Қонаевтағы қазақ-дат диалогы: Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан форум

/
Қонаевтағы қазақ-дат диалогы: Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан форум

Қазақстан мен Дания арасындағы экономикалық байланыс жаңа белеске көтерілмек. Қонаевта өткен бизнес форумда инвестиция, өндіріс, ауыл шаруашылығы, «жасыл» технология, су ресурстары, көлік-логистика және цифрландыру секілді өзекті бағыттар сөз болды. Екі елдің іскер топтары үшін бұл кездесу нақты жобаларға бастайтын жаңа мүмкіндіктер алаңына айналды.

Форумға Қазақстан мен Данияның мемлекеттік органдары, даму инс­ти­туттары мен кәсіпкерлері бас қосып, екі ел­дің экономикалық қарым-қатынасын жаңа мазмұнмен толықтыру мәселелерін тал­қылады.
Форум Данияның Сыртқы істер ми­нистрі Ларс Лёкке Расмуссеннің Қа­зақ­стан­ға ресми сапары аясында ұйымдастырылды. Кез­десуге екі елден 70-тен астам мемле­кет­тік орган, даму институты және бизнес өкі­лі қатысты.
Бұл сапардың дипломатиялық салмағы да бар. Ларс Лёкке Расмуссен – 2009 жыл­дан бері Қазақстанға келген Данияның ал­­ғашқы Сыртқы істер министрі. Ал келер жы­лы Қазақстан мен Дания арасындағы дип­ломатиялық қатынастардың орна­ға­ны­на 35 жыл толады.
Демек, Қонаевтағы басқосу екі ел ара­сындағы бұрыннан қалыптасқан байла­ныс­тарды жаңа деңгейге шығаруға бағыт­тал­­ған маңызды қадамдардың бірі деуге не­гіз бар.

Екі елдің экономикасы тоғысқан тұс

Қазақстан мен Дания арасындағы эко­номикалық байланыс кейінгі жылдары бір­тіндеп кеңейіп келеді.
Ресми мәлімет бойынша, 2005 жылдан бері Данияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясы шамамен 400 мил­лион долларға жеткен. Қазақстан нары­ғын­да Carlsberg, FLSmidth, Novo Nordisk, Danfoss, Maersk секілді белгілі дат ком­па­ния­лары жұмыс істейді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қа­зақстан мен Дания арасындағы тауар ай­налымы 163,6 миллион доллар болды. Оның 40,7 миллион доллары Қазақстан экс­п­ортына, 122,9 миллион доллары им­порт­­қа тиесілі. Ал 2026 жылдың қаңтар-шіл­де айларындағы өзара сауда көлемі 87,7 мил­лион долларды құраған.
Бұл көрсеткіштер жаман нәтиже емес. Бір­ақ екі елдің экономикалық әлеуетін ескерсек, өзара сауда мен инвестиция кө­ле­мін ұлғайтуға мүмкіндік бар екені анық.
Сондықтан бұрынғы байланысты сақ­тай отырып, оның мазмұнын өзгерту маңыз­ды. Яғни, дайын өнім саудасынан тех­нологиялық серіктестікке, жеке инвес­ти­циядан бірлескен өндіріске, тауар ал­масу­д­ан ұзақмерзімді жобаларға көшу.
Қонаевтағы форумның күн тәртібі де осыны аңғартты.

Боралдайдағы өндіріс – нақты нәтиженің көрінісі

Даниялық делегацияның Қазақстанға сапары қарсаңында Алматы облысында маңыз­ды өндірістік жоба іске қосылды.
Боралдайда Carlsberg Kazakhstan ком­па­ниясының жаңа алкогольсіз сусындар өн­діретін кешені ашылды. Жобаға 344 мил­лион доллар инвестиция салынған. Кәсіп­орынның өндірістік қуаты жылына 1 мил­лиард литрге дейін жетеді. Жаңа өнді­ріс­те 230-дан астам жұмыс орны құрылмақ.
Бұл – Қазақстан мен Дания арасындағы эко­номикалық ынтымақтастықтың эко­но­микалық байланысты нығайта бастаға­ны­ның көрінісі. Алматы облысында іске қо­сыл­ған жаңа кәсіпорынның өңір үшін маңы­зы зор.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – жер­гілікті қамтуды арттыру мүм­кіндігі. Өндіріс айналасында шикізат жет­кізушілерінен бастап тасымалдау, қыз­мет көрсету және басқа да қосалқы сала­лар­ға жергілікті кәсіпкерлер атсалысады.
Яғни, инвестициялық жоба өз ай­на­ласына бірнеше шағын және орта бизнесті топ­тастыратын экономикалық тізбек қа­лып­тастыра алады.

Ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық

Қазақстан мен Дания арасындағы ын­ты­мақтастықтың тамыры ауыл шаруашы­лы­ғына да барып тіреледі.
2011-2025 жылдары Қазақстан Дания­дан 10 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қа­ра мал импорттаған.
Бұл – екі елдің аграрлық саладағы бай­ланысының бір көрінісі. Алайда ендігі ке­зең­де мәселе тек асыл тұқымды мал әкелу­мен шектелмеуге тиіс.
Қазақстан үшін маңыздысы – Дания­ның ауыл шаруашылығындағы тәжірибесін, технологиясын және өндірістік мәдениетін ел ішінде қолдану.
Бұған мал шаруашылығы, генетика, сүт өндірісі, жем-шөп дайындау, өңдеу өнер­кә­сібі және цифрлық технологиялар жатады.
Мәселен, Қазақстанда сүт өндірісін да­­мыту үшін асыл тұқымды мал­дың өзі жеткіліксіз. Оның жанында ветери­нар­лық қызмет, жем-шөп базасы, заманауи ферма, сақтау және өңдеу инфрақұрылымы, логистика секілді тұтас жүйе болуы қажет.
Данияның тәжірибесі осы тұрғыдан қызықты.
Сондықтан екі елдің аграрлық ынты­мақ­тастығының келесі кезеңі «қанша мал әкелдік?» деген сұрақтан гөрі «қандай тех­но­логияны Қазақстанда қалыптастырдық?» деген мәселеге ойысса, оның экономикалық әсері әлдеқайда кең болмақ.

«Жасыл» экономикаға бетбұрыс

Қонаевтағы форумның күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – «жасыл» техно­ло­гия.
Дания жаңартылатын энергетика, энер­гия тиімділігі, қоршаған ортаны қор­ғау және су ресурстарын басқару сала­ла­рын­да тәжірибесі қалыптасқан елдердің бірі.
Қазақстан үшін бұл бағыттардың маңы­зы жыл өткен сайын артып келеді.
Әсіресе, су мәселесі қазір эконо­ми­ка­лық қана емес, стратегиялық мәсе­леге айналып отыр. Ауыл шаруашы­лы­ғында суды тиімді пайдалану, қалалардағы су инфрақұрылымын жаңарту, өндірістегі су шығынын азайту – технологиялық ше­шім­ді қажет ететін бағыттар.
Сол себепті Данияның су үнемдеу тех­но­логиялары мен басқару тәжірибесін Қа­зақстанда пайдалану екі ел арасындағы ын­тымақтастықтың перспективалы бағыт­тарының бірі болуы мүмкін.
Энергетика саласында да осындай мүм­кіндік бар.
Қазақстан жаңартылатын энергия көз­дерін дамытуға, өндірістің энергия тиім­ді­лігін арттыруға және жаңа технологияларды енгізуге ұмтылып отыр. Ал Дания бұл ба­ғыт­тарда жинақтаған тәжірибесімен бөлісе алады.
Бұл жерде ең бастысы – дайын тех­но­ло­гияны сатып алумен шектелмей, оны Қа­зақ­стан экономикасына бейімдеу және жер­гілікті мамандардың біліктілігін арт­тыру.

Орта дәліз: Қазақстанның географиялық артықшылығы

Қазақ-дат ынтымақтастығының тағы бір маңызды бағыты – көлік және логис­тика.
Қазақстан үшін бұл сала ерекше маңыз­ға ие. Өйткені еліміздің географиялық ор­на­ласуы Еуропа мен Азия арасындағы сауда жол­дарының дамуына мүмкіндік береді.
Кейінгі жылдары осы тұрғыдан Транс­кас­пий халықаралық көлік бағытына, яғни Орта дәлізге деген қызығушылық артып ке­­­леді.
Қазақстан арқылы Қытайдан Каспий теңі­зіне, одан әрі Кавказ бен Еуропаға шы­ға­тын жүк бағыттарының дамуы еліміз­дің транзиттік әлеуетін күшейте алады.
Данияның әлемдік логистикадағы тә­жіри­бесі бұл жерде Қазақстан үшін маңыз­ды серіктестік мүмкіндігін туғызады.
30 қыркүйекте Алматыда Maersk ком­паниясы, «Қазақстан темір жолы» және қа­зақ­стандық әлеуетті серіктестердің қа­тысуы­мен арнайы дөңгелек үстелдің өтуі де осы бағыттағы байланыстың күшейіп ке­ле жатқанын көрсетті.
Қазақстан тек транзиттік жүк көлемін кө­бейтуге тырысып отырған жоқ. Логис­ти­ка­лық қызметтердің сапасын көтеру, кон­тей­нерлік тасымалды дамыту, цифрлық ба­қылау жүйелерін енгізу және халықара­лық логистикалық тізбектерге тереңірек ену де маңызды.
Бұл бағытта дат компанияларының тә­жірибесі қажет.

Қонаевтың экономикалық әлеуеті

Форумның дәл Қонаев қаласында өтуі­нің де өзіндік мәні бар.
Алматы облысы – халқы тығыз орна­лас­қан, өндірістік және ауыл шаруашылығы әлеуе­ті жоғары, маңызды көлік жолдары то­ғысатын өңірлердің бірі. Сонымен бірге Қонаевтың жаңа облыс орталығы ретінде қалыптасуы қаланың экономикалық және іс­керлік рөлін арттыруға мүмкіндік береді.
Қала мен облыстың инвестициялық әлеуе­тін халықаралық деңгейде көрсету үшін осындай форумдардың маңызы зор.
Боралдайдағы жаңа өндіріс пен Қо­наев­тағы бизнес кездесудің бір күнге то­ғысуы да символдық мәнге ие.

Екі елге де қажет серіктестік

Қазақстан үшін Даниямен ынтымақтас­тық­тың мәні – Еуропаның технологиялық жә­не инновациялық тәжірибесіне қол жет­кізу мүмкіндігі.
Дания үшін Қазақстан – Орталық Азия­дағы ірі нарық, табиғи ресурстарға бай мем­лекет, сондай-ақ Еуропа мен Азия ара­сын­дағы маңызды көлік дәліздерінің бірі.
Екі елдің мүдделері осы тұста тоғысады.
Қазақстан өзінің географиялық орна­ласуын, нарығын және өндірістік әлеуетін ұсы­нады. Дания технологиясын, капита­лын, басқару тәжірибесін және халық­ара­лық бизнес байланыстарын ұсына алады.
Егер осы мүмкіндіктер нақты жоба­лар­ға айналса, екіжақты экономикалық бай­ланыстың жаңа кезеңі басталады.
Қонаевта өткен форумның басты маңы­зы да осында.

Ахмет ӨМІРЗАҚ
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары