"Адамға ғана арналған": Билл Гейтс кей мамандықтарды ЖИ-ден қорғауды ұсынды

/
"Адамға ғана арналған": Билл Гейтс кей мамандықтарды ЖИ-ден қорғауды ұсынды
сурет: ТАСС

Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс кейбір мамандықтар мен қызмет түрлерін «адамдарға ғана арналған» деп белгілеуді ұсынды. Оның пікірінше, жасанды интеллект бұл жұмыстарды орындай алатын деңгейге жетсе де, қоғам оларды адамдардың қолында әдейі сақтап қалуы керек, деп хабарлайды turkystan.kz Financial Times басылымына сілтеме жасап.

Гейтс алты мың сөзге жуық эссесінде әлем жасанды интеллект әкелетін өзгерістерге дайын емес екенін жазды. Ол алдағы кезеңді адамзат тарихындағы ең аласапыран уақыттың бірі деп бағалап, көптеген мамандықтың біржола жойылуы мүмкін екенін ескертті. Миллиардер бұл бастаманы табиғи қорықтармен салыстырады. Қорық аумағында құрылыс жүргізуге болатынына қарамастан, қоғам табиғатты сақтау үшін оған шектеу қояды. Сол сияқты, белгілі бір жұмысты машина орындай алса да, оны адамға қалдырудың әлеуметтік және моральдық маңызы болуы мүмкін.

Гейтс бала күтімі мен алқабилердің қызметін адам атқаруға тиіс жұмыстардың мысалы ретінде атады. Денсаулық сақтау мен білім беру саласында ЖИ-ге толық тыйым салу қажет емес. Дегенмен науқасқа ауыр диагнозды хабарлау, бала тәрбиесі немесе адам тағдырына қатысты шешім қабылдау секілді міндеттерде адамның қатысуы сақталуға тиіс.

Ол мұндай қорғаудың екі түрін ұсынады. Біріншісінде кейбір қызметтер тұрақты түрде адамдарға бекітіледі. Екіншісінде жаңа мамандық игеруі қиын қызметкерлерге уақытша қорғаныс беріледі. Мәселен, еңбек жолының соңғы кезеңіндегі өндіріс жұмысшыларын ЖИ-мен бірден алмастырмай, автоматтандыруды бірнеше жылға созуға болады.

Гейтс Axios басылымына берген сұхбатында бастапқы кезеңде жұмыс орындарының 40 пайызға дейінгі бөлігін осындай қорғауға алуға болатынын айтты. Бірақ қандай мамандықтарды сақтау керек, оны кім шешеді және басқа елдер автоматтандыруды шектемесе не болады деген сұрақтар әзірге ашық қалып отыр.

Ол салық жүйесін де өзгертуді ұсынды. Қазір компания адамды жұмысқа алса, оның еңбекақысынан салық төлейді. Ал робот немесе ЖИ жүйесін сатып алу көбіне кәсіпкерлік шығын ретінде есептен шығарылады. Гейтстің пікірінше, бұл жұмыс берушілерді адамды техникамен алмастыруға ынталандырады. Сондықтан роботтар мен ЖИ өңдейтін токендерге арнайы салық енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет.

Гейтс еңбек нарығынан бөлек, ЖИ-дің киберқауіпсіздікке, білімге және балалардың дамуына әсеріне алаңдайды. Үнемі қолданушының пікіріне қосыла беретін чат-боттар тәуелділік туғызып, адамның әлеуметтік және сыни ойлау дағдыларын әлсіретуі мүмкін.

Оның бағалауынша, ЖИ-ге бейімделу үшін үкіметтерге 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғаларынан кейін ұлттық қауіпсіздік саласында жүргізілген өзгерістерден де ауқымды шаралар қажет болады.

«Жасанды интеллект адамзат тарихындағы ең үлкен теңестіруші құралға да, ең ауыр әділетсіздіктің бастауына да айналуы мүмкін. Өкінішке қарай, қазір біз оған дұрыс дайындалып жатқан жоқпыз», – деп жазды Гейтс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар