Қытай жастары мансап қуудан бас тарта бастады – SCMP

/
Қытай жастары мансап қуудан бас тарта бастады – SCMP
cурет: istockphoto.com

Қытайда жас қызметкерлер арасында басшылық қызметке көтерілуден саналы түрде бас тартатындар көбейіп келеді. Олардың пікірінше, жаңа лауазым жауапкершілік пен күйзелісті айтарлықтай арттырғанымен, жалақы мен басқа артықшылықтар соған сай өсе бермейді. Бұл үрдіс «conscious unbossing» — «саналы түрде бастық болмау» деп аталып жүр, деп хабарлайды turkystan.kz.

South China Morning Post мәліметінше, Қытайдың әлеуметтік желілерінде қызметтік өсуден бас тарту туралы жазбалар 40 миллионнан астам қаралым жинаған. Қолданушылар тіпті басшылық ұсынған жоғары лауазымнан сыпайы түрде бас тартуға арналған дайын жауап үлгілерін де бөлісе бастаған. Оларда қызметкерлер көбіне жаңа міндетке әлі дайын еместігін немесе қосымша жауапкершілікке лайықты жалақы қажет екенін айтады.

Басылым мысалға June есімді қызметкерді келтіреді. Ол он жылдық еңбек жолында жоғарылау туралы ұсыныстан үш рет бас тартқан. Бір жолы білім беру компаниясында басшылық қызметке кіріскенімен, жұмыс қысымы күрт өскен соң екі аптадан кейін бұрынғы қызметіне қайта оралған.

Жастардың мұндай шешіміне ең алдымен жауапкершілік пен сыйақы арасындағы айырмашылық әсер етеді. Кей қызметкерлер басшылық қызметте бірнеше бағытқа бір мезетте жауап беруге тура келетінін, алайда жалақының айтарлықтай өспейтінін айтады. Сол себепті олар мансаптық өсуді тек лауазыммен емес, кәсіби дағды, табыс пен өмір сапасының жақсаруымен өлшеуге бейім.

Бұл үрдіс Қытаймен ғана шектелмейді. Robert Walters рекрутинг компаниясының 2024 жылғы сауалнамасында Z буыны өкілдерінің 52%-ы орта буын менеджері болғысы келмейтінін айтқан. Ал 72%-ы басқа адамдарды басқарудан гөрі жеке кәсіби дағдыларын дамытып, сол арқылы мансап құруды жөн көрген. Респонденттердің 69%-ы орта буын басшыларының жұмысын «күйзелісі көп, қайтарымы аз» деп бағалаған.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жастардың мансаптан немесе дамудан бас тартқанын білдірмейді. Керісінше, олар жоғары лауазымның қосымша жауапкершілігі жалақы, өкілеттік және кәсіби мүмкіндікпен сәйкес келуін талап ете бастады. Мұндай өзгеріс компанияларды дәстүрлі мансаптық өсу жүйесін қайта қарауға итермелеуі мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар