Осы аптада өткен Тамыз конференциясының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы білім беру жүйесін дамытудағы басты бағыттарды айқындап берді. Президент кадр тапшылығын азайту, өңірлер арасындағы білім сапасының алшақтығын жою, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу, балаларды цифрлық қауіптен қорғау, тәрбие беру жөнінде нақты тапсырма берді. Сонымен қатар мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту мәселесі де айтылды.
Білім – мемлекеттің стратегиялық бағыты
Биылғы Тамыз конференциясы елдегі саяси және қоғамдық институттар жаңарып жатқан кезеңде өтті. Президент жаңа Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде алғаш рет нақты айқындалғанын айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, технология қоғамды өзгерткенімен, адамның дүниетанымын қалыптастыратын негізгі тұлға – мұғалім. Сондықтан ұстаздың кәсіби біліктілігі мен қоғамдық беделі елдің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.
Соңғы жеті жылда білім саласына бөлінетін қаржы үш есе өсіп, 6,4 триллион теңгеге жеткен. Кейінгі бес жыл ішінде бір миллионнан астам оқушыға арналған
1 120 мектеп салынды. Бұған қоса, 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, білім ошақтарында 7 мыңнан астам заманауи пән кабинеті жабдықталды.
«Келешек мектептері» жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп бой көтерді. Президент бұл жобаның нәтижесінде заманауи мектептердің жаңа стандарты қалыптасқанын айтты. Дегенмен оқушы орнына сұраныс жоғары аймақтарда құрылыс жалғасуға тиіс. Мемлекет басшысы келесі жылы мектеп салу қарқынын күшейтуді тапсырды.
Мұғалім мәртебесі мен кадр тапшылығы
Президент ұстаздардың әлеуметтік және құқықтық жағдайына да тоқталды. «Педагог мәртебесі туралы» заңға енгізілген өзгерістер мұғалімдерге қосымша кепілдіктер берді. 5 қазан ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде бекітіліп, мемлекеттік марапаттар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Қазір бұл атаққа 100-ге жуық педагог ие болған. Соңғы үш жылда үш мұғалімге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
TALIS-2024 халықаралық зерттеуіне сәйкес, Қазақстан мұғалім беделін нығайту көрсеткіші бойынша екінші орында тұр. Педагогтердің 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын, ал 80 пайызы қайта таңдау мүмкіндігі берілсе, осы мамандықты тағы да таңдайтынын айтқан.
– TALIS-2024 (The OECD Teaching and Learning International Survey) зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді. Атап айтқанда, ұстаздардың 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтқан. Ал 80 пайызы осы мамандықты қайта таңдауға дайын екенін жеткізген, – деді Президент.
Соған қарамастан, білім беру жүйесінде маман тапшы. Қазір мектептерге 5 мыңнан астам мұғалім қажет. Бұған халық санының өсуі мен жаңа мектептердің көптеп ашылуы әсер еткен.
Педагогикалық мамандықтарға қызығушылық та біртіндеп артып келеді. Биыл мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық бағыттар бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың екі мыңнан астамы – «Алтын белгі» иегері. Президент бұл көрсеткішті оң үрдіс деп бағалағанымен, кадр мәселесін толық шешу үшін жаңа тәсілдер қажет екенін айтты.
– Ұстазды қадірлей білу – өркениетті қоғамға тән қасиет. Біз ұлт сапасын арттырамыз десек, бірінші кезекте мұғалімдерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным, – деді Президент.
Реформа мұғалімді күйзеліске түсірмеуі керек
Мемлекет басшысы білім саласында жиі әрі жеткілікті сараптамасыз жүргізілетін өзгерістерге сын айтты. Оның пікірінше, реформа атаулы бүкіл оқу жүйесін қысқа мерзімде түбегейлі өзгертуге ұласпауы керек.
Әрбір бастама алдын ала жан-жақты зерттеліп, тиімділігі дәлелденгеннен кейін ғана жүзеге асырылуға тиіс. Президент реформаның сынақ немесе эксперимент емес, жауапты шешім екенін еске салды.
Бұл талап педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін қайта қарау кезінде де ескерілуі қажет. Болашақ мамандарды мектеп пен балабақшадағы нақты жұмысқа бейімдейтін бірыңғай жүйе қалыптастыру ұсынылды. Оған әдістемелік орталықтар, мектепке дейінгі, орта және қосымша білім беру мекемелері қатысуы керек.
