Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №27 және №28 мекемелерінде тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеттерінің жолы кесілді. Оқиғалар "Қадағалау" республикалық режимдік-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
18 қазанда сағат 02:40 шамасында №27 мекеменің негізгі қоршауы арқылы тыйым салынған заттарды лақтыру әрекеті анықталды. Оқиға орнына мекеме қызметкерлері мен әскери бөлімнің кезекші ауысымы жедел жетті.
Тексеру барысында скотчпен оралған, шар тәрізді және төртбұрышты пішіндегі екі түйіншек табылды. Жедел және режимдік бөлімдер қызметкерлерінің, кезекші ауысым мен әскери нарядтың бірлескен іс-қимылы нәтижесінде оқиғаға қатысы бар деген күдікпен азамат ұсталды.
Түйіншектердің ішінен SIM-картасы жоқ Redmi Go телефоны және салмағы шамамен 100 грамм болатын, сыртқы түрі насыбайға ұқсас жасыл түсті зат анықталды. Аталған дерек бойынша материал Шаған полиция бөлімінің АЕК есебіне тіркелді. Тәркіленген заттар сараптамаға жолданады.
Ал 16 қазанда №28 мекемеде мекеме қызметкерлері 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, қоршау арқылы тыйым салынған заттарды лақтыру әрекетінің жолын кесті. Қызметкерлердің жедел әрекетінің арқасында заттарды лақтырған адам ұсталды.
Жабысқақ таспамен оралған сәлемдемені тексеру кезінде үш телефон, төрт құлаққап (бір сымсыз және үш сымды) және ұялы байланыс операторларының тоғыз SIM-картасы табылып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша материал белгіленген тәртіппен тіркелді. Ұсталған адамға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, сотқа жолданады.
ҚАЖ департаменті мекемелерге тыйым салынған заттардың жеткізілу арналарының жолын кесу, жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайту бағытындағы профилактикалық және режимдік іс-шараларды жалғастыруда.