Астана қаласының прокуратурасы алимент өндіріп алу туралы сот актілерінің орындалуына жүргізілген тексеру барысында сот орындаушыларының 5 мыңнан астам әрекетсіздік фактісін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сонымен қатар, 5,5 мың борышкер өз балаларына нақты 26 млрд теңге көлеміндегі табысын жасырған.
Елорда прокурорларының бастамасымен алимент төлемейтіндермен күрестің жаңа әдісі енгізілді – бұдан былай өндіріп алу кезінде бұрын жеке сот орындаушыларының назарынан тыс қалған борышкерлердің арнайы техникасы да қамтылатын болады.
Жаңа тәсілдің арқасында прокурорлар жалпы құны 2 млрд теңге болатын 126 бірлік құрылыс, жол және ауыл шаруашылығы техникасын анықтады.
Бүгінгі таңда прокуратура 2,5 мың балалардың пайдасына 2 млрд теңгеден астам алимент өндіріп алды.
Тексеру нәтижелері бойынша анықталған миллиардтаған кірістер мен арнайы техникаға өндіріп алуды қамтамасыз ету, сондай-ақ әрекетсіздікке жол берген кінәлі тұлғаларды қатаң жауапкершілікке тарту жөнінде Әділет министрлігіне қадағалау актісі енгізілді.
Елорда прокуратурасы борышкерлерді балаларын асырау жөніндегі міндеттерін орындаудан жалтармауға шақырады.