Қазақстаннан жынды көбелектің жаңа түрі табылды

/
Қазақстаннан жынды көбелектің жаңа түрі табылды
сурет: еntomological studies

Қазақстанның шығысындағы Арқалы тауларынан ғылымға бұрын белгісіз болған жынды көбелектің жаңа түрі анықталды. Ғалымдар оған белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың есімін берді. Бұл туралы Қазақстанның Зоология институты мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жаңа түрдің ғылыми атауы – Scythobrya Kozybayevi. Ол түнде тіршілік ететін көбелектердің Noctuidae тұқымдасына жатады. Алдыңғы қанаттары қара сұр түсті, бетінде сарғыш реңкті жіңішке өрнектері бар.

Бір қызығы, бұл көбелек алғаш рет 2013 жылғы маусымда Арқалы тауларындағы Бақалы шатқалынан табылған. Алайда сол кезде зерттеушілер оны ғылымға бұрыннан белгілі көбелек түрлерінің біріне жатқызған.

Кейін жәндіктің дене құрылысын мұқият зерттеп, туыстас түрлермен салыстырған кезде оның мүлде бөлек түр екені анықталған. Осылайша алғашқы олжа мен ғылыми жаңалықтың ресми жариялануы арасында 13 жыл өткен.

Жаңалықты қазақстандық энтомолог Сергей Титов пен британдық зерттеуші Антон Волынкин ашқан. Титов Қазақстанның Зоология институты мен Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар университетінде жұмыс істейді. Ал Волынкин – Ұлыбританиядағы African Natural History Research Trust ғылыми ұйымының өкілі.

Ғалымдардың зерттеуі 2026 жылғы 12 қарашада Entomological Studies халықаралық ғылыми журналында жарияланған.

Жаңа түрге Манаш Қозыбаевтың есімінің берілуі де кездейсоқ емес. Биыл Қазақстан тарихын зерттеуге елеулі үлес қосқан академиктің туғанына 95 жыл толды. Оның есімі Петропавлдағы Солтүстік Қазақстан университетіне де берілген.

Зоология институтының мәліметінше, әзірге Scythobrya kozybayevi көбелегі тек Шығыс Қазақстандағы Арқалы тауларынан белгілі. Оның басқа аймақтарда кездесетіні, қандай өсімдіктермен қоректенетіні және тіршілік ету ерекшеліктері әлі толық зерттелмеген.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл жаңалық Қазақстан табиғатының әлі де толық зерттелмегенін көрсетеді. Сондықтан ғалымдар алдағы уақытта жаңа экспедициялар ұйымдастырып, көбелектің таралу аймағын анықтауды жоспарлап отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары