Қала көркіне көлеңке түсіргендер

Қала көркіне көлеңке түсіргендер

Қала көркіне көлеңке түсіргендер
ашық дереккөзі
869
Өмір сүру үшін, жан бағу үшін әркім қолынан келген ісімен айналысады. Қолынан іс келмейтіндер жалданып қызмет етіп, маңдай терімен нан табады. Сондай-ақ, қоғамда тағы бір әлеуметтік топтың өкілдері бар. Олар – қайырымды жандардан көмек сұрап, қайыр тілейтіндер. Қайыршылар үшін әркімге бір алақан жайып, қайыр сұрау оңай емес екені анық. Ендеше, қайыршылық қайдан шығады? Қайыршысыз қоғам болуы мүмкін бе? Олармен күрес жүргізген дұрыс па? Бір күндік тамағы үшін қайыр сұрап жүргендердің тағдыры қиын екені айтпаса да түсінікті. Тағдырдың сынақтарына қарсы тұра алмай, осындай жолмен жан бағып жүргендердің қатары елімізде артпаса, азаяр түрі байқалмайды. Тіпті, бүгінгі қоғамда қайыршылардың сан түрі бар екендігін де жұртшылық жақсы біліп алған. Қайыршылардың бірі мұқтаждықтан алақан жайса, енді бірі ащы суға жетер тиын-тебен жинағанша асығады. Ал үшінші бір топ – қайыршылықты бизнес көзіне айналдырып үлгергендер. Қазір еліміздегі қалалардың қай бұрышына барсаңыз да, жол бойынан алақан жайып отырған қайыршыны көресіз. Мұндай көрініске қалалықтардың көздері әлдеқашан үйреніп кеткен. Көбіне ірі қалаларда қайыр сұраушылар қоғамдық көліктер мен базарларды, адам көп жүретін орындарды қызмет орнына айналдырған. Әрине, олар да сол арқылы нан тауып жеп отырғандықтан, қаралауға қақымыз жоқ. Қалай десек те, қай елде болмасын, қайыршылардың болмағаны көңілге медеу. Қайыр сұраған адамдардың саны неге көбеюде? Олардың осыншалықты бейшара халге түсуіне кім кінәлі? Еңбек етуге қауқарлары жоқ па? Әлде, қайыр сұрау оңай кәсіптің түрі ме?

Жалған «мүгедектер» жайлаған қоғам

Бір айдан кейін елордада ЭКСПО – 2017 көрмесінің шымылдығы түрілетіні белгілі. Өкінішке қарай, шеттен келген келімсек қайыршылар күн санап көркейіп келе жатқан елорда келбетіне де көлеңкесін түсіріп жүр. Базар, мешіт маңы, вокзал аумағы секілді қоғамдық орындарда қайыршылар аяқ алып жүргізбейтіндігіне шағымданушылар да аз емес. Әлемнің түкпір-түкпірінен сан мыңдаған қонақтар келеді деп күткен еліміз үйсіз-күйсіз, далада қаңғып жүргендердің жағдайын да назардан тыс қалдырған жоқ. Осы орайда, наурыз айында Астана қалалық Ішкі істер департаменті бас қаладағы қайыршылар мен үйсіздерге қатысты жұмыстарды бастады. Айта кетейік, құқық қорғау органдары қайыр сұрап жүргендердің мұндай жұмысына тосқауыл келтіре алмайды. Олай етуге тәртіп сақшыларының құқығы да жоқ. Заң бойынша, полицейлер қайыршыларды екінші мәрте бөлімшеге шақыра алмайды. Егер алақан жайып жүргендер Қазақстан Республикасының азаматы болса, ол елдің қалаған аумағында өмір сүруге құқылы. Астана қалалық Ішкі істер департаментінің басшысы Амантай Әубәкіров informburo.kz сайтына берген сұхбатында көбіне көше кезіп жүретіндердің қолына құндақтаулы сәбиін көтерген сыған әйелдер екендігін айтыпты. «Оларға күштеп шара қолдана  алмаймыз. Өз еріктерімен елден кету үшін шаралар қолданылған. Бірақ  ешкім өз еркімен кеткісі келмейді. Олар кішкентай балаларымен жүргендіктен, заңда рұқсат етілсе де, күштеп елден шығару шаралары қолданылмайды. Бұл мәселе де қарастырылуы тиіс. ЭКСПО уақытында  олар астанамыздың көркін құртады деп уайымдаймыз», – дейді Амантай Әубәкіров. Бір жерден екінші жерге көшіп жүріп қайыр тілейтіндердің нақты мекенжайын білу де мүмкін емес. Осы секілді түрлі мәселелер тұрғанда, қайыршылармен күрес жүргізу оңай шаруа болмасы анық. 2015 жылы Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков те Астананың келбетіне нұқсан келтіретін қайыршылар мен үйсіздерді қуу керек деп ұсыныс білдіргені көптің есінде болар. «Бомждар біздің қоғамның ауруына айналды! Олар астанамыздың келбетін бұзып жатыр! Жақында ЭКСПО-2017 өтеді, оған шетелдік туристер келеді. Сонда біздің үйсіздер қайыр сұрап жүрсе, туристердің санасында біздің гүлденген ел туралы қандай ой қалыптасады? Міне, мыналарың ЭКСПО өткізіп жатыр, ал халқы кедейленіп, үйсіз жүр демей ме? Бұған жол беруге болмайды!», – деген еді Жамбыл Ахметбеков. ЭКСПО көрмесі өте ауқымды шара, еліміздің әлемге танылуына берілген тағы бір мүмкіндік. Бірақ мұндай шара үшін қайыршыларды қуғындау қаншалықты орынды? Олардың мұндай қадамға жайдан-жай бармағаны белгілі емес пе? Кейде он екі мүшесі сау адамның қайыр тілеп, тепсе темір үзетін азаматтардың ащы су үшін алақан жайып жүргенін көргенде, осылар неге еңбек етіп, нан таппайды деп кіжінетініміз рас. Бірақ жер бетінде қанша адам болса, сонша тағдыр болатындығы тағы бар... Қазақ халқы ешқашан дарқандығынан айныған емес. Алайда шекара асып келген қайыршылар айналасына зиянын тигізетіндей болмағаны жөн. Алда дүйім жұрт жиналатын ЭКСПО – 2017 көрмесі басталады. Астана мен Алматы секілді ірі қалаларда қол жайып жүргендердің басым көпшілігі – өзге елден келген келімсектер. Яғни, еліміздегі қайыршылар мен қаңғыбастардың көп бөлігін өзге елдерден келген еңбек мигранттары құрап отыр. Ал әлемге көпұлтты мемлекет ретінде танылған Қазақстанның басты қалаларында қайыршылардың қаптап жүргенін көрген қонақтар оларды біздің еліміздің азаматы деп қабылдайтыны айтпаса да түсінікті. Әр елдің ахуалын ондағы халықтың жағдайына қарап бағамдауға болатындығы дәлелдеуді қажет етпейтіндігін ескерсек, шетелдік қонақтар Қазақстанды қайыршылардың ордасы деп бағаламасына кім кепіл?!

Алақан жайғандар айыппұл төлеп жүр ме?

Ислам хадисінде тек үш жағдайда ғана қайыр тілеуге болады делінген: су тасқыны, өрт, құрғақшылық, яғни табиғи апаттар салдарынан мал-дүниесінен айырылған адам жағдайын түзегенше; ауылының үш адамы пәленше жоқшылыққа тап болды деп айтқан сіңірі шыққан кедей жағдайын оңалтқанша және адамдардың арасын татуластыру үшін берілетін көмек. Рас, ислам – қайырымдылыққа құрылған дін. Бірақ қайрымдылық пен алақан жаю бір ұғым емес. Сондықтан, Құранда садақаны алақан жайғанға емес, үйден шығуы мұң болып отырған адамға беру қажеттілігі ескертіледі. Ресми деректерге жүгінсек, қайыршылар, әсіресе, Еуропа елдерінде көп. Тіпті, қоғамдық орындарда қайыр сұрау арқылы бүтіндей бір әулетті асырап отырғандар бар көрінеді. Мұнда жетім балаларға қайыр сұратуды бизнес көзіне айналдырған пайдакештердің де қарасы қалың екен. Еуропалықтардың дәл осы жағдайы бүгінде біздің елге де жеткен тәрізді. Өйткені бүгінде Қазақстанда да қайыр сұрауды табыс көзіне айналдырып алғандардың бар екендігі жасырын емес. Нигерияда табысының бір бөлігін қайыршыларға табыстау – қалыпты құбылыс. Ал Түркияда қайыршылар атымен жоқ. Мұнда жағдайы нашар адамдар бір рет қана қолдануға болатын қағаздарды сатып, нан табады. Ең қызығы, олардың бұйымдарын ешкім сатып алмайды. Тек түріктер әлгі заттарды саудалап тұрғандардың жанына барып, қалтасы көтергенше қаражат тастап кетуді әдетке айналдырып алған. Біреулер садақаны амалсыздан сұрайды. Енді біреулер артық ақшаны жаны қиналмай тапқанына риза. Қалай десек те, осы құбылыспен күрес жер-жерде күшейіп келеді. Халықаралық тәжірибеде қайыршылыққа қарсы қабылданған заңдар бар. Мәселен, көптеген Еуропа елдерінде қайыршылық үшін жаза қатаң. Латвия, Франция, Норвегия мемлекеттері «қол жайғыштарға» тосқауыл қойылса, Литвада қайыр беруге тыйым салынған. Тек мүгедектерге ғана көмек көрсетуге рұқсат. Ал Ресейде қайыршылыққа қоғамдық орындарда тәртіпті бұзу деп қарап, әкімшілік жауапкершілікке тартады. Дерек көздеріне сүйенсек, осы арқылы Мәскеу метроларындағы қаптаған қайыршылар күрт тыйылған екен. Ресейдегі осы тәжірибеге сүйене отырып, екі жыл бұрын елімізде қайыршылар мен жезөкшелердің санын азайту мақсатында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске» өзгерістер енгізілген болатын. Жаңа заң арқылы алақан жайып, қайыр тілегендер жұртты мазалағаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелген-ді. Қайыршылар «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабында көрсетілген «Қоғамдық орындарда адамдарды мазалау» деген 3 бөлім бойынша жазаланады. Яғни, бірінші бөліммен 5, екінші бөліммен 10 айлық көрсеткіш есебімен айыппұл төлеуге міндеттеледі. Үшінші бөлім бойынша елден қуылады.  Айта кететін жайт, ешкімге зияны тимейтін, өз жөнімен отырып, кедергісін келтірмейтіндерге бұл жазаның қатысы жоқ. Жаңа заң қоғамдағы қайыршылықтың тамырына балта шабады деп үміттенгендердің дегені бола қоймады. Билік осы заң шеңберінде қайыр сұрап жабысатындарды тыямыз деген еді.  Көше ортасында жолыңды кесіп, алақан жайғандардың көбеюінен заңның жүзеге асып жатқанына сену қиын.

Мұқтаждық па, әлде жалқаулық па?

Қазақы қоғамға жат бұл құбылыс бізге қайдан келді деп басымызды тоқпақтағаннан пайда жоқ. Одан да бұл мәселенің оңтайлы шешімін қалай табуға болатындығын ойланған жөн. Абай ақын «Есектің артын жусаң да, мал тап» демеді ме? Ал аяқ-қолы сау бола тұра өзгелерге алақан жаюды әдетке айналдырғандар бұл сөзді неге ескермей жүр? Әрине, мүгедек жандардың қайырымды жандардың қолына қарағаннан өзге лажы жоқ. Бірақ құлағы естісе де керең боп, көзі көрсе де, соқыр боп жүрген жалған «мүгедектердің» қайыр сұрап жүргенін қайтеміз? Өз күшімен емес, мүсәпірлік ісімен күнін көргендер жұртшылықтың қанша ашуына тисе де, олар да қоғамның бір перзенті болғандықтан, үнсіз ғана жанынан өте шығады. Солай жүруге қайыршылар да әбден дағдыланып алған. Қазір таң атқаннан күн батқанға дейін дүкендер мен кафелер алдына келіп, бірі алақан жайып, тиын-тебен сұраса, енді біреулері көшенің қақ ортасына шығып көліктегілерден қайыр сұрайтынды шығарды. Мұндай жағдайда Алматы шаһарындағы ірі даңғылдардан жиі көруге болады. Статистика бойынша, адамдар көбінесе 30 жастан асқан соң өмір қиыншылықтарына шыдамай, кезбеге немесе қайыршыға айналады екен. Бірақ орда бұзар шағында азаматтардың алақан жаюын ақтауға бола ма? Ал мамандардың айтуынша, қайыршылық дертпен тең. Яғни, бұл – психологиялық ауру. Қайыршылыққа мойын бұрған адамды бұрынғы ортасына қайтару қиынға соғады. Қоғамның нағыз дерті – осы. Не десек те, бұл қоғамның күрмеуі күрделі мәселесінің біріне айналып тұрғаны анық. Жалпы, садақа – сұралатын емес, берілетін дүние. Ал қайыр сұрау сығандар үшін ата-дәстүр, қазақ үшін әлсіздіктің нағыз көрінісі. Бүгінгі күні қайыршысыз қоғамды көзге елестету мүмкін еместей көрінеді. Бірақ қайыршылар санын азайту – қоғамның міндеті. Сондықтан, қайыршыларды тиын-тебенмен қуантпай, олардың арасындағы еңбекке бейiмi барларына жұмыс тауып берiп, ең болмағанда, қоғамдық жұмысқа тарту жағын ойластыру қажет. Бұл – қоғамға артылған жауапкершілік.    

Серіктес жаңалықтары