себеп болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы соттарының мәліметінше, Петропавл қаласының тұрғыны Астана – Дубай бағытындағы рейске тіркелу кезінде әуекомпания қызметкерінің сұрағына әзілдеп жауап берген.

Қыздан өзімен бірге тасымалдауға тыйым салынған заттардың бар-жоғы сұралған. Сол кезде бойжеткен "қаруым бар" деп жауап қайтарған. Әуежайдағы жағдай сотта қаралып, қыздың әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде бағаланған.

"Астана халықаралық әуежайында Петропавл тұрғыны "Астана–Дубай" бағыты бойынша рейске тіркелу кезінде жолаушы әуекомпания қызметкерінің тыйым салынған заттардың бар-жоғы туралы сұрағына әзіл ретінде "қаруым бар" деп жауап берген. Өзінің бұл сөзімен ол айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған", – деп хабарлады сот.

Жолаушының әрекеті Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі, яғни ұсақ бұзақылық бойынша сараланған.

Сот отырысында құқықбұзушылық жасаған қыздың 19 жаста екені және бұған дейін мұндай әрекеті үшін жауапкершілікке тартылмағаны ескерілген. Аталған жағдайлар жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Нәтижесінде сот бойжеткенді кінәлі деп танып, оған 86 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары