Астанада inDrive сервисінің жүргізушісі жолаушы әйелге интимдік сипаттағы ұсыныстар айтқаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, оқиға 11 қазан күні таңғы сағат 07:00 шамасында болған.
Іс материалдарында К. есімді жүргізушінің жолаушы Б.-ға әдепсіз әрекеттер жасап, интимдік сипаттағы ұсыныстар айтқаны көрсетілген.
Сот оның бұл әрекеттерін қоғамдық тәртіп пен азаматтың тыныштығын бұзу ретінде бағалаған.
Жүргізушінің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, полиция инспекторының рапортымен, жәбірленушінің түсініктемесімен және жүргізушінің өз кінәсін мойындаған жауабымен расталған.
Істі қарау кезінде сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде жүргізушінің кінәсін мойындағанын және мұндай құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын ескерген.
Ал жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот қаулысымен жүргізушіге 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.