Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Адамбек Кендебай Сарыбайұлы халықпен кері байланысты күшейту мақсатында бүгін «Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Қабылдау барысында Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және басқа да өңірлерден келген 13 азаматтың өтініштері қаралды. Азаматтар бизнес және мүліктік даулар, сот шешімдерімен келіспеу және олардың орындалуы, қылмыстық істер, денсаулық сақтау, тұрғын үй, білім беру саласындағы заңнаманы жетілдіру және қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу мәселелері бойынша жүгінді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қабылдауда «Арғымақ» әлеуметтік даму орталығының төрайымы Жұмагүл Тәжібекова көпбалалы отбасылардың балаларын балабақшаға тегін баруын қамтамасыз ететін заң нормаларын қайта қарауды сұрады.
«2022 жылы көп балалы отбасылардың балалары балабақшаға тегін баратыны туралы норма болған еді. Алайда 2025 жылдың 9 шілдесінде «Білім беру туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, ол норма алынып тасталды. Тек атаулы әлеуметтік көмек алатын көп балалы отбасылардың балалары мен ерекше бала бағып отырған отбасылардың балалары ғана балабақшаға тегін баратын болып қалдырылды. Бұл норма бүгінгі таңда балалардың балабақшаға баруына едәуір әсер етті. Неге? Себебі енді әр ана тоқсан сайын кедейлік мәртебесін растап отыруға тиіс. Сол себепті көптеген бала балабақшаға баруды қойды. Алматыда бұрын көпбалалы отбасылардан 4 мың бала балабақшаға барса, осы норма енгізілгелі бері 1 мың бала ғана балабақшаға баратын болған. Яғни, бұл мәселе Қазақстан бойынша өте өзекті. Себебі балабақша мәселесі отбасылардың әлеуметтік мәртебесіне ғана емес, бюджетіне де әсер етеді. Мысалы, 8 баласы бар отбасының, кенже екі баласы балабақшаға баруы керек. Бірақ көп отбасылар бір баланы ғана балабақшаға беріп, екіншісін алып қалуға мәжбүр. Себебі 8 баланың үлкендері оқу бітіріп, басқа қалада жұмыс істеп, өз өмірін сүріп жатыр. Бірақ солардың да табысы отбасының табысына есептеліп кеткен. Сондықтан да кенже балалар көп балалы отбасының баласы ретінде балабақшаға тегін бару мүмкіндігінен айырылған», – дейді ол.
Ал қабылдауға Семей қаласынан келген көп балалы ана, «Ақ ұлпа» қоғамдық қорының төрайымы Анар Сүлейменова балабақша мәселесіне қосыла келе, көпбалалы отбасыларды тіркеу, баспанамен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.
«Көп мәселе шешілді. Шешілмеген де мәселе көп. Балабақша туралы әріптестерімнің айтқанымен толық келісемін. Мысалы, бес баласы бар, баспанасы жоқ, 150 мың теңге жалақы алатын отбасы ол ақшаны пәтерге төлейді. Одан бөлек көп балалы ана ретінде 86 мың теңге жәрдемақы алады. Ол ақша қайда жетеді? Азық-түлік ала ма? Баласын балабақшаға бере ме? Ақша жетпеген соң ата-аналар жалданып, түрлі жұмыс істейді. Сондай жетіспеушіліктен біраз жыл бұрын Астанада бір үйдің бес баласы қаза тапты. Біз қазір қайтадан соған келе жатырмыз ба? Бұл – әр ананың жан айқайы. Әр баланың дамуы – балабақшадан басталады. Бала балабақшада горшокқа отыруды, қасық ұстауды, өзгелермен араласуды үйренеді. Анасы жұмыста болса екі жастағы баланы кімге қалдырады? Біз сол Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі аналардың жанайқайын жеткізуге келдік. Тіркеу мәселесі де өте өзекті. Өз баспанасы болмаса көп балалы ата-ана қай да тіркеуге тұрады? Бәрінің бірдей туысқандарының үйіне тіркеуге тұруға мүмкіндігі жоқ. Мүгедектік алу үшін де, кезекке тұру үшін де, жәрдемақы рәсімдеу үшін де тіркеу керек. Бұл мәселені біз бұрыннан көтеріп келе жатырмыз. Тұрақты баспананың болмауынан көптеген мәселе туындап отыр. Көпбалалы отбасылар баспанамен қамтамасыз етілсе, олар пәтер жалдауға төлеген ақшаны баланың балабақшасына төлейтін еді. Осылай мәселені шешудің бір амалын табуға болады», – дейді ол.

Қабылдауға келген азаматтардың өтінішін тыңдаған Құрылтай депутаты, Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Кендебай Сарыбайұлы мәселелердің түйініне тоқталып, шешу шаралары туралы айтты.
«Бүгін қабылдауға келген адамдар негізінен екі мәселені көтерді. Біріншісі – балаларды әлеуметтік қолдау, екіншісі – несие алу. Балаларға берілетін әлеуметтік төлемдерді алуда кемшіліктерге жол беріліп жатқан болуы мүмкін. Өзімнің түйгенім – көп мәселені зерделеу керек. Көмек шынымен мұқтаж жандарға берілуге тиіс. Бәріне бірдей қарауға болмайды. Жағдайы төмен топтар бар. Сондықтан бәріне бірдей төлем жасау мәселдесін жан-жақты зерттеген жөн.
«Әділет» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша жүздеген мың адам өз мәселесін шешті. Әрине, арасында кілтипандар болады. Қабылдауға келген бір арызданушы өзінің мәселесін бір келгеннен шеше алмағанын айтты. Біраз адам сот шешімдеріне қатысты мәселелермен келді. Көбінің сот шешімі күшіне енген. Сот та биліктің тәуелсіз тармағы. Сондықтан біз сот шешіміне әсер ете алмаймыз. Бірақ халықты тыңдап, құқықтық кеңес беруге мүмкіндігіміз бар. Қазір сонымен айналысып жатырмыз.
Содан кейін азаматтық, қылмыстық кодекстің біраз баптарына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстармен келіп отыр. Бір жағынан қарағанда ұсыныстар көңілге қонымды сияқты. Бірақ біз құқықтық тұрғыдан зерттеуіміз керек, құқықтық тәжірибені қарауымыз керек. Бір жылдық, үш жылдық тәжірибелерді қарап, содан кейін арнаулы ғылыми-құқықтық институттармен талқыға салып, мамандар арасында дөңгелек үстел өткізу керек. Біз бір жақтың ғана ұсынысын тыңдап отырмыз ғой. Бізге барлық жақтың пікірін тыңдап, қоғамға да, билікке де, ең бастысы халыққа ұтымды шешім шығару қажет. Құрылтай қабырғасынан жұмыс тобын құрып, депутаттық сауал жолдау мәселесін де қарастырамыз», – деді ол.