Швейцарияның Женева қаласында шахматтан 2026 жылғы әлем чемпионы атағы үшін матчтың ресми ашылу салтанаты өтті. Үндістандық Гукеш Доммараджу мен өзбекстандық Жавохир Синдаров арасындағы тарихи бәсекені ұйымдастыруға Қазақстан да атсалысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
22 қарашада әлемдік шахматтың басты оқиғаларының бірі БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтері – Ұлттар сарайында бастау алды. Салтанатты шараға халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломаттар және шахмат әлемінің белгілі тұлғалары қатысты. Швейцария 2004 жылдан бері алғаш рет шахматтан әлем чемпионы атағы үшін өтетін матчты қабылдап отыр.
Ашылу салтанатын ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі қолдау көрсетті. Матчқа арналған баспасөз мәслихаты Ұлттар сарайындағы Қазақстан залында өтті. Бұл зал 2013 жылы сол кезде БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесін басқарған Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ашылған болатын.

Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан шахматтың халықаралық байланыстарды нығайтудағы маңызына тоқталды.
"2026 жылғы шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчтың өтуіне орай сіздерді Ұлттар сарайында қарсы алу мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстан үшін шахмат жай ғана спорт түрінен әлдеқайда биік. Шахмат пен дипломатияның арасында табиғи байланыс бар. Екеуі де стратегиялық ойлауды, сабырлылықты, көрегендік пен ережелерге құрметпен қарауды талап етеді", – деді Ержан Қазыхан.
Оның айтуынша, шахмат түрлі мемлекеттер мен мәдениеттердің өкілдерін біріктіріп, өзара түсіністік пен құрметті нығайтуға ықпал етеді.
Биылғы әлем чемпионатының басты ерекшелігі – екі қарсыластың да небәрі 20 жаста болуы. Үндістан өкілі Гукеш Доммараджу қазіргі әлем чемпионы атағын қорғауға шықса, Өзбекстан шахматшысы Жавохир Синдаров әлемдік тәжді иеленуге таласады. Классикалық шахмат тарихында әлем чемпионы атағы үшін мұндай жас екі қарсылас бұрын кездеспеген.
Гукеш Доммараджу алдағы матчтың оңай болмайтынын мойындады.
"Матчқа бұрынғыдан әлдеқайда тәжірибелі болып келгенімді сезінемін. Бірақ, білесіз бе, бірінші партия үшін үстел басына отырған сәтте осы уақытқа дейін болғанның бәрі ұмытылады деп ойлаймын. Бұл – мүлде басқа матч, мүлде басқа қарсылас, басқа орын. Мен өзге дүниелер туралы көп ойламаймын, тек осы он төрт партияда барымды салуға тырысамын", – деді әлем чемпионы.
Ал Жавохир Синдаров әлем чемпионы атағы үшін алғаш рет бақ сынайтынына қуанышты екенін жеткізді.

"Бұл тәж үшін бақ сынайтыныма өте қуаныштымын. Матчтан шынайы қуаныш алуға тырысамын, бәсекенің өте ауыр болатынын білемін. Бұл менің алғашқы тәжірибем, дегенмен қандай жағдай болмасын, бақыттымын", – деді өзбекстандық шахматшы.
Әлем чемпионы атағы үшін матч классикалық уақыт бақылауымен өтетін 14 партиядан тұрады. Алғашқы партия 24 қарашаға жоспарланған. Шахматшылар Женева маңындағы Колоньи елді мекенінде орналасқан Мартин Бодмер қорында кездеседі.
Тарихи кездесудің жалпы жүлде қоры 2,5 миллион доллар. Әлем чемпионы атағы үшін бәсеке 12 желтоқсанға дейін жалғасады деп жоспарланған.