Әбілқайыр образын Бопай ханым арқылы ашуды көздедім

Әбілқайыр образын Бопай ханым арқылы ашуды көздедім

Белгілі жазушы Мәди Айымбетов сырт қарағанда  томаға-тұйық жандай көрінеді. Әдеби ортадағы түрлі пікір алаңында өзін көрсетуден бойын аулақ салатыны байқалады. Ал әңгімелерін оқысаңыз, мамырдың кешкі шуағына шомылғандай бір тыныш та жылы күй көңіліңізді кеулейді. Орайы түсіп, қаламгермен аз-кем тілдесіп қайтқан едік.

– Мәди аға, жазушы белгілі бір шы­ғарма үшін қажетті материалды, ойды қайдан алады? Алғашқы әң­гімеңіз қалай туды, құрылымын қалай құрдыңыз?

– Болашақ туындының тақырыбына өзек болатын материал, дәлірек айт­қанда, шындық өмірден ғана алынады. Бұл – бұлжымас ақиқат! Барлық қалам­гер шығармашылығына арқау болатын, өмірлік мәселелерге қозғау салатын ой нысанасын (идеяны) тіршілік болмы­сы­ның өзінен табады. Ал тіршілік деге­ні­міздің өзі адамның өмірдегі әрқилы әре­кетінің, мінезінің, толғаныс, тебі­ре­не­сінің тұтастай бір әлемі ғой. Сол әлем­нің қат-қабатынан бөлектеп кейіптейтін образыңның сыр-сипаты оқырманды ойландыратындай шыншыл сөз өрнегін мейлінше дәл табуға ұмтыласың. Осы ұмтылыстың сәтті болуы жолындағы қа­ракеттен қанағат тапқаныңда шығар­маға жан бітеді деп ойлаймын.
Жариялануға лайықты, көркем шы­ғарма деуге тұрарлық алғашқы әңгімеге дейін өз басым еліктеу, солықтаушылық сарын­дағы нәрселерді шимайлағаным есімде, тіпті, солардың кейбірін газет­тер­ге де жариялағанмын. Бәлкім, бұл ілкім әре­кетім жазуға деген қабілетімді сынақ­тан өткізуім сияқты болған шығар...
Ұмытпасам, «Жұлдыз» журналының 1972 жылғы соңғы санында жарық көр­ген  «Тәтті мұң» деген әңгімем өзімді про­­зашы ретінде сезіндірген алғашқы туындым болды. Әдебиеттегі жазушылық қызме­тім­ді осы мезеттен басталды деп есептей­мін. Бұл – бүкпесіз шындығым.
Әңгіме жастай жесір қалған әйелдің қол жеткізбес, бірақ үміті үзілмеген мәң­гі­лік махаббаты туралы. Оның жүрегінде ұялап қалған махаббат сезімін «тәтті мұңға» теңедім. Әйел жанын тербеген ма­хаб­батты басқаша айта алмас та едім, мұң тәттілігімен ғана махаббат!  Кейіп­ке­рім Батиханың өміріне демеу болған осы нәзік рухтың өшпейтініне өзім де сендім, оқырманымды да сендіргім келді. 
Журнал редакторы Шерхан Мұрта­зы­ның «Мына әңгімеде мистикалық са­рын бар ма, қалай өзі?!» деп аз-кем күмән кел­тіргеніне қарамастан проза бөлімін бас­қаратын Оралханның жариялауға ба­тыл ұсынғанын да кейін білдім. Ал­ғаш­қы әңгіменің жазылып, жарық көру тарихы, міне, осындай... 

– Шығармаларыңызда ауыл өмірі, дала табиғаты ерекше көрі­ніс­пен бейнеленіп, қарапайым адам­дардың мінезі, әрекетімен астасып жа­тады. Ауыл сіз үшін көркем кеңіс­тік пе, әлде адам табиғатын танудың жолы ма?

– Ауыл өмірі, тіршілігі мен табиғаты, он­дағы қарапайым адамдардың болмыс-бітімі шығармаларымның басты ны­са­насы, менің тынымсыз қаламгерлік із­де­ністерімнің стихиясы, өзің айтқандай, туын­дыларымның көркем кеңістігі. Әде­биеттің негізгі миссиясы адам таби­ғатын тану болса, оны өмір сүретін ор­та­сынан бөліп ала алмайсың ғой. Олар­дың рухани кеңістігінен даланың ты­нысы, табиғаттың тылсымы шы­найы­лығымен сезілуге тиіс. Кейіпкер әлемінің ішкі гармониясы да осыған саяды, өзін қор­шаған жаратылыспен үндестігінен  ке­ліп туындайды. Образ жасаудың ай­нымас кредосы осы дер едім. Ал мен үшін мұның қаншалықты сәтті де үй­лесімді орындалғаны, әрине, құрметті оқырманымның көңіл таразысында болар деген ойдамын...

– Кейіпкер демекші, жазу проце­сі әр шы­ғармада әртүрлі болады ғой. Әр ш­ы­ғар­маның өз тағдыры болады деп те жа­тамыз. Сұрайын дегенім, кейіп­кер­ле­ріңіз­дің шығарманың өн-бойына кірі­гуін, әрекет етуін әу бас­тағы жоспарыңызға сай басқа­рып, барлап отырасыз ба, әлде жазу барысында қалам еркіне бағынбай, әу бастағы ойға алғаныңыздан  ауыт­қып, өзінше әрекет ету сти­хия­сы­мен кететін сәттері ұшыраса ма?

–  Бұл сұрағың адамды ойланта­тын­дай-ақ екен, бауырым!. 
Кейіпкерлердің шығармада өмір сү­руі әрқилы болуы заңдылық. Бұл сөзсіз автордың қалауымен жүзеге асады. Олардың шығармада атқаратын рөлінің белгілі бір шеңбері болады, сол арқылы оқи­ға өрбиді, әртүрлі ситуациядағы тар­тыс, шиеленіс өз қисынымен сабақ­та­сып ауысып жатады. Осының бәрі шығармаға қойылатын көркемдік талабы екені бесенеден белгілі. Шынтуайтында, оқыр­ман бұған басын ауыртпайды, ол шы­ғар­ма әлеміне еніп, кейіпкерлермен бірге со­лардың бастан кешіріп жатқан ке­зеңін­де өмір сүріп ойланауға, толғануға, қуа­нуға, қиналауға, мұңаюға тиіс. Мен үл­кенді-кішілі жазылған заманауи да, та­рихи да туындыларымда осы ұста­ным­ды сақтауға тырыстым. Кейіпкердің өзі­нің табиғатына тән болатын сти­хия­сы­ның аясынан тыс әрекет етуі, яғни, өзің айтқандай, «қалам еркіне бағынбай кетуі» шығарманың көркемдік деңгейін арттырмаса, кемітпейтіні анық. Менде бұл жайт, әсіресе, әңгімелерімде көп ұшы­расты. Прозаның ең қиын да күрделі жан­ры үшін бұл әжептәуір жетістік дер едім...

– Әлем әдебиетінде сізге әсер ет­кен, шығармашылығыңызға тіке­лей немесе жанама ықпал жасаған жазушылар болды ма? Жас кезіңізде кім­дерді көбірек оқыдыңыз?

– Әлем әдебиеті тұлғаларының бір­шама шығармаларын оқыдым ғой. Ең ден­деп оқуды қолға алған кезім универ­си­тет қабырғасынан басталды. Ренес-санс­тық дәуірдегі, орта ғасырлық Еуропаның, орыстың классикасы, одан сәл бергі ке­зең­дегі жапон, Латын Америкасы әде­бие­тінің корифейлерінің туын­ды­лары­нан бастап, ХХ-ХХІ ғасырдағы мық­ты­лар­дың шығар-маларын шамам жеткен­ше назардан тыс қалдырмадым-ау. Сүйіп оқыған, тіпті, кейбір шығармаларын қай­талап оқыған Сервантес, Флобер, Гю­го, Бальзак, Ги де Мопассан, Чехов, Толстой, Бунин, Горький, Кобо Абэ, Мар­кес сияқты  жазушылардың шығар­ма­шы­­­лығыма тікелей де, жанама да ықпал етті дей алмаймын. Әйтсе де, олардың жа­саған дүниелері бір ақиқатты, нағыз өмір­шең адамзаттық әдебиеттің қандай бо­латынын санаға әбден сіңірді. Бұлар­дың бәрі де менің әдеби танымымның кемел­денуіне әсер еткені сөзсіз. 
Ал жасөспірім кезімнен ауыл кітап­ха­насының есігін тоздырып, қолға түс­кен кітаптардың жұлма-жұлмасын шы­ғарып оқыған оқырманның бірі болдым. Әуе­зов, Мұқанов, Мүсіреповтің шы­ғар­маларын көп оқыдым, «Абай жолы» ро­манының төрт кітабын ең алғаш жетінші сы­ныпта оқығаным есімде. Одан соң Айтматовтың  алғашқы шығармаларын оқи бастадық. Ара-арасында шетелдік жазушылардан Даниэль Дефо, Жюль Верн, Марк Твен кітаптарының қазақ­шасынан бас алмайтын болдық. Қазір ойлап отырсам, нағыз кітап оқитын ұлт­тың ұрпақтары, өткен жүзжыл­дық­тың ортасында балалық дәуренді бастан кешірген біздер екенбіз ғой. Кітаптан рухани тәлім алудың бағасы зор бола­ты­нын сезіне білу өте маңызды.  Осы орай­да таяуда ғана қолымызға тиген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабындағы «Кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады» деген сөзі ойға оралады. Президент зия­лы ұлттың бет-бейне, болмысына тән болар ақиқатты осылайша нақтылау ар­қылы кітап оқу мәселесінің еш уақыт­та өзінің өзектілігін жоймайтынын ай­қын­дап отыр.

