Нұрай Серікбай ісі: Шерхан Аймаханның қорғаушылары үкімге шағымданды

/
Нұрай Серікбай ісі: Шерхан Аймаханның қорғаушылары үкімге шағымданды
Әлеуметтік желіден

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған Шерхан Аймаханның қорғаушылары сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді.

Бұл туралы марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай мен жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді.

Олардың айтуынша, апелляциялық шағымның берілгені туралы хабарлама 28 тамызда «Сот кабинеті» арқылы келген.

Сұлтан Серікбайдың сөзінше, апелляциялық инстанция бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуге немесе толықтай жоюға құқылы. Сондай-ақ сот айыптаудың жекелеген баптарын алып тастап, жаңа баптар қосуы немесе тағайындалған жазаны жеңілдетуі мүмкін.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров апелляциялық сот істі қарау барысында қосымша сараптама тағайындай алатынын айтты.

«Қылмыстық-процестік кодекстің 430-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, апелляциялық сот алқасы қылмыстық іс бойынша сот-психиатриялық немесе өзге де сараптама тағайындай алады. Мұндай шешімнің қабылданатыны істі апелляциялық инстанцияда қарау барысында белгілі болады», — деді адвокат.

Қазір жәбірленуші тарап апелляциялық шағымды зерделеп, оған қатысты өз уәждерін дайындап жатыр.

Сонымен қатар Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында куәлік берген Қаратау аудандық полиция басқармасының бұрынғы тергеушісі Әбілғазы Артықбайға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Бұл іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер әзірге жарияланбайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары