Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің шақыруымен Авазаға жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Президент Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуіне, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына және Каспий экология саммитіне қатысты.
Қазақстан Президентін әуежайдан Түрікменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередов қарсы алды. Президент Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының сегізінші Консультативтік кездесуіне қатысу үшін «Аваза» кешеніне барды. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаевты Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов күтіп алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркіменстанға сапары және Орталық Азия мен Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIII Консультативтік кездесуіне қатысуы – өңірлік және жаһандық геосаясаттағы бетбұрысты оқиғалардың бірі болды.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан мен Орталық Азия елдері Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келген отырыстың символдық мәні ерекше екенін атап өтті.
– Осы жылдар ішінде тұтас дәуірді қамтыған ұзақ әрі сындарлы, сонымен қатар жемісті жолды еңсердік. Егемендігімізді нығайтып, дамудың төл моделін қалыптастырдық. Халықаралық қоғамдастықта лайықты орынға ие болдық. Бүгінде Орталық Азия мен Әзербайжан Еуразиядағы өсіп-өркендеп келе жатқан геосаяси ықпалдастық орталығы саналады. Ең бастысы, бауырлас халықтарымыздың парасаты мен ынтымақ-бірлігінің арқасында бейбітшілік пен келісім орнаған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ауызбіршілік, өзара қолдау мен сенім осы заманның сын-қатерлеріне төтеп беру үшін ортақ стратегиялық тірегімізге айналды. Бұл үрдістер геосаяси шиеленіс пен жікке бөліну күшейіп, халықаралық қатынастар құрылымы өзгеріске ұшыраған тұста өте өзекті, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, халықаралық қатынастар жүйесі қайта қаралып, геосаяси жікке бөліну күшейіп тұр. Осындай жағдайда Орталық Азия елдерінің өз ішінде шоғырлануы – сыртқы күштерге тәуелсіз, дербес дипломатиялық және экономикалық субъект ретінде танылудың кепілі.
Қазіргі геосаяси текетірестер, санкциялық соғыстар және халықаралық құқықтың эрозиясы тұсында Орталық Азия мен Әзербайжанның бірлесуі – өңірді сыртқы соққылардан қорғайтын «қауіпсіздік қалқанын» құру.
Президент Консультативтік кездесуге қатысушыларға өңірдегі ықпалдастықтың негізгі мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді.
– Бірлескен күш-жігердің арқасында сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың мазмұны жыл өткен сайын толығып келеді. Бірлескен кәсіпорындар саны көбейді, іскерлік байланыс нығая түсті. Өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы секілді секторларда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сауда кедергілері бірте-бірте жойылып, шекараларда жаңа өткізу бекеттері ашылып жатыр. Автокөлік және теміржол байланысы кеңейіп келеді. Дегенмен біздің пайымдауымызша, ішкі нарық әлеуеті әлі де зор. Былтыр өңір ішіндегі сауда көлемі шамамен 13 миллиард долларды құрады. Бұл елдеріміздің жалпы тауар айналымының 8 пайызына жуық. Сондықтан үкіметтерімізге өзара сауда үлесін арттырып, осы көрсеткішті кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қабылдау жөнінде міндет жүктеген дұрыс, – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан ұсынған бастамалар өңір елдерін үлкен державалардың геосаяси бәсекесінде «ойыншық» болудан сақтап, өз тағдырын өзі айқындайтын дербес күшке айналдырады.
Өңірішілік сауда көлемін жалпы тауар айналымының 8 пайызынан жоғарылату – шекара маңындағы сауда-логистикалық хабтар мен өнеркәсіптік кооперацияларды бір-бірімен тікелей байланыстыруды талап етеді. Елдер тек шикізат тасушы емес, қосылған құны жоғары өнім өндіретін біртұтас өңірлік тізбек құруға көшіп жатыр.
Мемлекет басшысы аймақтағы елдердің шекара маңында құрылған сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтары мол мүмкіндікке жол ашатынын атап өтті.

– Қосылған құнның өңірлік тізбегін құру үшін жақын арада оларды бір-бірімен байланыстыру қажет. Жалпы, елдерімізде инвестиция, энергетика, өндіріс салалары мен басқа да стратегиялық бағыттарда өзара ықпалдастыққа жағдай жасалған, – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан өзінің көлік-логистикалық инфрақұрылымын ауқымды модернизациялаудан өткізуде. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан көлік инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытып келеді. Бұл өңірлік қарым-қатынас аясын кеңейтеді.
– Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға таяу. Келесі жылы Бақты – Аягөз бағыты ашылады. Бұл – өте маңызды, тіпті стратегиялық сипаты бар бағдарлар. Қытайды Каспий теңізімен және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды. Қазақстанның көлік инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғырту тұтас аймақтың транзиттік рөлін күшейте түсетініне сенімдімін. Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға баса мән беріледі. Кейінгі жылдардың динамикасы Орта дәлізге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Ресеймен ынтымақтастық тұрғысынан Солтүстік – Оңтүстік бағыты да Қазақстан үшін өзекті, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Дүниежүзілік банктің бағалауынша, жоспарланған инфрақұрылымдық міндеттер толық жүзеге асырылса, 2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаятынын айтты. Аталмыш болжам Орта дәліздің баламасыз бағытқа айналғанын растайды. Ал бұл бағытты TRIPP (көлік бастамасымен) ұштастыру идеясы Шығыс пен Батыс арасындағы жаһандық жеткізу тізбегіндегі Қазақстан мен Түркіменстанның рөлін күшейтеді. Сонымен қатар Ресей бағытындағы «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту еліміздің көпвекторлы транзиттік саясатын айқындайды.
– Орта дәлізді TRIPP көлік бастамасымен ұштастыру мәселесін сарапшылар деңгейінде талқылауға болады деп ойлаймын. Бұл жоба әлеуетімізді арттырады әрі барлық мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесіне сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, су проблематикасы – Орталық Азия тұрақтылығына қатер төндіретін басты сынақтардың бірі.
– Алдымызда трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тың тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Бұл жұмыста өзара құрмет, теңқұқылық қағидаттары негізге алынып, аймақтағы барлық елдің мүддесі ескерілуі керек. Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақтастықтың жаңа өңірлік архитектурасын қалыптастыратын алғашқы қадам болар еді. Құжат жобасы тараптардың қарауына ұсынылды. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы өте өзекті. Оны халықаралық, атап айтқанда, Орталық Азияның ортақ ұстанымы ретінде бірге ілгерілету су ресурстарын басқарудың жаһандық жүйесіне қосқан үлесіміз болмақ, – деді Президент.
Трансшекаралық су ресурстарын басқару – өңірлік тұрақтылықтың ең басты шарты. Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясы мен БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы екі маңызды бастама су ресурстары төңірегіндегі ықтимал қақтығыстардың алдын алып, ресурстарды тең әрі тиімді бөлісудің институционалдық негізін қалайды.
Цифрландыру саласында Қазақстан өңірлік лидерлікке ұмтылуда. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.
– Қазақстан жасанды интеллектінің біртұтас экожүйесін дәйекті түрде құра бастады. «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Digital Qazaqstan стратегиясы жүзеге асырылуда. Суперкомпьютер кластері іске қосылды. Alem.ai халықаралық орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл тақырып өте өзекті. Осыны ескеріп, жасанды интеллект бойынша Орталық Азия серіктестігін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Оның аясында елдеріміздің ғылыми орталықтары, университеттері, технологиялық компаниялары ақпарат пен тәжірибе алмаса алады, – деді Мемлекет басшысы.
Жасанды интеллект бойынша Орталық Азия серіктестігін құру және ЖИ-ді жауапкершілікпен қолдану туралы Декларация ұсынысы – өңір елдерін киберқауіпсіздік пен жаңа технологиялар саласында халықаралық стандарттарды бірге белгілеуге шақыру.
Қазақстан Президенті нейрожелілерді қауіпсіз пайдалану маңызды деп санайды. Бұған қатысты қауіп-қатер халықаралық деңгейде қызу талқыланып жатыр.
– Меніңше, аса маңызды технологияларды бақылаудың бірлескен тәсілдерін әзірлеуге уақыт оздырмай кірісу керек. Осыны ескере отырып, Қазақстан Орталық Азия елдері мен Әзербайжанға жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану туралы декларация әзірлеуді ұсынды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан тек бүгінгі сауда мен жолдарды емес, ертеңгі күннің сын-қатерлерін алдын ала көріп, шешім ұсынып отыр. Су тапшылығы мен киберқауіпсіздік, ЖИ мәселелері – алдағы 10-20 жылда өңірдің өміршеңдігін айқындайтын басты факторлар. Осы ретте Астана аймақтық проблемаларды (су, ЖИ) жаһандық деңгейге (БҰҰ, халықаралық декларациялар) шығару арқылы Орталық Азияны жаһандық күн тәртібін белгілейтін бастамашыл өңірге айналдыруда.
Мемлекет басшысы дүрбелеңге толы дүниеде аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау басты міндет екенін айтты. Сондай-ақ дәстүрлі емес қауіпсіздік қатерлері – цифрлық технологиялардың лаңкестер мен наркобизнес қолына түсуіне қарсы Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының механизмін толық қуатында пайдалануды ұсынды.
– Терроризм, есірткі бизнесі, қару-жарақ және адам саудасы, заңсыз көші-қон, ұйымдасқан қылмыс пен алаяқтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Цифрлық технологиялардың қаскөйлердің, атап айтқанда, лаңкестер мен есірткі сататын қылмыстық топтардың қолына түсу қаупі қатты алаңдатады. Әрине, оған қарсы тұратын тәсілдеріміз заманға сай болуы керек. Осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңесі хатшыларының тұрақты кездесулері айтарлықтай үлес қосуда. Үшінші кездесу 23-24 сәуір күндері Душанбеде өтті. Былтыр Ташкентте қабылданған Аймақтық қауіпсіздік және тұрақтылық тұжырымдамасын, сондай-ақ Қауіпсіздік тәуекелдері және оның алдын алу іс-шараларының тізбесін жоғары бағалаймыз. Мұны барлық тараптың мүлтіксіз орындауы маңызды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты тереңдетуге баса назар аударды. Президент аймақ елдерін бай тарихи-мәдени мұра біріктіретінін айтты.
– Кейінгі жылдары мәдени байланыстарымыз айтарлықтай жандана түсті. Көрмелер, кинофестивальдер, форумдар, еске алу кештері өткізіліп жатыр. Жастардың, жоғары оқу орындарының және ғылыми қауымдастықтың арасындағы қарым-қатынас, шығармашылық қауымның тікелей диалогы арқылы осы үрдіске тың серпін беру керек. Бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыру ынтымақтастығымызды тереңдете түседі. Қазақстан отандық Silk Way телеарнасы жанынан аймақтық телеарна ашу туралы бастама көтерді, – деді Мемлекет басшысы.
Бірыңғай ақпараттық және туристік кеңістік – Silk Way телеарнасы негізінде аймақтық арна ашу және мәдени-туристік іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін жасау – елдер арасындағы «жұмсақ күш» тетіктерін нығайтады.
Дәстүрлі емес қауіпсіздік қатерлері: Цифрлық технологиялардың лаңкестер мен наркобизнес қолына түсуіне қарсы Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының механизмін толық қуатында пайдалану ұсынылды.
Президент волонтерлік қозғалыс гуманитарлық ықпалдастықтың құрамдас бөлігі болуы керек деп пайымдай-
ды.
– Еліміздің «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық жобасын іске асырудағы тәжірибесін аймақтық деңгейде қолға алуға болады. Бұл бастама жастарды адамгершілік және азаматтық құндылықтарға баулиды. Сондықтан келесі жылы «Орталық Азия – ізгі істер мекені» деген ұранмен волонтерлік мәселесіне қатысты жастар форумын өткізуді ұсынамын. Аймақтағы ішкі туризмнің дамуы арқылы халықтардың бір-бірімен араласуына, елдеріміздің тарихымен және мәдениетімен танысуға жол ашылды. Біз Орталық Азия мен Әзербайжандағы ауқымды мәдени, ғылыми, спорттық және туристік іс-шараларының бірыңғай күнтізбесін жасауды ұсынамыз. Бұл барыс-келісті арттырып, бірлескен турлар аясында шетелдік туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылған ұсыныстар өңірдегі ынтымақтастықтың берік гуманитарлық тұғырын қалыптастырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөз соңында Консультативтік кездесулерді жетілдіру мәселесін қозғады.
– Меніңше, осы ынтымақтастық форматын таптаурын қалыптан ада, көшбасшылардың тікелей диалог алаңы ретінде сақтау маңызды. Бұдан бөлек, жұмыс тиімділігі ұсыныстар мен бастамалардың санымен емес, олардың іс жүзіндегі құндылығымен, нәтижесімен өлшенуі керек деп санаймын. 2018 жылдан бері 200-ден астам бастама көтерілген. Дегенмен оның аз ғана бөлігі іске асты. Мұны бұлтартпас деректер айғақтайды. Осы орайда, сыртқы саясат ведомстволары аймақтық бастамаларды түгендеп, олардың өзектілігі мен перспективасын анықтағаны жөн. Бұл аталған форматтың тиімділігін арттырып, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға ықпал етеді, – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан өңірлік кездесулерді жиын өткізу үшін емес, әрбір келісімнің экономикалық, әлеуметтік қайтарымы болуын талап ететін жаңа жұмыс стандартын қалыптастырып жатыр. Президентіміздің «200-ден астам бастама көтерілгенімен, аз бөлігі ғана іске асты» деген сыни ескертуі – өңірлік диалогты жалаң декларациялардан нақты экономикалық-инфрақұрылымдық нәтижелерге көшіру туралы ашық сигнал. Бұл Астананың өңірлік дипломатияда прагматистік ұстанымды ұстанатынын дәлелдей түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Авазадағы бастамалары Орталық Азия мен Әзербайжанды географиялық орны бөлек елдер топтамасынан тұтас «Экономикалық және геосаяси субъектіге» айналдыруға бағытталған. Кездесу Орталық Азия мен Әзербайжанның жай ғана географиялық көршілер емес, Еуразияның қақ ортасындағы біртұтас «Экономикалық және геосаяси субъектіге» айналғанын айқын көрсетті. Бұл процесте Қазақстан логистикалық хаб ретінде емес, су дипломатиясы, цифрландыру және қауіпсіздік бойынша жаңа өңірлік архитектураның негізгі идеологы ретінде бой көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатияны құрғақ уәдеден нақты нәтижеге бұру, өңірлік бастамаларды түгендеу және болашақтың сын-қатерлеріне алдын ала жауап беру туралы ұсыныстары Астананың өңірдің көшбасшысы ғана емес, стратегиялық жауапкершілікті де толық өз мойнына алуға дайын екенін дәлелдейді.
Отырыста Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуі нәтижесінде Бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Одан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға жұмыс сапары аясында Сердар Бердімұхамедовпен кездесті.
Мемлекет басшысы ықыласпен қарсы алып, қонақжайлық танытқаны үшін Түрікменстан Президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ достыққа, тату көршілікке және өзара қолдауға негізделген қазақ-түрікмен қарым-қатынасының жоғары деңгейде екенін атап өтті.
Кездесуде тараптар ықпалдастықтың барлық бағытында оң динамика байқалатынына тоқталды.
Мемлекет басшылары бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды, сондай-ақ энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірлескен перспективті жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады.
Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге баса назар аударылды.
Сонымен қатар алдағы бірлескен іс-шаралар кестесі қарастырылды.
Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ТМД мемлекеттері басшылары ұлттық тағамдар фестивалін аралады.
Түрікменстан павильонында мемлекеттер басшыларының назарына жергілікті бақша және нан-тоқаш өнімдері, түрікмен кілемдері қойылған көрме ұсынылды. Сонымен қатар әдеби-сазды «Оғыздар» («Огузлар») қойылымы көрсетілді.
Қазақстанның ұлттық павильоны еліміздің тарихи-мәдени бай мұрасы мен заманауи жетістіктерін танытатын бірқатар тақырыптық алаңнан тұрады.
Мемлекеттер басшыларына ТМД-ға мүше елдердің ұлттық тағамдарын әзірлеу барысы таныстырылды.
Фестиваль аясында президенттердің қатысуымен Ұйымға мүше мемлекеттер арасында өткен «Жүйріктің шабысы: күш пен сымбат» атты телевизиялық фильмдер байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