– Әлемде «экология әдебиеті» де­ген ұғым бар. Сіздің «Құлан-елес», «Сыр­лы зерең», «Отүйрек-баққұсы» сияқ­ты шығармаларыңызда адам мен  табиғаттың үндесуі, жалғыз­дық, ішкі психологизм, тылсым се­зімдер қатар өріледі. Адам мен таби­ғат арасындағы процестерді жазуға қа­лай келдіңіз, осы шығармаларды жазуға не түрткі болды?   

– Әуелі адам өмір сүретін ортаға, та­биғат тіршілігіне қатысты қолданыла­тын экология ұғымы өте кең әрі терең мағынаға ие. Мен орыс әдебиетінде өз за­манында шығармашылығының біра­зында бірыңғай табиғат тақырыбын қоз­ғаған Константин Паустовский, Ми­хаил Пришвинді білемін, содан соң ал­матылық зоолог-жазушы Максим Зве­рев­тің этюдтерін оқығаным бар. При­ш-винді Паустовский: «Орыс таби­ғаты­ның жыршысы» («Певец русской при­роды») деп бағалаған. Ал табиғат әле­мі­нің әрқилы құбылысын зерделеп, сурет­теумен ғана жазылған осындай «эко­логия әдебиетіне» тән шығарма қазақ әде­биетінде болды ма, болмады ма, өз ба­сым білмейді екенмін?! Дала, орман, тау, өзен, көлдердің пейзаждық құбылыс тіршілігін кейіпкер өмірінің ситуа­ция­сымен астарластырып жазбайтын қазақ қа­ламгерлері кемде-кем екені белгілі. Менің «жоғарыдағы туындыларым,  өзің  байқағандай, адам мен табиғаттың үндесуі, кейіпкерлердің тіршіліктеріндегі жалғыздық құрсауы, ішкі психологизмі, тылсым сезімдері табиғат әлемінің құ­бы­лыстарымен қатар өрілетіні рас. Кейіпкер образын айшықтауға табиғат әле­мінің қаншалықты қызмет жасай­ты­нын аңғару қиын емес. Айталық, елсіз аралдағы жалғыз кәрі құлан мен Дияр­бек­тің («Құлан-елес») немесе суретші Мүр­сәлім мен оның үлкен қаланың бір қалтарысында бұйыққан үйінің ауласы­на ойда жоқта келіп қонып, сонда ме­кен­деген жабайы отүйрек-қаздың («Отүйрек-баққұсы»), стансалық шағын ауылдағы Дүрия кемпір мен тапа-тал түс­те аяқ астынан үйірілген құйыннан құ­тырынған қызыл баспақтың («Сырлы зе­рең») әрекет-тіршіліктерімен бай­ланысқан штрих-бейнелеулер осыған мысал бола алады. Бұл әңгімелерге арқау болған жағдайлар кәдуілгі күнделікті тіршілік ауанынан туындаса да, адам өмірінің мән-мағынасына, адами қадір-қасиет ұстанымының кейбір мезеттеріне ден қоя отырып, өмір шындығының қал­тарыстарын ашуға ұмтылғанымды айт­қым келді. Бір сөзбен айтқанда, шы­ғармаға түрткі болар ойды адамның тір­шілік болмысынан іздеймін, көркем шын­дықтың кілті де осында.

– «Дүние-керуен» мен «Бопай ха­ным» сияқты романдарыңыздың та­биғаты екі бөлек: бірі тарихи ке­зеңнің, ауыл өмірінің шындығына үңіл­се, екіншісі тарихи тұлғаны көр­кем тұрғыда пайымдауға құрыл­ған. Тарихи тақырыпқа келгенде жазушының көркем қиялы мен тари­хи деректің арақатынасын қа­лай сақтайсыз?

