Алматыда сталкинг жасады деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды қалалық полиция департаменті.
Алматыда сталкинг дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті ұсталды.
Алатау ауданының полициясына 35 жастағы әйел арызданған. Оның айтуынша, өзін жақсы танымайтын ер адам ұзақ уақыт бойы мазасын алып, жүйелі түрде қоңырау шалған, қорқытқан және онымен байланыс орнатуын тоқтатпаған.
Өз сөзін растау үшін әйел WhatsApp желісіндегі хат алмасулар мен телефон арқылы сөйлескен аудиожазбаларды ұсынған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 52 жастағы ер адамның кім екенінанықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Жауап алу кезінде ол кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірген.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.