Президент «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының қазіргі жұмысына көңілі толмайтынын да жасырмады. Мұғалімдер тарапынан аттестация талаптарының күрделілігі, артық жүктеме мен қағазбастылық жөнінде көптеген өтініш түсіп жатқанын айтты.
– Сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Алайда осы саладағы кезекті ауқымды реформаны жасаймыз деп, бүкіл оқу жүйесін қысқа мерзімде түбегейлі өзгертуге болмайды. Әйтпесе, бұрыннан қалған теріс нәтижелер осы аса маңызды саланың тас-талқанын шығарғаны есімізде бар. Осындай сынақтар оқу саласына үлкен зиян әкелді. Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет. Басқа сөзбен айтқанда, реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру тапсырылды. Бұл бағалаудан толық бас тартуды білдірмейді. Негізгі мақсат – мұғалімнің білімін әділ бағалайтын түсінікті әрі ашық жүйе құру.
Өңірлер арасындағы айырмашылық – тағы бір түйткіл
Президент көтерген екінші негізгі мәселе – аймақтар арасындағы білім сапасының айырмашылығы.
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарының, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Ал Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы нәтижелер төмен болған.
Түркістан облысындағы жағдайға ерекше назар аударылды. PISA зерттеуі де аймақтағы білім сапасына қатысты мәселелер бар екенін көрсеткен. Облыс оқушыларының 75 пайызға жуығы ауылда тұрады. Сондықтан шалғай елді мекендерде қажетті инфрақұрылым салып, білікті мамандарды тарту Үкімет пен әкімдіктердің жедел міндетіне айналуға тиіс.
Президент Әкімшілігі мен Үкіметке төмен нәтиже көрсеткен облыстардағы ахуалды арнайы талдап, оларға нақты көмек көрсету тапсырылды. Бұл ретте үздік мектептер мен білім саласындағы даму институттарының тәжірибесін пайдалану ұсынылды.
Ал «Келешек мектептері» алдағы үш жыл ішінде білім берудің озық үлгілері сыналатын орталыққа айналуы керек. Жаңа әдістемелер кейін басқа мектептерге таратылуға тиіс.
Оқулықтардан 700-ден астам өрескел қате табылған
Президент орта білім мазмұнын жаңарту мәселесін де көтерді. Үкімет жүргізген тексеру барысында мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате анықталған.
Мемлекет басшысы тарихи шындыққа сай келмейтін оқиғалар мен тексерілмеген деректерге негізделген материалдарды қайта қарауды тапсырды. Оның айтуынша, балаларды ойдан шығарылған «қаһармандар» мен жалған ерліктер арқылы отаншылдыққа тәрбиелеу дұрыс нәтиже бермейді.
Оқулықтар өскелең ұрпақты өткеннің қайғысына байланып қалуға емес, ілгерілеуге, еңбекке және болашаққа сеніммен қарауға бағыттауы қажет. Білім мазмұны заман талабына және жаңа Конституцияның қағидаттарына сай жаңартылуға тиіс.
Президент білім саласына қатысты әлеуметтік желілердегі дауларға да тоқталды. Ол өркениетті пікірталастың орнына жеке тартыс пен даңғазаға жол берілмеуі керек екенін айтып: «Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақты, дұрыс істің дәуірі», – деді.
ЖИ ермек емес табыс көзі болуға тиіс
Президент биылғы мамырда білім беру жүйесіне ЖИ-ді енгізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойғанын, алайда жаңа оқу жылы қарсаңында тапсырманың тиісті деңгейде орындалмағанын айтты. Енді балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні қауіпсіз, жүйелі және тиімді пайдалану тәртібін белгілейтін нақты шара қабылдануға тиіс.
Жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық ерекшеліктерін реттейтін ортақ стандарт бар. Үкіметке осындай стандартты орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне де енгізу тапсырылды.
Президенттің пайымынша, цифрлық технологияларды меңгеру тек жаңа бағдарламаларды қолданумен шектелмеуі керек. Әсіресе ауыл жастары смартфон мен цифрлық құралдарды тұрақты табыс табуға пайдалана білуі қажет.
– Жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға
тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қыркүйекте елімізде Жасанды интеллект университеті ашылады. Сонымен қатар Үкіметке Қытайдың жаңа технологияларды игерудегі тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан – Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Саланы басқарудың платформалық үлгісіне көшу де осы міндетпен байланысты. Мемлекеттік сервистер мен ақпараттық жүйелерді біріктіру арқылы мұғалімдерді есеп беру, қағаз толтыру және қайталанатын тексерістерден босату көзделіп отыр.
Президент педагогтерді мектеп жөндеу жұмыстарына немесе оқу үдерісіне қатысы жоқ қоғамдық іс-шараларға тартуға болмайтынын тағы да ескертті.
16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге тіркелуге шектеу қойылуы мүмкін
Балаларды қорғау мәселесі білім саясатындағы төртінші басымдық ретінде аталды. 2024 жылдан бері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылған. 2024 жылы бұл мақсатқа 695,5 миллион, 2025 жылы 888,8 миллион, ал 2026 жылы 901,7 миллион доллар бөлінді.
Сонымен қатар биылдан бастап «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Барлық өңірде Балалардың құқығын қорғау басқармалары мен Психологиялық қолдау орталықтары құрылды.
Алайда цифрлық ортаның бала психологиясына ықпалы жаңа сын-қатер туғызып отыр. Әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект және агрессивті жарнама баланың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді.
Үкімет 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлеген. Құжат биыл маусымда Парламентке енгізілді. Президент бұл мәселені Құрылтайдың бірінші сессиясында қарастыруды ұсынатынын жеткізді.
Үкіметке балалар тұтынатын контентті сүзгіден өткізу жолдарын қарастыру және балаларға арналған міндетті SIM-карталарды жаппай енгізу тапсырылды. Мұндай тәсіл кәмелетке толмағандарды зиянды ақпараттан қорғауға мүмкіндік бермек.
Фастфуд жарнамасына қатысты мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Қазір дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Президент құрамында май, қант пен тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасын шектеу тәжірибесін жан-жақты зерттеуді тапсырды.
Мектеп тәрбие де беруі керек
Бесінші бағыт бала тәрбиесіне арналды. Қазақстанда 7 миллионға жуық бала бар. Жастарды қосқанда, олардың үлесі ел халқының жартысына жуықтайды.
Президент мектептер сапалы білім беретін мекеме ғана емес, тағылымды тәрбиенің ортасы болуға тиіс екенін айтты. Балалардың бойына отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, жауапкершілік және заңға құрмет құндылықтарын сіңіру қажет.
Осы жылдан бастап мектептерде «Құқық негіздері» пәні оқытыла бастады. Алдағы уақытта оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізіледі. Экологиялық ағарту саласының бірыңғай стандарттарын әзірлеу жұмысы жыл соңына дейін аяқталуға тиіс.
Сонымен бірге «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының аясын кеңейту ұсынылды. Қазір бұл бағдарлама негізінен орта білім беру ұйымдарында жүзеге асырылып келеді.
Кітап оқу мәдениетін дамыту мен балалардың ғылымға қызығушылығын арттыруға да ерекше көңіл бөлінбек. Президент Астана, Алматы және бірқатар облыс орталығында балаларға арналған жаратылыстану музейлерін ашуды ұсынды.
Алдағы екі жыл ішінде Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында Президенттік кітапханалар жұмысын бастайды. Кейін мұндай кітапханаларды Шымкентте және басқа облыс орталықтарында салу жоспарланған.
Білім жүйесіндегі өзгерістің өзегі – мұғалім
Президенттің Тамыз конференциясындағы сөзі білім саласын жаңғырту тек жаңа мектеп салу немесе цифрлық жүйе енгізумен шектелмейтінін көрсетті. Негізгі міндет – мұғалімге жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасап, білім сапасының баланың тұрғылықты жеріне тәуелділігін азайту және технологияны нақты пайда әкелетін құралға айналдыру.
Сонымен қатар балаларды цифрлық қауіптен қорғау, оқулықтардың мазмұнын қайта қарау, құқықтық және экологиялық тәрбиені күшейту білім саясатының ажырамас бөлігіне айналмақ.
«Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз», – деді Мемлекет басшысы.
Жиын аяғында Президент бір топ ұстазды жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын хабарлады. Білікті мұғалім, сапалы білім және ғылымға ұмтылған ұрпақ елдің кез келген белесті бағындыруына мүмкіндік береді.