– Бас кейіпкер өмір сүрген ХVIII ға­сыр­дың 70-80-жылдар кезеңін қамтыған «Бопай ханым» тарихи роман, яғни бұл шы­ғарманың табиғатын жанры айқын­дап тұр. Осы кезеңнің бастапқы қырық жыл­дай уақытында Қазақ ордасының бас ханы болған Әбілқайыр мен оның бәй­­­бішесі Бопай ханымға қатысты сан қилы деректерді жеті жылдай жинап, зер­делеудің нәтижесінде жазылған бұл туынды – тарихи көркем роман, тарихи деректі роман емес. Қазақ хандығы ту­ра­лы орыс тілінде жазылған исто­ри­ког­ра­фикалық деректердің (Левшин, Еро­феева, т.б.) бұрмалаушылық элементтері аз кездеспейді, өйткені түркі-шағатайша таңбаланып жазылған хан, сұлтандар­дың дерек, мәліметтерінің дені орысша еркін аударма негізінде берілгені даусыз. Бір мысал, Әбілқайыр өзі басқарып отыр­ған хан ордасын орыс империясын бо­дандығына алуды сұрап жазған ха­ты­ның (грамотасының) мәтінінде оның мұн­дай мәселе қоймағанын көне жазу­лар мәтінін оқи алатын тарихшы, Семей университетінің профессоры Амантай Мусиннің анықтағаны жөнінде Abai kz сай­тында өте құнды материал жария­лан­ды. Орыс дипломатиясының өкілі Тевкелев (орыс азаматтығын қабылдаған башқұрт Тәуекел) хат мәтінінің орысша ау­дармасына «бодан ел болуға қарсы­лы­ғы­мыз жоқ» деген сыңайда сөз қосып жі­берген. Ал шын мәнінде хатта «сіздің бо­дандығыңыздағы башқұрт елімен ын­тымақтас болуға пейілміз» делінген. Осы факті романның жазылуына тікелей се­беп болды. Өкінішке орай, тарихшы­лары­мыздың ғылыми тұжырымдары мен айтулы жазушыларымыздың шығар­ма­ларында Әбілқайырды қазаққа бодан­дық қамытын кигізген деген шындыққа жуыс­пайтын дерек орын алды. Жоң­ғар­лармен соғыстан титықтаған қазақты теріскей батыстан төнген дұшпанның құр­сауына бермеу үшін өзара соғысуға ұрынбай, оларға мәмілегерлік жасайық деген сипатта жазылған хаттың бұр­маланып орысшалануы жер мен елді сақтау жолында күрескен ханның өмірнамасына шын мәнінде қиянат еді. Мен бұл романды Әбілқайырдың шы­найы образын Бопай ханым арқылы жасау мақсатын алға қойып жаздым. Өйт­кені оның ақылман, дана серігі бол­ған Бопай маған Әбілқайыр бейнесін ширатуға мүмкіндік берді. Сансыз құр­ғақ деректен гөрі тарихи қисынға құ­рыл­ған дүниеге мейлінше көркемдік си­пат дарыта отырып, қаламгерлік ұста­нымнан айнымадым. Жазушының көр­кем қиялы (вымысел) мен деректің ара­қатынасы қандай дегеніңе айтар уә­жім, міне, осындай. Көркемдік қия­лын­сыз тарихи кезеңмен етене қабысатын, оқыр­манды иландыратын образ шығару әсте мүмкін емес, таза деректемелік нұс­қа­н­ың шырмауында қалу шығарманың әдеби шырайын шығармайтыны анық. Қияндағы бір ауданның өткен ғасырдың сонау қырқыншы-алпысыншы жылдар­дың аралығындағы нақтылы өмірін қамтыған «Дүние-керуеннің» Бопай мен Әбілқайыр жөніндегі романнан бөлекше сипаты да осыған саяды.

– Шығармаларыңызда ирония мен сар­казм айқын байқалатын тұс­тар да же­терлік. Мәселен, «Оппози­цио­нер Пай­зырах­ман», «Арнасаздың кө­пірі» атты әңгімелеріңіз бен «Ала­бай-дода» секілді хи­каятыңыз ар­қылы жасанды белсен­ділік, дауы­рықпалық, билікқұмарлық тәрізді келеңсіздіктерді сынайсыз. Осы орай­да жазушының қоғам алдын­дағы жауапкершілігі қандай деген сауал тіл ұшына оралады. Әдебиет сая­сатқа, әлеу­меттік, қоғамдық мә­се­лелерге араласуға тиіс деп ойлай­сыз ба?

– Аталған шығармаларымда ирония мен сарказмның уытынан гөрі, юморға кө­бірек басымдық бар дер едім. Кейіп­кер­лердің бейнесін ашуда зілсіз қазақы әжуаның, әзілдің орнын айрықша санай­мын. Астарына адам мінезінің, қылы­ғы­ның езу тартқызар сипатымен бірге оның даралығын да танытатын бұл тәсіл­ді метафорлық деңгейге жеткізуді ұна­тамын. Пайзырахманнан басқа «Арна­саздың көпіріндегі» тракторшы Бейіл­жанның, езуі насыбайдан құрға­майтын Кесікбай әпенденің образдарын осындай өзгешелігімен дараландырға­н­мын. Мақтангөй дарақылықтың, билік­құмарлықтың көріністері өзегіне өрілген ситуациялар «Алабай-дода» хикаятын­дағы әрқайсы өзінше мықты кейіп­кер­лердің бүгінгі прообраздарын оқыр­ман мүлтіксіз табуға тиіс деген ойдамын. Осы реттен келгенде жазушының қоғам ал­дындағы күрделі де зор жауапкер­ші­лігін саясаттан, әлеуметтік, қоғамдық мә­се­лелерден бөліп тастай алмайсыз, әде­биеттің өміршең миссиясы да осыған саяды. 

– Жас жазушылардың шығарма­ларында сізді қуантатын қандай үр­дістер бар? Жастар ізденіс кезінде не­ге көбірек көңіл аударғаны дұрыс деп есептейсіз?

– Бұған толымды жауап бере алмас едім, себебі мемлекеттік тапсырыстың дең­гейінде шағын таралыммен шығып жатқан кітаптар қолға түсе бермейтіні кім-кімге де аян. Кітапхана сөресіне ғана анық жететін кітаптарды үзбей оқуға мүмкіндік аз. Қолымызға тиген бірер кі­таптың төңірегінде, айталық, жасы қы­рықтың бел ортасына келген Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» хикаяты мен «Дардай» романымен ғана шектеліп, жас қаламгерлердің әдебиетке қандай жаңа үрдістер әкелгенін қалай айта аламын? Жас әдебиетшілердің шығармашылық әлеуетін толық зерделеп жүргем жоқ. Сондықтан, айыпқа бұйыр­массың. 
Ал жас қаламгер өмірлік ақиқатты саралай білуі және тілді жасандылықсыз, шебер қолдана білуі қажет. Ізденістің сан тарау жолы бар. Бірақ ұлт сөзін еркін мең­гермесе, жөнді шығарма тууы қиын.

– Әдебиетшілер дәл қазіргі уақыт тынысын бейнелей ала ма? Қандай тақырыпты тереңірек қаузағанды жөн санайсыз?

– Өз заманын, дәл қазіргі уақыт ты­нысын қалт жібермей жазу – журна­листиканың міндеті. Әдебиетке бұл ұстаным сай келмейді. Көңілге түйген өміршең тақырыптың қай-қайсысын терең де толымды, қаузап жазу, оқыр­манға көркемдеп жеткізу жазушыдан жан-жақты ізденістер мен әдеби зер­делеп алу үдерісін талап етері сөзсіз. Қоғам өмірінде туындап жатқан жаңа бетбұрыстардың толассыз легінің бел ортасында жүрген кейіпкерге жан бітіру үшін қаламгер суреткерге уақытпен тағ­дырлас болу кезеңі жүктеледі, уақыт ты­­­нысы оның шығармашылығында сон­­да ғана аңғарылса керек-ті. Әйтсе де, әдебиеттің ізгілікті мұратын өткеннен бүгінге, бүгінен келешекке қарай тақы­рып­тық та көркемдік деңгейде жүйелеп бағыттау мәселелері біздің шығармашы­лық одақтың күн тәртібіне қазіргі күн­дері жиі қойылып келе жатқанын айтуға тиіспін!..

– Қазір қай тақырыпта қандай шығарма жазып жүрсіз?

– Сұхбаттың дәстүрлі сұрағы ғой. Өт­кен жылдар мен бүгінді саралап, шы­ғармашылық өмірімнің кейбір мезет­терін қағаз бетіне түсірсем деген ойлар­дың жетегінде жүрмін. Жаңа шығарма жазуға әдетте ойлар жетелейді ғой...

– Жанры қандай болады? 

– Әлі алғашқы сөйлемі де жазылма­­ған, күш-қуат жетсе жазылуға тиіс дү­ниенің жанрын алдын-ала нақтылау қиын...

– Әңгімеңізге рахмет!
                                                                         

Сұхбаттасқан – Т. ТАҢЖАРЫҚ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары