Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai әуе компаниясының ұшағы борттағы төтенше жағдайдан кейін Сауд Арабиясының Табук қаласына шұғыл қонды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұшу кезінде экипаж алдымен төтенше жағдай сигналын, кейін әуе кемесін басып алу немесе заңсыз араласуды білдіретін 7500 кодын жіберген. Осыдан кейін Израиль тарапы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, оқиғаны бақылауға алған.
Алғашқы ақпаратта ұшақ кабинасында екі ұшқыш арасында жанжал болғаны айтылды. Оқиға салдарынан екі пилот та жарақат алып, ұшақ қонғаннан кейін ауруханаға жеткізілген. Flydubai әуе кемесінің Сауд Арабиясына аман-есен қонғанын растады.
Кейбір шетелдік БАҚ Израиль билігі ұшқыштардың бірінің әрекетін қасақана шабуыл болуы мүмкін деген нұсқа бойынша тексеріп жатқанын хабарлады. Жолаушылар мен экипаж мүшелері кабинадағы жағдайды бақылауға алуға көмектескені де айтылады. Бұл жайттың нақты мән-жайын Сауд Арабиясының құзырлы органдары анықтап жатыр.
Борттағы адамдардың саны жөнінде әзірге түрлі дерек тараған. Кей ақпарат көздері рейсте шамамен 150 жолаушы болғанын жазса, басқа басылымдар олардың саны 180-ге жуық болғанын хабарлады.
Ұшақ Табук әуежайына қауіпсіз қонған. Жолаушылар арасында ауыр жарақат алғандар туралы мәлімет жоқ. Израиль билігі оларды елге қайтару мәселесімен айналысып жатқанын хабарлады.