Тараз қаласының тұрғыны полиция департаментінің кезекші бөліміне жүгінген. Алайда ол мәселені сабырмен түсіндірудің орнына агрессивті мінез танытып, жедел басқару орталығының кезекші инспекторына дөрекі сөздер айтып, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полиция қызметкері бірнеше рет ескерту жасап, тәртіп сақтауға және әдепті сөйлеуге шақырғанымен, азамат өз әрекетін тоқтатпаған.
Аталған дерек бойынша билік өкілін қорлау фактісімен қылмыстық іс тіркелді. Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған 40 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.
Өкінішке қарай, кейбір азаматтар "102" жедел желісін пайдаланудың жауапкершілігін әлі де жете түсінбейді. Атап айтқанда, көрінеу жалған әрі негізсіз шақыртулар, әзіл үшін қоңырау шалу, оның ішінде кәмелетке толмағандардың осындай әрекеттерге баруы, сондай-ақ полицияның араласуын қажет етпейтін мәселелер бойынша хабарласу жағдайлары кездеседі.
Мұндай әрбір қоңырау полиция қызметкерлерінің уақыты мен күшін алады. Ал бұл ресурстар шұғыл көмек пен қорғауды қажет ететін азаматтарға дер кезінде жету үшін аса маңызды болатынын ескертеміз.