Instagram кейінгі 10 жылда алғаш рет визуалды стилінің маңызды элементтерінің бірін жаңартты. Әлеуметтік желі қолданбада көрсетілетін Instagram атауының фирмалық жазуын өзгертті. Ал көпшілікке таныс түрлі түсті камера белгішесі бұрынғы қалпында қалды, деп хабарлайды turkystan.kz theverge.com-ға сілтеме жасап
Instagram басшысы Адам Моссеридің айтуынша, бұрынғы жазу он жыл бойы өзгермегендіктен, оны жаңартатын уақыт келген.
Жаңа нұсқада бұрынғы қолжазба стилі сақталғанымен, әріптердің пішіні қарапайым әрі заманауи етіп жасалған. Моссери жаңа дизайнды «таза әрі заманауи» деп сипаттап, сонымен қатар бұрынғы Instagram стилімен сабақтастық сақталғанын айтты.
Алайда жаңарту желі қолданушылары арасында бірден пікірталас туғызды. Кейбір пайдаланушылар жаңа қаріптің оқылуы қиындағанын айтып, Instagram атауындағы әріптер басқа сөзге ұқсап кеткенін әзілге айналдырған. Моссеридің өзі де жаңа дизайн түрлі пікір тудыруы мүмкін екенін болжап, Threads желісінде қолданушылардың реакциясын бақылап отырғанын жазды.
Instagram соңғы рет фирмалық жазуын шамамен 2016 жылы түбегейлі өзгерткен еді. Содан бері компанияның визуалды стилінде түрлі жаңарту болғанымен, атаудың негізгі жазылуы өзгеріссіз қалып келген.