Ауыл халқы азайып, қала халқы көбейіп келеді

Ауыл халқы азайып, қала халқы көбейіп келеді

Елімізде қала тұрғындарының үлесі артып келеді. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, ел халқының 64,2 пайызы қалада тұрады. 2020 жылы бұл көрсеткіш 59 пайыз, ал 2010 жылы шамамен 56,2 пайыз болған. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қа­зақстанда қала халқының үлесі 2024-2026 жыл­дары жылдам өскен. Шамамен 15 жыл бұрын бұл көр­сеткіш жыл сайын 0,2-0,3 пайыздық тармаққа арт­са, 2024 жылы өсім 0,5-ке, ал 2025 жылы 0,6 пайыз­дық тармаққа жеткен.
Республикалық маңызы бар үш қаланы есеп­те­мегенде, қала халқының үлесі бойынша Қарағанды об­лысы көш бастап тұр. Мұнда тұрғындардың 82,8 пайы­зы қалада тұрады. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, облыста тоғыз қала бар. Мұндай көр­сеткіш өңірде өнеркәсіптің дамуымен байла­ныс­ты. Кезінде ірі кен орындарының маңында кен­шілер кенттері пайда болып, кейін олар қала­ларға айналған.
Қала халқының үлесі жоғары бес өңірдің қа­тары­на Ұлытау (79,7 пайыз), Ақтөбе (76,7 пайыз), Пав­лодар (71,7 пайыз) және Шығыс Қазақстан (67,9 пайыз) облыстары да кіреді. Бұл өңірлердің эко­номикасында өнеркәсіп маңызды орын алады. Ал ауыл шаруашылығы басым оңтүстік облыстарда қа­ла тұрғындарының үлесі төмен. Мәселен, Түр­кі­стан облысында халықтың 25,5 пайызы, Алматы об­лы­сында 19,4 пайызы қалада тұрады. 
Дегенмен Алматы облысының көрсеткіші нақ­ты жағдайды толық көрсетпеуі мүмкін. Өйткені өңір Алматы қаласына жақын орналасқан әрі оны­мен тығыз экономикалық байланыста. Облыс тұр­ғындарының бір бөлігі күн сайын Алматыға жұ­мысқа қатынайды. Алайда олар ресми түрде Алма­ты облысындағы елді мекендердің тұрғын­дары болып есептеледі.
2010 жылғы және 2026 жылғы қыркүйек айы­ның басындағы деректерді салыстырғанда, қала тұрғындарының үлесі солтүстік және батыстағы кейбір облыстарда айтарлықтай артқан. Мәселен, Қос­танай облысында бұл көрсеткіш 11,6 пайызға өсіп, 64,2 пайызға жеткен. Батыс Қазақстан облы­сында өсім 11,3, Ақмола облысында 10,7, Солтүстік Қа­зақстан облысында 10,1 пайызды құраған.

2010 жылдан бері Қазақстан халқының са­ны 25 пайызға көбейген. Бұл өсімге не­гізі­нен қала тұрғындарының көбеюі әсер еткен. Атал­ған кезеңде олардың саны 44,2 пайызға ар­тып, 13,2 млн адамға жетсе, ауыл халқы не­бәрі 4,6 пайызға көбейген.
Халық саны әсіресе еліміздің үш ірі қала­сында едәуір артқан. Астанада тұрғындар саны 2,5 есе, Алматыда 60,2 пайыз, Шым­кент­те 75,3 пайызға көбейген. Бұл халық­тың ірі қалаларға шоғырланып, олардың эко­но­ми­калық және әлеуметтік орталық ретіндегі маңы­зы артып келе жатқанын көрсетеді.
Қала тұрғындарының саны Маңғыстау облысында 53 пайызға, Түркістан облысында 45,5 пайызға, Атырау облысында 44 пайызға, Ақтөбе облысында 43,1 пайызға өскен.
2010 жылдан бері Қазақстанның 20 өңірінің онында қала тұрғындарының саны көбейіп, ауыл халқы азайған. Бұл үрдіс әсі­ре­се солтүстік өңірлерде айқын байқалады. Мә­селен, Қостанай облысында ауыл тұр­ғын­дары­ның саны 29,5 пайызға қысқарса, қала хал­қы 13 пайызға өскен. Осындай өзгеріс Қара­ғанды, Солтүстік Қазақстан және Пав­ло­дар облыстарында да тіркелген.
Ауыл халқының азаюына әсер ететін се­бептердің бірі – тұрғындардың ірі өнер­кәсіп орталықтары мен мегаполистерге қо­ныс аударуы. Бұған өңірлердегі эконо­ми­ка­лық мүмкіндіктер мен инфрақұрылымның даму деңгейіндегі айырмашылықтар да ық­пал етеді.
2026 жылдың алғашқы жартысында рес­пуб­ликалық маңызы бар үш қаланы қоспа­ғанда, 17 облыстың екеуінде ғана көшіп кел­­­ген­­дер саны көшіп кеткендерден көп бол­ған. Олар – Алматы және Ақмола облыс­та­ры. Бұл ата­лған өңірлердің Алматы мен Ас­та­наға жа­қын орналасуымен де байланысты.
Еліміздің үш ірі қаласы ішкі көші-қон­ның негізгі бағыттары болып қала береді. 2026 жылғы қаңтар-маусым айларында Аста­наға 89,9 мың адам келген. Олардың ең көбі Түркістан облысынан (9,5 мың), Алматыдан (8,3 мың) және Шымкенттен (5,8 мың) қоныс аударған. Осы кезеңде 15 облыста көшіп кеткендер саны келгендерден асып түскен. Ең үлкен айырмашылық Түркістан облысында тіркелген. Мұнда көшіп кеткендер келгендерден 19,6 мың адамға көп. Жамбыл облысында бұл айырмашылық 9,2 мың, Жетісу облысында 5,7 мың адам болған.
2022 жылы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның болжау және зерттеу департаменті Қазақстандағы демографиялық өзгерістерге болжам жасаған. Сол кездегі есеп бойынша, қала тұрғындарының үлесі 2026 жылы 63 пайызға, ал 2029 жылы 63,9 пайызға жетуі тиіс еді. Алайда бұл көрсеткіш болжанғаннан жылдам өсіп, 2026 жылғы қыркүйекте 64,2 пайызға жетті.
Қазіргі үрдістер ескерілген жаңа бол­жамға сәйкес, 2035 жылы Қазақстан хал­қы­ның 68,3 пайызы, 2040 жылы 70,6 пайызы, ал 2050 жылы 75,2 пайызы қалада тұруы мүмкін. Қала халқы көбейген сайын тұрғын үйге, көлікке, коммуналдық қызметтер мен әлеуметтік нысандарға сұраныс артады. Сондықтан қалалардың инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ ірі қалаларға шамадан тыс салмақ түспеуі үшін көші-қонды тиімді реттеу қажет болады.
Болжам бойынша, өнеркәсібі дамыған өңір­лерде қала тұрғындарының саны мен үлесі өсе береді. 2050 жылға қарай Қарағанды облысында қала халқының үлесі 94,8 пайыз­ға, Ақтөбе облысында 92,6 пайызға, Павлодар облысында 85,3 пайызға жетуі мүмкін.
Ал ауыл халқы басым өңірлерде жағдай басқаша болуы ықтимал. Мәселен, Алматы облысында қала тұрғындарының үлесі 2025 жылғы 19,3 пайыздан 2050 жылы 16,9 пайыз­ға дейін төмендеуі ықтимал. 
Түркістан облысында бұл көрсеткіш 25,3 пайыз­дан 34,9 пайызға дейін өседі деп бол­жанған. Мұндай өзгеріс өңірде ауыл шаруа­шылығының одан әрі дамуымен байланысты болуы мүмкін.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары