Оралда дәрігерлер баланың асқазанынан 1 келіге жуық шаш алды

/
Оралда дәрігерлер баланың асқазанынан 1 келіге жуық шаш алды
pexels.com

Орал қаласында дәрігерлер баланың асқазанынан салмағы 1 келіге жуық үлкен трихобезоарды алып тастады. Бұл – асқазанда жиналып, тығыздалып қалған шаш массасы, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мой город» басылымының мәліметінше, ота облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жасалған. Бөгде зат тексеру кезінде анықталған. Оның көлемі мен тығыздығына байланысты дәрігерлерге толыққанды хирургиялық операция жасауға тура келген.

Алынған шаш түйінінің салмағы шамамен 1 келі болған.

Трихобезоар деген не?

Трихобезоар – адамның өз шашын немесе өзгенің шашын жұтуы салдарынан асқазанда түзілетін тығыз шаш түйіні. Мұндай әдет трихофагия деп аталады. Бұл жағдай көбіне балалар мен жасөспірімдерде кездеседі.

Дәрігерлер ата-аналарға бірқатар белгілерге мән беруге кеңес береді. Олардың қатарында іштің жоғарғы бөлігіндегі ауырсыну мен ауырлық сезімі, жүрек айну, құсу, тәбеттің төмендеуі, тамақты аз мөлшерде ішкеннен кейін-ақ тез тою және салмақ жоғалту бар.

Сондай-ақ ауыздан жағымсыз иіс шығуы немесе іш тұсынан қолға білінетін тығыз түзіліс байқалуы мүмкін.

«Шаш түйіні үлкейіп, асқазаннан он екі елі ішек пен аш ішекке қарай тарай бастаса, бұл жағдай “Рапунцель синдромы” деп аталады. Ол ішек өтімсіздігіне, ішкі қан кетуге және тіпті асқазан қабырғасының жарылуына әкелуі мүмкін», – дейді дәрігерлер.

Мұндай патология ФГДС, яғни гастроскопия, сондай-ақ УДЗ және компьютерлік томография көмегімен анықталады.

Егер шаш түйіні шағын болса, оны эндоскопиялық жолмен алып тастауға болады. Ал асқынып кеткен жағдайда хирургиялық операция қажет болады.

Дәрігерлердің айтуынша, операциядан кейін балаға психолог немесе психиатр көмегі де қажет болуы мүмкін. Себебі шаш жұту әдеті кейде эмоциялық және мінез-құлық бұзылыстарымен байланысты болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар