Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға қатысты жалған ақпарат таратқан төрт қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полиция мәліметінше, әлеуметтік желілерде әскери қызметкерлердің тағдыры мен оқиғаның мән-жайына қатысты шындыққа сәйкес келмейтін бірнеше жазба тараған. Олардың арасында бір әскери қызметкердің адам құтқарып, кейін жағаға өз бетімен шыққаны және бұл жағдайдың әдейі жасырылып отырғаны туралы ақпарат болған.
Құқық қорғау органдары мұндай жазбаларды жариялаған төрт адамның жеке басын анықтады. Олардың екеуі әскери қызметкер А.А. туралы расталмаған мәлімет таратқан.
"Д.С және Г.С есімді азаматтардың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларына әскери қызметкер А.А. туралы ақпарат жариялағаны белгілі болды. Жарияланымдарда оның суға батып бара жатқан жолдасын құтқарып, өз бетімен жағаға шыққаны, сондай-ақ оның ерлігі мен құтқарылу жағдайлары қасақана жасырылып отырғаны туралы мәліметтер таратылған. Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, А.А оқу-жаттығу барысында жағалауда болып, оқу-жаттығу жоспарына сәйкес көзделген міндеттерді орындаған. Тараған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді", – делінген полиция хабарламасында.
Ал Шымкент пен Көкшетау қалаларының тағы екі тұрғыны кейбір әскери қызметшілердің қаза болғаны туралы ақпарат жасырылып отыр деген мазмұнда жазбалар жариялаған.
Полицияның мәліметінше, авторлардың кейбірі ақпаратты туыстарынан естігенін немесе әлеуметтік желіден көріп, тексерместен қайта таратқанын мойындаған.
Сот төрт адамның әрқайсысына 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салды.