Алғашқы Құрылтай сайлауы: 5 партия 145 мандатты бөлісті

/
Алғашқы Құрылтай сайлауы: 5 партия 145 мандатты бөлісті

Осы аптада ел тарихындағы маңызды оқиғалардың біріне куә болдық. Жаңа бір палаталы заң шығарушы орган Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтті. 23 тамызда өткен саяси науқанның қорытындысы бойынша жеті партияның бесеуі заңда белгіленген бес пайыздық межеден асып, Құрылтайға өтті. 145 депутаттық мандаттың басым бөлігі «Әділет» партиясына берілді.

Сайлаушылардың 74 пайызы дауыс берді

Орталық сайлау комиссия­сы­ның мәлі­меті бойынша сайлау­шы­лар тізіміне 12 623 289 адам ен­гі­зілген. Дауыс беруге 9 351 539 азамат қатысып, сайлаушылардың келу көр­­сеткіші 74,08 пайыз бол­ды. Бұл – 15 нау­­рызда өткен рес­пуб­ликалық рефе­рен­дум­мен са­лыс­тырғанда 224 357 адамға көп. Сон­дай-ақ 85 576 азамат үйден дауыс бер­ген. Сайлау біртұтас жал­пыұлттық округ бойынша про­порционалды жүйемен өт­кі­зіл­ді. Яғни, азаматтар жеке кан­ди­даттарға емес, саяси партия­лар­дың тізіміне дауыс бер­ді. Құрыл­тай құрамындағы барлық 145 орын партиялардың сайлауда жи­наған дауы­сына қарай бөлінді.

«Әділет» 110 мандат алды

Дауыс санау қорытындысы бойынша «Әді­лет» партиясы 6 528 948 сайлаушының қол­дауына ие болды. Бұл – есепке алынған дауыстың 71,17 пайызы. Нәтижесінде, пар­тия Құрылтайдағы 145 орынның 110-ын иеленді.
Екінші нәтижені «Ауыл» партиясы көр­сетті. Оған 574 621 сайлаушы немесе дауыс бер­гендердің 6,26 пайызы қолдау білдірді. Партияға 10 депутаттық мандат берілді.
Respublica партиясы 509 631 дауыс жи­нап, 5,56 пайыздық көрсеткішпен Құрыл­тайдағы тоғыз орынға ие болды.
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық пар­тиясын 478 083 сайлаушы қолдады. Пар­тия 5,21 пайыз дауыс жинап, сегіз ман­дат алды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық пар­тияға 469 058 адам дауыс берген. Оның қо­рытынды көрсеткіші 5,11 пайызды құ­рап, партияға сегіз депутаттық орын беріл­ді.
Осылайша, Құрылтайдағы мандаттар мы­надай тәртіппен бөлінді:
«Әділет» партиясы – 110 мандат;
«Ауыл» партиясы – 10 мандат;
Respublica партиясы – 9 мандат;
«Ақ жол» партиясы – 8 мандат;
Жалпыұлттық социал-демократиялық пар­тия – 8 мандат.
Қазақстан Халық партиясы мен «Байтақ» жасылдар партиясы бес пайыздық межеге жете алмады. Қазақстан Халық пар­тиясына 285 395 адам немесе сайлаушы­лар­дың 3,11 пайызы дауыс берген. «Байтақ» пар­тиясын 97 751 адам қолдап, оның көр­сеткіші – 1,07 пайыз.
Бюллетеньдегі «Бәріне қарсымын» нұ­с­қасын 230 446 сайлаушы таңдаған. Бұл – дауыс бергендердің 2,51 пайызы.
Осылайша, «Әділет» партиясы барлық депутаттық орынның шамамен 76 пайызын иеленіп, жаңа заң шығарушы органда ай­қын басымдыққа ие болды. Қалған төрт пар­тияға 35 мандат тиесілі. Соған қарамас­тан Құрылтайда бес партияның өкілдік алуы әртүрлі саяси және әлеуметтік ұста­ным­дардың парламент мінберінде кө­те­рілуі­не мүмкіндік береді. «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және ЖСДП фракциялары заң жо­баларын талқылау кезінде балама ұсы­ныс­тар айтып, парламенттік пікірталасқа қа­тысады.
Орталық сайлау комиссиясы мандат­тар­ды партиялық тізімдегі кандидаттар ара­сында бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған 30 пайыздық жиынтық квотаның сақ­та­луын бақылауға алатынын мәлімдеді.

Алғашқы отырыс 28 тамызда өтеді

Құрылтай сайлауы 15 наурыздағы рес­пуб­ликалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес өткізілді. 1 шіл­деде күшіне енген Ата Заң бойынша бұ­рынғы қос палаталы Парламенттің ор­нына бір палаталы Құрылтай құрылды.
Жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын жо­ғары өкілді орган саналады. Оның құра­мына бес жыл мерзімге сайланатын 145 де­путат кіреді.
Жаңа модельде заң шығару жұмысы бір палатаның аясында жүргізіледі. Сондықтан Құрылтайдың алғашқы құрамы жаңа саяси жүйенің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көрсететін негізгі институт болмақ.
Сайлау барысын 51 мыңнан астам қа­зақ­стандық және 777 халықаралық бай­қау­шы қадағалады. Ел аумағында 247 аумақтық жә­не 10 423 учаскелік сайлау комиссиясы жұ­мыс істеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтай­дың алғашқы сессиясын 28 тамызда ша­қыру туралы Жарлыққа қол қойды. Құрыл­тай­дың өкілеттігі бірінші сессия ашылған сәт­тен басталады. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары